Халықаралық келісімге сәйкес, Ішкі әскердің, яғни Ұлттық ұланның әскери қызметшілері 1993 жылдың маусымынан 1999 жылдың тамызына дейін тәжік-ауған шекарасын күзетуге қатысты. Осы жылдары кезекті ауысым түрі бойынша 20 құрама рота құрылып, 2 мыңнан астам сарбаз бен сардар жауынгерлік тапсырманы орындады.
Памир тауындағы Пшихавр шатқалында 1995 жылдың 7 сәуірінде болған қарулы қақтығыс кезінде Ішкі әскердің 17 жауынгері ерлікпен қаза тауып, 33-і жараланған еді. Қаза болған сарбаздардың есімдеріне көше, мектеп атаулары жер-жерлерде берілді. Әскери бөлімшелерде ескерткіштер ашылды. Мәселен, Естелік аллеясы Ұлттық ұлан бас қолбасшысының бастамасымен және Астана қаласы әкімінің қолдауымен 2009 жылы сәуір айында ашылған. Ал 2014 жылы осы жерде ескерткіш орнатылды. Енді міне, дәл осы ескерткішке Ұлттық ұлан бас қолбасшылығының генералдары мен ардагерлері, жеке құрамы, Парламент және Астана қаласы мәслихатының депутаттары, Астана қаласы әкімдігі басшылығы, ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері, қаза болған жауынгерлердің туыстары, интернационалист-ардагерлер келіп, есіл ерлерді естеріне алды.
Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Альберт Маткаримов шара барысында қаза болған жауынгерлердің ерен ерліктері туралы сөз етті.
– Қыршынынан қиылған 17 тағдырды қайтара алмаймыз. Бірақ олардың ерлігін әр кезде еске сақтауымыз керек. Олар – Отан үшін өз өмірін қиған ержүрек ерлер. Қызмет барысында қаза болған әскерилердің отбасыларына көмек көрсету Ішкі істер министрінің бастамасымен қолға алынды. Қаза болған 17 жауынгеріміздің де отбасыларына үнемі көмек көрсетілетін болады, – деді ол.
Сондай-ақ, жиында қаза болған жауынгерлердің жақындары мен қаруластары марқұмдар туралы естеліктер айтты. Содан кейін, жиналған қонақтар қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Шараның ресми бөлімі біткен соң, жұртшылық Естелік аллеясында 17 жауынгерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.