Конференцияның күн тәртібіне партияның облыстық филиалының төрағасын сайлау және Елбасының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын талқылап, қолдау туралы мәселелер енгізілді. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша делегаттардың бірауыздан дауыс беруімен облыс әкімі Мәлік Мырзалин «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы болып сайланды.
Бұдан кейін Мәлік Мырзалин Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына кеңінен тоқталып, оның мазмұны, өзектілігі мен тарихи мән-маңызы туралы жан-жақты сөз сөйледі.
– Бұл мақалада қарастырылған бәсекеге қабілеттілік мәселесі өте орынды және көкейкесті болып табылады. Осы орайда, Мемлекет басшысы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты ел халқына арнаған биылғы Жолдауында әлемнің озық отыз елінің қатарына қосылу міндетін қойғаны белгілі. Мақалада қозғалған келелі мәселелер мен іргелі міндеттерді осы жаңғыруымыздың жолындағы басты бағыт-бағдар деп түсінген жөн. Латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Әрине, ол үшін ең алдымен, болашақ ұрпақты осы әліпбимен оқытатын мамандарды даярлап алуымыз керек. Бүгінгі жас ұрпақ алғыр да ынталы болып өсіп келеді. Қазір балабақшалардың өзінде бүлдіршіндер үш тілді үйреніп жатыр. Сондықтан, бізге латын әліпбиін меңгеру қиынға соқпайды. Осының нәтижесінде Интернет желілеріндегі басқа елдердің бағдарламалары мен жаңалықтарын оқып, өз қажетімізге еркін пайдалана алатын боламыз. Осылай өзге озық елдермен иық тірестіруге мүмкіншілігіміз арта түседі, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.
Сондай-ақ, конференцияда «Нұр Отан» партиясының Жақсы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Камила Мұғалова, Ақмола облысы бойынша «Азаматтық альянсы қауымдастығы» бірлестігінің төрайымы Ирина Терентьева, облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа сөз сөйлеп, Елбасының бағдарламалық мақаласына байланысты өз ой-пікірлерін білдірді.
Ырысалды ШАМШИЕВА
Ақмола облысы