Айта кетерлігі Канадада өткен бокс кешінде басты айқас Батыр Жүкембаев пен мексикалық Косме Ривера арасында өтті.
«Осыған дейін Артур Бетербиевке де титулды айқас ұйымдастырғанбыз. Менеджер ретінде қарамағымдағы спортшым бокс кешіндегі басты кездесуді бұған дейін де өткізген едік. Бірақ, Батырдың жеңісі мен үшін Артурдікінен әлдеқайда маңызды болды.
Батыр – ерекше адам. Оны боксшы ретінде қатты сыйлаймын. Абылайхан екеуіне өзімнің балам секілді қараймын. Олардың кезекті жеңісіне қатты қуанамын. Қарамағыңдағы спортшың жеңіске жеткендегі сезім мүлдем бөлек. Бұл олардың тынбай жаттыққанының арқасы. Батыр чемпиондық белбеуімен жақында Қазақстанға барады», – деді менеджер.
Анна Рева Батыр Жүкембаевтың алдағы жоспары туралы да ой бөлісті. Айтуынша, боксшы жақын күндері Қазақстанға қайтып оралады.
«Енді ол демалып, ойын басқа нәрсеге бөлгені жөн. Алдағы кездесулеріне тың күшпен келуі қажет. Чемпиондық белбеуді психологиялық тұрғыда жеңу өте қиын. Мұндайға боксшы әрдайым дайын болғаны жөн. Жақында ол өз еліне жол тартады.
Бұл Жүкембаевтың кәсіпқой бокстағы алғашқы қадамы ғана. Оның алар асуы әлі алда. Менің бұл пікірімді боксшы Василий Жиров та қостады. Ол қазақстандық боксшылардың шаршы алаңдағы жолы енді басталғанын, бұл жеңістері жаңа белестерді бағындыруына серпіліс беруі керектігін айтты. Алдағы уақытта Батырға да, Абылайханға да титулды жекпе-жек ұйымдастыруды жоспарлап жүрміз», – деді Анна Рева.
Осыған дейін Астанада EXPO-2017 көрмесі кезінде бокс кеші ұйымдастырылатыны хабарланған. Бұл кеште Батыр Жүкембаев пен Абылайхан Құсайынов қатысуы мүмкін бе? Қос боксшының менеджері әзірге ұсыныс түспегенін айтты.
«Бізге бұл туралы әзірге ұсыныс келмеді. Әрине, ондай мүмкіндік болса, боксшыларымыз қатысуы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасар едік. Батыр да, Абылайхан да бұған қуана-қуана келісетіні анық. Өз елінде, өз жанкүйерлерінің алдында жұдырықтасқанға не жетсін! Бірақ оның бәрі алдын ала талқыланып барып шешілуі тиіс. Себебі, бізге боксшыларымыздың дайын күйде барғаны маңыздырақ», – деді ол.
Осыған дейін қос боксшының Давид Лемье мен Кертис Стивенс арасындағы жекпе-жектің андеркартында жұдырықтасатыны хабарланған еді. Бірақ менеджердің айтуынша алдарында екі таңдау тұрыпты. Бірі – чемпиондық кездесу өткізу, екіншісі – Лемье-Стивенс кешінде шаршы алаңға шығу.
«Командамен осы мәселені талқылай келе Монреальда жекпе-жек ұйымдастыруды жөн көрдік», – деді Анна Рева.
Менеджердің айтуынша, жігіттер әлемнің кез келген жерінде шаршы алаңға шығуға дайын. Басты мақсат – карьералары өрге жүріп, деңгейлерін арттыру.
«Басты мақсатымыз – боксшыларымыздың жиі кездесу өткізуі. Біз кез келген мемлекетте жұдырықтасуға дайынбыз. Бірақ жігіттер бір қалыпта тұрып қалмай, әрбір жекпе-жегінде деңгейлерін арттыруы тиіс. Бізді алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Қайталап айтайын, біз АҚШ-та да, Канада да, Англияда да, Қазақстанда да бокстасуға дайынбыз. Әрине, бастысы спортшыларымыздың карьерасы дұрыс бағытта өрбісе болғаны», – деді ол.
Абылайхан да, Батыр да бірнеше жекпе-жегін Канадада өткізді. Бұл елде олар қаншалықты танымалдылыққа ие?
«Қазір Канада халқы боксшыларымызды қатты сыйлайды. Оларды сыйламау мүмкін бе, жүздерінен нұр төгіліп тұр ғой! Ата-аналарына шексіз алғысымды білдіремін. Себебі, олар нағыз азаматтарды тәрбилеп өсірді. Спортшыларымыз канадалықтарға да үлгі болып жүр. Нағыз боксшылар дәл осындай сипатқа болуы керек», – деді қазақстандық боксшылардың менеджері.
Айта кетейік, 7 сәуір күні Канадада Абылайхан Құсайынов мексикалық Кристиан Аррасолмен күш сынасып, екінші раундта сұлатып түсірді. Өз кезегінде Батыр Жүкембаев та мексикалық боксшы Косме Ривераны жетінші раундта техникалық нокаутпен жеңіп, IBO International белбеуіне ие болды.
Дайындаған Аян Әбдуәли, «Егемен Қазақстан»