Жиынға төрағалық еткен аймақ басшысы Ерлан Қошанов алғы сөзінде: – Облыстың миллиондаған жұртшылығы, әрбір тұрғыны – Президенттің барлық стратегиялық бастамаларын жүзеге асырудағы тірегі екенін ерекше сезінеді. Сондықтан біз жедел актив жиналысын шақырып, халыққа, жергілікті билікке, бұқараға – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының маңызын түсіндіру үшін жиналдық. Бүгін жарияланған мақала – Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы» Жолдауымен үндестік тауып, біздің алдымызда рухани даму, жаһандық жаңғыру жолында үлкен әрі тарихи міндеттер қойып отыр, – деді.
Алғашқы сөзді Қазақстан жазушылар Одағының Қарағанды облыстық филиалының директоры, белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлы сөйледі. – Елбасы бұл мақаласы арқылы дүние жүзіндегі ең дамыған отыз елдің қатарына қосылуға ұмтылған қазақтың сөз қолданысына «ұлттық сана» деген тіркесті енгізді. Үш жүз жылдық бодандық етімізден өтіп сүйегімізге жеткен тұста ер Махамбет пен мұзарт Мұқағалидың рухы арқамызға қайта қонғандай болды. Бұл мақала ірі оқиғалардың бастауы болады әлі, – деді.
Сонымен қатар, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар кандидаты, доцент Дастан Көшербаев өз ойын ортаға салып, мақалада көрсетілген әр реформаға байланысты пікір білдірді.
Аталмыш басқосудан қарағандылық белсенді жастар да қалыс қалған жоқ. Қарағанды облысы жастар ресурстық орталығының ақпаратты қамтамасыз ету және әлеуметтік технология бөлімінің басшысы Ержан Хамитов мінберге шығып: – Елбасы атап айтқандай: мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Мақаладағы «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деген сөз – дәл жағдайды дөп басқан қоғам диагнозы. Қарағанды облысының әрбір тұрғыны жаңғыру процесіне өз үлесін қосуға дайын деген сенімдемін, – деп жиналған қауымды жігерлендіре жалынды сөз айтты.
Баяндама жасаушылардың қатарында облыстық мәслихаттың депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де болды. Қайсысы болсын, бүгінгі күннің басты назарындағы маңызды мәселені жан-жақты талқылауда ішкі ойларын іркіп қалмады.
«Мәңгілік Ел» идеясының мазмұнын жан-жақты айқындай түскен бұл мақала шын мәнінде ел дамуының рухани бағытындағы басты темірқазық болуы шарт.
Бұл келелі кеңестің қорытынды ортақ пікірі болды.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы