• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Сәуір, 2017

«Сал-серінің сарқыты ол кешегі...»

283 рет
көрсетілді

Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өткен белгілі әнші, ақын, композитор, актер, өнертанушы Ерлан Төлеутайдың «Сал-серінің сарқыты ол кешегі...» атты ән кешіне келген өнерсүйер қауым шығармашылық жағынан сегіз қырлы, бір сырлы болып келе­тін кешегі ел еркелерімен оның ғажап ұқсас­тығын көріп, дала дарындарына ортақ болып келетін қасиеттерді өздері танығандай болды.

Осынша қызметінің бәрін «әнші» деген бір ауыз сөзге сыйдырған Ерланның есімі қалың қауымға ұлттық музыка өнерінің үлкен жанашыры ретінде танылғаны рас. Ұлттық музыка мәдениетінде ерекше орын алатын Арқа мектебіндегі ән үлгісінің негізін қалаған Үкілі Ыбырай, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса секілді  халық композиторларының әндерін сахнада үш сағатқа жуық тамылжытқанымен қоймай, әр әннің тарихын әңгімемен өріп, өрелі танымымен елді тамсантты. Ұлттың ән қайнарының бастау-бұлағына сапар шеккізе отырып, басынан талай қасіретті өткізген халық тарихына ұқсас ән өнерінің де зобалаң тағдыры туралы әңгімелер залдағы үлкен-кішіні түгел тебірентті. Сәкен Сейфуллин, Илья Жақанов, Ақселеу Сейдімбек, Кәкімбек Салықов, Мұратхан Егін­ба­ев сынды ком­по­зи­торлардың әндерін кезең-кезеңіне сай ке­зе­гімен шырқады.

Алматы төрінде алғаш рет жеке шы­ғар­ма­шылық кешін ұйымдастырып отырған Ерлан Төлеутайдың елуге келіп, ел алды­на шығып берген есебінен уақытының ізд­е­ніс­пен өтіп келе жатқанына, ән тағдырына жау­ап­кершілікпен қарайтынына куә болдық. Қазақтың даласы сияқты жазылып жатқан кең ты­нысты үнімен, тереңнен толғап шырқайтын Ер­ланның орындауындағы «Ардақ», «Қара­ке­сек», «Шолпан», «Естайдың Қорланы», «Тау ішін­­де» секілді әндер өзінше әрленіп, өңделе түс­кені аңғарылды.  

Шығармашылық кеште Меруерт Түсіп­бае­ва, Роза Әлқожа, Сейіл Аяған сынды қа­зақ эстрадасының белгілі әншілері Ерлан Төлеу­тай­дың әндерін орындады. Жаяу Мұса мен Иман­жүсіп, Ақан сері мен Жарылғапберділер ха­лықпен қаны-жаны араласып, мүддесін ашы­нып қалай қорғаса, бүгінгі қоғамның шын­дығы Ерланның да қаламынан шер-шемен болып төгіліп, көркемсөз оқу шеберлерінің орын­дауында бірінен соң бірі оқылып, оның ақындығы әншілігінен бөліп-жарып қарауға келмейтін біртұтас дүние екенін байқатты.

Сал-серілердің мұраты ұлттық ән өнерін сақ­­таушы, өрістетуші, бұрынғы және қа­зір­гі дәуірдің арасын жалғастырушы болса, дәу­лескер домбырашы, арқалы әнші Ер­лан Төлеутай табиғи таза талантымен сол жақ­сы­лар­дың жұрнағы екенін танытты. Ән қа­зы­на­сын кірпік қақпай күзетуді ғана қыз­ме­тім деп біліп, халық мұрасына қылау түсірмей келе жат­қан еңбегін көрермені де ризашылықпен ба­ғалап, тік тұрып қол соқты.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар