Алқалы жиында сыртқы істер министрлері Қазақсан Президенті Н.Назарбаевтың 2015 жылы Бурабайда өткен ТМД Саммиті кезінде ұсынған ұйымды заманауи ахуалға бейімдеу туралы бастамасын дамытуға қатысты бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді. Атап айтар болсақ, ТМД Экономикалық сотын реформалау мәселесі мақұлданды. Ендігі уақытта бұл орган оңтайландырылған форматтағы «ad hoc» принципі бойынша жұмыс істейді. Яғни, бұл принцип бойынша судьялар тұрақты емес негізде жұмысқа көшеді, аппарат саны айтарлықтай қысқарады, нәтижесінде оған жұмсалатын бюджет шығындары да үнемделеді деген сөз.
Делегациялар басшылары құқық қорғау қызметі саласындағы бірқатар құжаттарды мақұлдады. Министрлер мақұлдаған құқықтық, ұйымдастыру және ақпараттық-талдау мәселелерін жүзеге асыру жөніндегі шаралар кешені ТМД-ға мүше елдердің өзара қарым-қатынасын күшейте түсуге бағытталған.
Қалыптасқан дәстүр бойынша кеңес барысында мәдени-гуманитарлық мәселелерге көңіл аударылды. «Достастықтың мәдени астаналары» бағдарламасының жобасын тараптар бірауыздан қолдағанын айта кету керек. Мұндай мәртебені 2018 жылы Армениядағы Горис қаласы, 2019 жылы Беларусьтің Брест қаласы иеленетіні белгілі. Қазақстан тарапы 2020 жылы Достастықтың мәдени астанасы мәртебесін Шымкент шаһарына беруді ұсынды. Осы орайда, Астана қаласы – 2012 жылы, Алматы 2014 жылы Достастықтың мәдени астанасы атанғанын айта кетейік.
Шағын форматта өткен кездесулер аясында сыртқы саясат ведомстволарының басшылары аймақтық және жаһандық күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді талқылады. Қайрат Әбдірахманов әріптестеріне еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше ретіндегі алғашқы 100 күн ішінде атқарған жұмыс барысы туралы, Елбасы Н.Назарбаевтың осы дүниежүзілік ұйымның жоғары органдарының мүшелеріне арнаған мәлімдемесінде көрсетілген басымдықтар туралы баяндап берді.
Отырыс қорытындысы бойынша ТМД Сыртқы істер министрлерінің кеңесі христиан, мұсылман және басқа да конфессиялар өкілдеріне қатысты кемсітушілікке және төзімсіздікке жол бермеу туралы мәлімдеме қабылдады. Бұл құжатта елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерінің ерекше маңызға ие екендігі көрсетілген.
Қайрат Әбдірахмановтың шара барысында қырғызстандық әріптесі Эрлан Абдылдаевпен келіссөз жүргізгенін айта кетейік. Бұл кездесу 1997 жылдың сәуір айында Алматыда қол қойылған Қазақстан мен Қырғызстанның Мәңгілік достығы туралы шарттың 20 жылдығымен тұспа-тұс өтті. Екі тарап аталған құжатта көрініс тапқан құндылықтарды негізге алып, өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсуге мүдделі екендіктерін жеткізді.
Қ.Әбдірахманов Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Асловпен де кездесу өткізді.
Осы күні Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы Орталық Азия мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің кезекті кездесуіне де қатысып, аймақтағы ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттары, халықаралық және аймақтық ұйымдар аясында өзара әріптестікті нығайту мәселелері төңірегінде пікір алмасты.
«Егемен-ақпарат»