• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Сәуір, 2017

Медициналық пойыздар сапарға шығады

320 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Әлеуметтік жобалар қоры» мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының «Денсаулық» және «Саламатты Қазақстан» мамандандырылған медициналық пойыздарының жұмысы басталғаны туралы баспасөз мәслихаты өтті.

«Жобаның арқасында стансалар мен оларға іргелес жатқан елді мекен­дердің халқы аурудың алдын алу үшін медициналық тексеруден өтеді, қа­жетті алғашқы көмек, кәсіби консультация және әрі қарай емделу үшін жақын орналасқан медициналық орталық­тарға жолдамалар алады. Бұдан бұрын Елбасы Н.Назарбаев медициналық пойыздардың жұмысын жоғары баға­лап, көліктік медициналық қызмет көрсетудің өзектілігін баса атап өткен болатын. Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерінің халқы 2017 жылғы 18 сәуірден бастап 2017 жылғы 20 желтоқсан аралығында «Денсаулық» пойызының жүріп өткен жолы бойынша жоғары біліктілікті медициналық көмек ала алады. «Саламатты Қазақстан» меди­ци­налық пойызы Қарағанды қаласынан жолға шығады. 2017 жылғы 11 сәуір мен 6 қараша аралығында еліміздің  орталық, солтүстік, шығыс өңірлерінің қалалары мен ауылдарына барады. Дәрі­герлер бригадасының құрамында терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, лор, гинеколог, хирург, уролог, мам­молог, стоматолог сияқты негізгі  маман­дар бар. Медициналық пойыз қызмет­терін Қазақстанның шалғайдағы елді ме­кендерінің медициналық көмекке мұқтаж тұрғындары, темір жол қызметкерлері мен зейнеткерлер және олардың отбасы мүшелері пайдалануға мүмкіндіктері бар», деді «Апаттық медицина темір жол госпиталі» АҚ басқарма төрағасы Ға­был­нұр Әбділманов. 

Сонымен қатар, «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Әлеу­меттік жобалар қоры» ұжымдық қоры­ның директоры Ербол Кеңгірбаев меди­циналық пойыздар жұмысын ұйым­дастыру барысына тоқталды.

«Ұжымдық қор пойыздардың қозға­лысын, күтімі мен жөнделуін, жабдық­тар мен қызметшілерінің күзетілуін ұйымдастырады, дәрігерлер мен пойыз бригадаларын тамақпен қамтамасыз етеді. Төтенше жағдайлар комитеті дәрігерлер мен жабдықтар қызметіне жауапты. Пойыздардың қозғалыс кестесі азаматтардың өтінімі мен мем­ле­кеттік органдар сұраулары негізінде шал­ғай­дағы стансаларда медициналық пункт­тердің болмауын ескере отырып жасала­ды. Сондай-ақ, қай облыстарда және қан­ша уақытта болғанына талдау жүргі­зеді. Әр медициналық пойыз көп­бейінді мамандандырылған консуль­та­тивтік-диагностикалық көмек көрсету үшін арнайы жабдықталған, медици­налық қызметкерлердің тұруына арналған сегіз вагоннан тұрады. Меди­ци­налық қызметкерлер мен пойыз бригадасына арналған екі вагон-купеде ауа баптағыштар, теледидарлар, тоңазытқыштар, био-дәретханалар мен кір жуу орны орнатылған. Сондай-ақ, вагон-мейрамхана мен вагон-дизельді генераторы бар. Оның күші төтенше жағдай кезінде шағын елді мекендерге жарық беруге жеткілікті. Қалған төрт вагон халықты қабылдауға және медициналық көмек көрсетуге арналған. Дәрігерлерге арналған жайлы вагондар пойыздардың жолда жылына 300 күн болуына орай жабдықталған» деді ол.

Құрамдардың жүру бағыты мен дәрі­герлер бригадасы көрсететін қыз­меттері туралы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамы­ту қорының Басқарушы директоры Лима Диас, «Апаттық медицина темір жол госпиталі» АҚ басқарма төрағасы Ғабылнұр Әбділманов баяндады.

Рауан Қайдар,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар