• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Сәуір, 2017

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

2022 рет
көрсетілді

«Ерлерді ел де ұмытпас, жер де ұмытпас», деп әйгілі Мағжан ақын жырлағандай, ерлік ешқашан ұмытылмайды. Болашақтың баяны үшін басын бәйгеге тіккен батырлардың есімі де елге елеулі. Осыдан алты жыл бұрын Тараз көшелерінде қырғын салған қандықол қылмыскерді құрықтау кезінде қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың есімі әрдайым ел жадында. Қарашаның қара суығында келіп жеткен қаралы хабар қабырғаны қайыстырғанмен, батырдың асқақ рухы мен бекзат болмысы жұрт жүрегінде жатталып қалды.

Қоғам тыныштығын күзетуде қыршын кеткен боздақтың рухы көне Тараз шаһарында тағы бір ша­рықтады. 3 сәуір батырдың туған күніне орай Даңқ алаңында митинг ұйымдастырылып, оған облыс және қала тұрғындары, облыстық балалар мен жасөспірімдер «Полиция академиясы» орталығының курсанттары, сондай-ақ «Айбын» әскери-патриоттық клубының мүшелері қатысты. Жиналған көпшілік әуелі Халық қаhарманы Ғазиз Байтасовты бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті. Содан кейін Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Тілеген Маткенов және Ғазиз Байтасовтың жұбайы Гүлжамал Тәжиева бастаған бірқатар азаматтар Даңқ алаңында орнатылған батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Өз сөзінде полиция генерал-майоры Тілеген Советұлы Ғазиз Байтасовтың ерлігі әрдайым жас ұр­паққа үлгі екенін, ер есімінің еш­қашан ұмы­тылмайтынын атап өтті. Ал батырдың жары Гүлжамал Тәжиева Ғазиз Бай­тасовтың ерлігіне құрмет көрсетіп отырған аза­маттарға алғысын білдірді. «Ғазиз бүгін ортамызда болғанда 46 жасқа толатын еді. Бірақ оның жа­саған ерлігі өзінен кейінгі полиция қыз­мет­керлеріне үлгі болды. Ерлік еш­қашан ұмытылмайды. Ол өмірімен ерте қоштасса да, Отанын, халқын, жер­лестерін қорғады», деді Гүлжамал Махамбетқызы.

Айта кетейік, Тараз қаласында ор­наласқан орта және жоғары оқу орын­дарында, жалпы білім бере­тін орта мектептерде Халық қаһар­маны Ғазиз Байтасовтың ерлігін наси­хаттауға арналған «Ерлік сағаттары» өткізілуде. Бұл бастама жастарды патриот­тық рухта тәрбиелеп, туған ел тұлғаларын тереңірек білуге баулиды.

Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар