Жамбыл облысында 16 мыңнан астам азамат өздері тіркелген «созылмалы пәтерлерде» ешқашан тұрмаған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық полиция департаменті таратқан дерекке жүгінсек, өңірде көші-қон саласындағы жұмыс тыңғылықты зерделеніп жатыр. Құзырлы орган қызметкерлері бір тұрғын үйге ондаған, тіпті жүздеген адам ресми түрде тіркелген мекен жайларды тексерген.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының 653 азаматы және ТМД елдерінің 26 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полицейлер жалған тіркеу белгілері бар 839 мекен жайды анықтады. Аталған пәтерлер мен тұрғын үйлерде жалпы саны 16 306 адам тіркеуде тұрған. Олардың бір бөлігі бұл мекен жайларда ешқашан тұрмаған.
Азаматтарды нақты тұрғылықты жерінсіз тіркегені үшін 82 адам жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, он күннен бір айға дейін тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрған 414 дерек анықталды. Бұдан бөлек, 143 адам жеке басын куәландыратын құжатсыз, жарамсыз құжатпен немесе уақытша тұру орны бойынша бір айдан астам тіркеусіз өмір сүрген.
Тұрғын үй иелерінің де жауапкершілігі назардан тыс қалған жоқ. Үйінде іс жүзінде тұрмайтын адамдарды тіркеуге жол бергені үшін 47 адам жауапкершілікке тартылды. Тағы 35 жағдайда пәтер иелері бұрыннан тұрмайтын адамдарды тіркеуден шығару бойынша шара қабылдамаған.