Топырақтың құнарын сақтау – сапалы әрі таза өнім алудың кепілі. Өйткені, тіршілігімізге тірек етіп тұтынатын тағамымыздың 70 пайызы жерден өніп шығады. Жер-Ананы қалай күтіп баптасаң, ол да мейірленіп өнімін төгіп береді. Мынандай дамыған заманда тағам қауіпсіздігін сақтау ғаламдық мәселеге айналып отыр. Егілген егіннен сапалы әрі мол өнім алу үшін топырақта өсімдіктерге қажетті органикалық және минералды тыңайтқыш жеткілікті дәрежеде болуы тиіс. Топырақтың құрамындағы өсімдіктерге қажетті қоректік заттар мезгіл сайын егілетін өсімдіктердің өсіп жетілуіне, түскен өніміне қарай жұмсалып кеміп отырады. Егіс алқаптарының топырақ құрамынан қаншалықты мөлшерде қоректік заттар алатынын мынандай мысалдардан байқай аламыз. Мамандардың айтуынша, жүгерінің гектарынан 600 центнер көк балауса жинау үшін өсімдік өсіп жетілу кезінде жерден 150 кг азот, 70 кг фосфор, 200 кг калий тұздарын алады. Қант қызылшасының әр гектарынан 400 центнер тәтті тамыр алу үшін, қызылша өзінің вегетация кезеңінде бойына орта есеппен 160 кг азот, 60 кг фосфор, 260 кг калий сіңіреді. Егер өнім одан да жоғары болған жағдайда өсімдіктердің жерден алатын қоректік заттарының да мөлшері арта түсетін көрінеді. Бұдан аңғаратынымыз, егістік жерлерінен мол өнім алғымыз келсе, оны қосымша тыңайтқыштармен қоректендіріп отыру қажет.
«Қазіргі таңда Қазақстандағы ең құнарлы деген жерлердің өзінде орта есеппен алғанда қарашірінің мөлшері 20-25 пайызға, кейбір алқаптарда 30-40 пайызға дейін төмендеп кеткен. Бұдан жер құнарлылығының жылдан-жылға төмендеп бара жатқанын аңғарамыз.
«Қазіргі таңда Қазақстандағы ең құнарлы деген жерлердің өзінде орта есеппен алғанда қарашірінің мөлшері 20-25 пайызға, кейбір алқаптарда 30-40 пайызға дейін төмендеп кеткен. Бұдан жер құнарлығының жылдан-жылға төмендеп бара жатқанын аңғарамыз. Мәселен, 1985 жылы 1 миллион тоннадан астам минералды тыңайтқыштар қолданып, орта есеппен 1 гектарға 25 кг азот, фосфор, калий тыңайтқыштарын топыраққа енгіздік. Қазіргі кезде ол көрсеткіш шамамен алғанда 15 есеге кеміген. Әсіресе жоғары сапалы егін өндіретін орталық аймақтарда минералды тыңайтқыштарды дұрыс қолданбағаннан кейін 1−2-класты өнімдер күрт төмендеп кетіп жүр.Осыдан 25 жыл бұрын 3,5 млн тонна жоғарғы дәрежелі бидай шығаратын болсақ, қазіргі көрсеткіш онымен салыстырғанда 10 есеге кеміген.
Көптеген мамандар өнім сапасының төмендеуін ауа-райының қолайсыздығымен байланыстырып жүр. Шын мәнінде бұл ауа-райынан емес, жердегі қажетті қоректі заттарды дұрыс қамтамасыз етпегеннің себебінен болып отыр», – дейді ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, академик Рақымжан Елешов. Әлемдік нарықтағы экспортқа бағытталған бәсекеге қабілетті сапалы өнімдер өндірісін ұлғайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аграрлық өнеркәсіп кешеннің алдында тұрған басты міндет. Ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру, тек қана өнімділігін арттырып қана қоймай ауыл шаруашылығынан алған өнімнің экологиялық сапасын жоғарғы деңгейге көтеріп экспорт көлемін көбейту биылғы Жолдауда да баса айтылған тақырып болды. Осы мәселелердің жолға қойылуы үшін жер құнарлығын сақтау басты шарт.
Ғалымның айтуынша егін сапасын арттыру үшін тек қана минералды емес, сондай-ақ, органикалық тыңайтқыштарды да қатар қолдану керек. Мал басынан арылған көңдерді, бұршақ дәнді дақылдарды тыңайтқыш ретінде қолдануға болады.
– Еліміздегі ауыл шаруашылығы жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізу қажет. Қазіргі таңда саладағы кейбір тауарлардың экспорт салмағы 40 пайыздан төмен. Мәселен, қант қызылшасының 70-80 пайызын шет елдерден сатып аламыз. Экспорт арқылы әкелінген өнім бір жағынан қымбат болса, екіншіден, экологиялық тазалығы күмән тудырады. 2017-2021 жылдарға жоспарланған агроөндірістің республикадағы бағытталған саласы бойынша егістік өнімдері мен оның сапасын күрделі түрде өзгертіп, бөлінетін қаржы көлемін көбейтуіміз керек. Өйткені жалпы ауыл шаруашылығына бөлінген 16 млрд теңгенің 4,2 пайызы ғана ауыл шаруашылығы ғылымына бөлініп отыр. Ғылымсыз саланы алға жылжыту қиын. Ғылыми тұрғыдан алдыңғы қатарлы дамыған озық технологияларды шет елдерден инвестициялап оларды өзіміздің ауа-райына, өсімдіктер мен жеріміздің ерекшеліктеріне қарай бейімдеп дұрыс қолданатын болсақ жоғары өнім алуға болады. Әрине, мемлекет тарапынан агралық салаға көптеген қолдау көрсетіліп жатқандығын да айтпай кете алмаймыз. Жаңа агрокешеннің 2017-2021 жылға арналған бағдарламасының деректері бойынша 2008 жылы 200 мың тонна минералды тыңайтқыш қолданған. 2016жылы 260 мың тонна, 2021жылы 360 мың тонна минералды тыңайтқыштар қолданамыз деген жоспар бар. Бұл көрсеткіштердің өзі жалпы егістік көлеміндегі бізге қажетті минералды тыңайтқыштар көлемін қамтамасыз етпейді. Ғалымдардың есебінше жыл сайын еліміздің егістігіне орта есеппен 1млн 36 мың тонна азот, фосфор, калий тыңайтқыштарын қолдану қажет. Минералды тыңайтқыштарды көбейту үшін субсидия көлемі ең болмаса 20 млн теңгеге дейін жетуі шарт. Осы межеден кем емес мөлшерде бөлінген жағдайда тыңайтқыштардың қымбат бағасы сапалы өнімдер алу арқылы ақталар еді. Шөлейт жерлерге қарағанда суармалы жерлерден алынатын өнім көлемі екі есеге жоғары. Осыдан 10 жыл бұрын Қазақстандағы егістік көлемі 35,6 млн-ға болса, қазіргі кезде 22,4 млн гектарға дейін азайғанын байқаймыз. Бұндағы өзекті мәселенің бірі осы аралықта қолданылмай қалған жерлерді қайта игеріп ауылшаруашылық айналымына беру керек, – дейді Рақымжан Елешов.
Егілетін өсімдіктерді зиянкестерден сақтау өз алдына бөлек әңгіме. Өйткені зиянкестер өнімнің экономикалық қарқынын төмендететін басты кедергілердің бірі. Қазіргі кезде қолданылып жүрген гербециттердің басым бөлігі ұлттық өнім емес, яғни шет елдерден әкелінетін гербециттер көрінеді. Оның қаншалықты сапалы өнім екеніне тағы да жүз пайыз көз жеткізе алмаймыз дейді ғалым. «Бұл мәселенің шешімін табу үшін қазіргі таңда минералды тыңайтқыштарды өз елімізде шығаруға толық мүмкіндік бар. Елімізде «Казфосфат», «КазАзот» сияқты тыңайтқыш өндіретін агрокомпаниялар баршылық. Олардың көпшілігі өздерінің шығарған минералды тыңайтқыштарын шет елдерге саудалайды. Ал көп жағдайда біздің шаруашылықтар оны ала алмайды. Өйткені, бағалары қымбат. Қазақстанның егіншілік жерлерінде өткізілген агрохимиялық зерттеу деректеріне сүйенсек, егістік көлемінің 25,5 млн гектарының 20,5 пайызында өсімдікке қажетті жылжымалы фосфор жетіспейді. Тіпті суармалы жерлерде калий тыңайтқышын қолданатын жағдайға жеттік. Қант қызылшасы, күріш, жүгері, картоп егістіктерінде өсімдікке керекті калий мен фосфор мөлшері 10 жыл бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда төмендеген. Тағы да бір айта кетерлік жайт, қазір экологиялық әрі органикалық таза өнім шығару деген мәселе көтеріліп жатыр. Кейбір басылым беттерінде минералды тыңайтқыштарды қолдансақ өнімнің сапасы нашарлап, экологиялық таза өнім алу қиындайды деген пікірлер де айтылуда. Бұл – қате пікір. Минералды тыңайтқыштарды өсімдіктің қажеттілін есептемей дұрыс қолданбасақ әрине, өсімдіктің сапасы мен жердің экологиялық жағдайына кері әсерін тигізеді. Оларды мөлшерімен нормаға сай қолданса топырақтың құнары сақталып тек қана жоғарғы өнім емес, жоғары сапалы өнімдер алуға болады. Таза органикалық заттар алу керек деген кейбір мамандардың пікірі де дұрыс. Дегенмен, таза органикалық өнім алу үшін оған ерекше жағдай, арнайы таза жер керек. Сондықтан жоғары деңгейдегі үлкен егістіктерден таза органикалық заттар алу үшін әртүрлі өсімдіктерді әрқандай жер жағдайында егіп, ғылыми және практикалық тәжірибеде сынап көру артық етпейді. Болашақта бұл біздің елімізде де өз үлесін табады деген сенімдеміз», – дейді ғалым.
Тақырыбымызды түйіндер болсақ, жердің шөлге айналуы, топырақтың тозуы мен эрозиялануы мәселелерінің Орталық Азия елдері үшін алапат зиянды сипаты бар. Бүгінгі таңда шөлге айналған жерлердің көлемі ондаған миллион шаршы метр болып отыр. Бұл ең алдымен жерді аямай барынша қарқынды түрде пайдалануға байланысты. Жерге деген салғырт көзқарас топырақтың құнарын жояды. Біздің еліміздегі топырақтың үстіңгі қабаты өзге елдермен салыстырғанда онтропогендік салмаққа деген төзімділігінің төмендігімен ерекшеленеді. Тозу мен шөлденуге барынша ұшырағыш болып келеді. Елдің 272,5 миллион гектар болатын аумағының 180 миллион гектары құрғақшылыққа ұшырап отыр. Жазық жерлерді жел эрозиясы үйіріп тұр. Бұл эрозияға 20 млн гектардан аса егістік пен 25 млн гектар жайылым ұшырауда деген дерек бар.
Қалай айтқанда да, жер мен өсімдіктердің сапасын тексеретін лабараториялардың материалдық базаларын ұлғайтып, олардың санын көбейту, білікті кадрлар даярлау, әрдайым басты назарда болуға тиіс.
Арман Октябрь,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ