Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы агроөнеркәсіп кешеніне шетелден инвестиция тарту бойынша жүктеген тапсырмасын жүзеге асыруды және екіжақты тиімді келісімдерге қол жеткізуді мақсат еткен топ құрамында мемлекеттік органдар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы, «Қазақстан Инжиниринг», «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниялары және «Агротехнология трансферті және коммерциализация орталығы» ЖШС өкілдері бар.
Сапар аясында қазақстандықтар Израиль мемлекетінің Ауыл шаруашылығы және ауылдық аумақтарды дамыту министрі, Кнессеттегі «Еврей үйі» партиясының депутаты Ури Ариэлмен кездесті. Басқосуда екі ел арасындағы келісімге сәйкес, 2017-2018 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтасу бойынша Жол картасына қол қойылды. Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында коммерциялық негіздегі демонстрациялық ферма құруды көздейтін декларация қабылдады. Оның кешенінде ауыл шаруашылығының әр алуан бағыттарындағы технологияларды таныстыру жоспарланған.
Екі тарап Қазақстан өнімдерін Израильге экспорттау мүмкіндіктерін де талқылады. Мәселен, онда қой еті, жұмыртқа және өзге де өнімдерге қажеттілік жоғары. Келісімнің ендігі кезеңі экспортталатын азық-түлік тауарларына қатысты ветеринариялық талаптар мен стандарттар мәселелеріне тіреліп тұр.
Делегация израильдік агробизнес өкілдерімен дөңгелек үстел отырысында жүздесіп, инвестиция тарту, отандық өнімдерді тасымалдау және инновациялық агротехнологиялар трансферті тақырыптарын қаузады. Оған жиырма шақты компания қатысып, ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Жұмыс сапарымен жүрген топ мүшелері ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа технологиялармен айналысатын «Volcani center» ғылыми-зерттеу институтында болды. Мұнда біріккен зерттеулер мен жас мамандарды даярлау мәселелері кеңінен әңгімеленгенін айту керек. Содан кейін қазақстандықтарды экспортталатын өнімдер сапасын сақтаудың израильдік жолы қатты қызықтырды. Делегация сапары «Gevat-Haviva Rezervoir» су ресурстарын үнемдеу және басқару компаниясының жұмысымен танысумен жалғасты. Су тазартумен айналысатын құрылым өнімін жергілікті ауыз су ретінде пайдаланады. Ал оның бір текшеметрінің құны 94 теңгенің шамасында бағаланады.
Қазақстандықтар кооперация құрамына кіретін отбасылық сүт фермасы мен «Мошав Нитсаней Оз» мини ірімшік қайнату орталығын аралады. Бұл шаруашылықтар толықтай автоматтандырылған. Онда жылына 1200 тонна сүт беретін 100 сауын сиыр бар. Күнделікті сүттің 300-350 литрі ірімшік қайнатуға жұмсалады. Қалған бөлігі Бірыңғай Израиль сүт концерніне жеткізіледі екен. Айта кетерлігі, ферма ірімшік әзірлеуге баулу сыныптарын ашқан. Өнімдері дүкен сөрелерінен де табылады. Асқар Мырзахметов аталған тәжірибені еліміздегі ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру барысында пайдалану керектігін атап өтті. Израильде кооперативтер фермерлердің өз бастамалары бойынша құрылады және мемлекет тарапынан ешқандай қолдау көрмейді екен.
Сапар аясында топ мүшелері жылыжай мен тамшылатып суғару зауытына барып, «Netafim» компаниясы басшылығымен келіссөздер жүргізді.
Асхат Райқұл,
«Егемен Қазақстан»