Облыстық ішкі істер департаментіне облыс тұрғындары бүгінге дейін өз еркімен 13 қару тапсырды. Еріктілерге тапсырған қаруы үшін 530 мың 946 теңге төленді. Тапсырылған қарудың барлығы да тегіс ұңғылы мылтықтар.
Облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік басқармасы бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Абзал Болатовтың айтуынша, акция шеңберінде 5 миллион теңгені игеру көзделген. Қазір қостанайлықтар тек тегіс ұңғылы қарулар тапсырып жатыр.
Қостанай қаласының тұрғыны ішкі істер басқармасына «ТОЗ-БМ» қаруын тапсырған. Мылтықты ол 1950 жылы сатып алып, осы күнге дейін тіркеусіз сақтап келген.
Рудный қаласының тұрғыны өткен жылы Тоқтыбай өзенінің жағасынан тауып алған мылтықты тапсырды.
Нәзира Жәрімбетова «Егемен Қазақстан»