Форумға «Егемен Қазақстан» газетін ала келген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысушылар алдында Президенттің мақаласынан үзінді оқып берді. «Президент мақаласында жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдары бар екенін атап өтті. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналатыны айтылған Елбасы мақаласында. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Мақалада айтылған маңызды мәселелерді жас ұрпаққа айта жүріңіздер, ардагерлер арқылы жастардың құлағына жетсін», деді облыс басшысы. Сондай-ақ, Ж.Түймебаев облыс экономикасы мен мәдениетін, білімін дамытуда бұл тарихи маңызды құжат нақты бағдар болуы тиіс екенін жеткізді. Форумға қатысушы зиялы қауым өкілдері мен ардагерлерді Мемлекет басшысының идеяларын қолдап, оны белсенділікпен жүзеге асыруға шақырды. Қатысушыларға «Егемен Қазақстан» газеті таратылды.
Басқосу барысында сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов Елбасының бұл маңызды мақаласында халықты толғандырып жүрген мәселелердің барлығы көрініс тапқанын атап өтті. Жалпы мақалаға қатысты пікір білдірушілер елеулі еңбекте айтылған ұлтымыздың мәдениетін жаңғыртудың жаңа қадамдарының нақтыланғанын, алдағы уақытта қазақтың салт-дәстүрі, мәдени коды болашағымыздың негізгі бағдары деген тұғырнама ресми түрде пайда болатынын, ал 2018 жылдан бастап елімізде латын әліпбиіне көшу процесі басталатынын қызу қолдады. Сондай-ақ, ардагерлер бағдарламаның жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналатынына сенімді.
− Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын бұл мақаласын Жолдау ретінде қабылдасақ та болады. Тек ресми атауы өзгеше. Мақалада өткенге шолу, бүгінгіні бағамдау, келешекке көз тастау бар. Тарихи маңызы бар еңбекте еліміздің барлық негізгі аспектілерін қамтитын дүниелер айтылған. Осылардың ішінде айрықша екі мәселені атап өткім келеді. Біріншісі – «Туған жер» бағдарламасын ұсынуы. Расында да, кең байтақ жерімізде қыр-сыры беймәлім түрлі қазыналар мен тарлан тұлғалар бар. Мемлекет басшысының осы ұсынысы мұндай дүниелерді кеңінен насихаттауға мұрындық болар еді. Оның үстіне аталған бағдарлама жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады деп отыр. Бұл бір жағынан жат идеологиялардан қорғанатын қорғанымыз болса, екінші жағынан өшкеніміз жанып, жоғалғанымызды түгендейтін мүмкіндік. Екіншісі – «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы. Жобаның негізгі басымдылығы – Қазақстанды мәдени жағынан таныту. Сонымен қатар, әлемдік өркениет тұтынатын тілдерді игеріп, дүние дүрбелеңінде еліміздің өзге мемлекет терезесімен тең тұруы. Бұл бағыттағы жұмыстарда насихаттаудың тың түрлерін тауып, жүйелі жұмыс жасайтын жұртшылықты жұмылдыру. Біз мұндай өзгерістерге өте бейім халықпыз. Өйткені Қазақ жерінде талай мәдениеттер тоғысып, қаншама ұлттар ұйыған. Сондықтан, мен де барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деген үміттемін, – деді мақалаға қатысты пікірін білдірген Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай.
Форумға қатысушы 300-ден астам ардагер алдағы уақытта Елбасы еңбегін ел арасында насихаттауға, баянды бастамалардың жүзеге асуына ұйытқы болуға, өз үлестерін қосуға ниетті. Бұл орайда оңтүстікте 750 бастауыш ұйымы бар ардагерлер кеңесінің 222 мыңнан астам мүшесі кейінгі ұрпақ арасында насихатты күшейтпек. Жиын соңында облыс пен қалаға еңбек сіңірген бірқатар ардагерлер облыс әкімі Ж.Түймебаевтың Алғыс хаты және Құрмет грамотасымен марапатталды.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы