• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2011

Тау алыстаған сайын биіктейді

798 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысының халқы, со­ның ішінде Ақжар ауданының тұрғындары бүгінде үлкен қуаныш үстінде. Өйткені, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі қарсаңында Алаш арыстарының бірегейі, қазақ халқының даңқты перзенті, біздің ардақты жерлесіміз Смағұл Сәдуақасұлының есімі мемлекеттік дәрежеде ұлықталуда. Қаңтар айында Астана қаласында Парламент депутаттары, қоғам және мемлекет қай­ратк­ерлері, белгілі тарихшылар, ғалымдар мен зерт­теушілер және зиялы қауым өкілдері бас қосқан «Қайраткер Смағұл Сәдуақасұлы және Қазақстан отаншылдығы: елдік мұрат пен жауапкершілік» атты республикалық ғылыми-прак­тикалық конференция өтті. Осы конферен­цияға қатысушылар Мәскеудегі Дон қабірха­на­сында  жатқан Смағұл мәйітінің кү­лін арнайы делегациямен елордамыз Астанаға алып келу туралы Үкіметке арнайы қаулы қабыл­дау туралы ұсыныс жа­саған болатын. Сол ұсыныс қабылданып, Смағұл сү­йегінің күлі салынған қобдиша елімізге жеткізілді. Бұл игі іс – «қазағым – елім» деп ұлты үшін белі қайыса қайрат қылған ардақты арысымызға деген үлкен құрмет және зор тағзым. Біз соған қатты риза болдық. Әрбір елдің өзін-өзі басқаруы – ұлттық мүд­деге қызмет ететін мемлекеттік құрылыс арқылы іске асатыны баршаға мәлім. Мемлекеттік бас­қару – алдымен сол жерді иеленген халықтың ғасырлар қойнауынан тамыр алатын тарихи ерекшелігіне, өзіндік табиғи болмысына, прогресшіл өмір тәжі­рибесіне негізделуі керек. Сонда ғана қалыпты дамуға жол ашылмақ. Осынау биік мақсаттарды өмірлік шындыққа айналдыратын қайраткер адамдар, солардың мыңдаған кедергілерді жеңген жігері, көзге бірде көрінсе, бірде көрінбейтін алуан түрлі қиындықтарға мұқалма­ған, азуы алты қарыс қайсар рухы. Қазақ халқын­да ұлттың сондай бірегей ұлдарының бірі, бел ба­ласы деуге тұрарлық арысы – Смағұл Сәдуақасов болды. Оның ел ертеңінің жарқын болмағы үшін жа­саған жанқиярлық ерен еңбегі, қайраткерлік ұс­танымы – азаматтық пен ұлтжандылықтың шын мә­нін­де не екендігіне, олардың қалай қалып­та­сатын­дығына айғақ болады. Бүгінгі күні тарихты жіті бар­лаған ғалымдар мен ойшылдардың бәрі де өткен ға­сыр­дың 20-шы жылдар тарихын саралай талда­ғанда осы тұлғаның айтқандары мен жазған­дарын айна­лып өтпейді. Сөйтіп, оның елдік істегі принципшіл көзқарастарын, халық ісіне барынша адал болудың үлгісі мен өнегесін, сауатты да, парасатты ұстам­ды­лығын адамгер­ші­ліктің теңдес­сіз қасиеттері ретінде танып, кейінгілерге кеңінен таныстыра оты­рып, қай­раткер­ліктің үздік үлгісі ретінде көрсе­туде. Бұл – бар болғаны 33 жыл ғана келте ғұмыр кешкен азамат үшін үлкен жетістік. Әрине, табиғи дарыны болмаса осы аз ғұмырда мұндай дәрежеге жету оңай болмас еді. Саяси өмірге 1917 жылдың төңкерісі өткен соң бір-екі жылдан кейін білек сыбана араласқан оның саясаткер ретіндегі өмір жолының тұсауы Омбыдағы алашшыл қазақ жастарының «Бірлік» атты ұйымында жүргенде кесілген-ді. Төңкеріс­тен кейінгі жаңа дәуірде елдің мүддесі, қазағы­ның қамын ғана көздеген ұстанымнан айнымаған ол өмірінің соңғы сәтіне дейін осы позициясынан айныған жоқ және бұл істе ол жастығына қарамай өзгелерге үлгі бола білді. Еңбек жолын 1915 жылы ауыл мұғалімінен бастаған ол 1918-1919 жылдары Батыс-Сібір коопе­ратив одағы инспекторының бақылаушысы, 1920 жылы Омбыда шыққан «Кедей дауысы» газетінің редакторы болып қызмет атқарса, 1920-1921 жылдары Қазақ автономиясының жастар ода­ғына жетекшілік етті, 1921 жылы Жалпы­қазақтық кеңестер съезінде Қазақстан Орталық Атқару Комитеті Президиумының және Бүкілре­сейлік Орталық Атқару комитетінің Түркістан Республикасы жанындағы өкілі болды, 1923 жылы Қазақ автономиясы жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, қазақ жерін аудандас­тыру бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. Оның қайраткерлік, азаматтық әлеуеті толық ашылған кезең 1925-1927 жылдар. Ол 1925 жылы Халық ағарту комиссары, «Еңбекші қазақ» газетінің жауапт­ы редакторы, 1926 жылы тұңғыш қазақ театры­ның ұйымдастырушысы, 1927 жылы Ташкенттегі Қазақ институтының басшысы бол­ды. Бұл кезең Ф.И. Голощекиннің Қазақстан өл­ке­лік партия комитетінің  жауапты хатшысы бо­лып істей бастаған кезімен дәлме-дәл келеді. Оның жауапты хатшымен ұстасқан 4 мәселесі бол­ды: 1) мекемелерді қазақы­лан­дыру, 2) оқыған­дар­ға оң көзқарас, 3) байларға дұрыс көзқарас, 4) өнер­кәсіпті дамыту. Оның бұл мә­се­ледегі ойлары билік басындағылардың қарсы­лы­ғын тудырды. Оның үстіне Смағұл өз пікірлерін ай­тып қана қоймай, кей жағдайларда жүзеге де асырды. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Дос­мұхамедовтерге оқулықтар жаздырып, олар­ды жұмысқа орналастырып, қамқорлық жасап жүрді. Осындай ұшы-қиырсыз қызметі оған кең көсі­ліп қалам тартуына қаншалықты кедергі келтіргенмен, ол ондаған әңгімелер мен повестер, көп­те­ген саяси және әдеби-сын мақалалар қалдырды. Негізінде әдебиетші, жалынды публицист болған  С.Сәдуақасұлы ұлттық рухани саланың дамуына үлкен үлес қосты. Жиырмасыншы жыл­дары «Ең­бекшіл жастар», «Кедей сөзі», «Еңбек туы», «Еңбек­ші қазақ» газеттерінің жауапты редакторы бола жүріп ол өткір мақалалар мен көркем прозада өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ана тілімен қоса орыс тілін жетік меңгерген ол сол уақыттағы қазақша, орысша «Трудовая Сибирь», «Темірқазық», «Коммунар», «Жас Алаш», «Еңбекші қазақ», «Степная правда» секілді баспасөздің бәріне жиі шығып тұрды. Ол үлкен үш көркем шығарма жазды. «Сал­мақбай-Сағындық» атты алғашқы романында қазақ ауылындағы әлеуметтік таптардың кооперация сияқты жаңалыққа көзқарасы, «Күлпаш», «Күміс қоңырау» повестерінде кейіпкерлерінің ішкі жан-дүниесін, олардың өзіндік бет-бейнесі, мінез-құлқы, ой-арманы бар жеке тұлғалар екенін көрсетті. Оның қаламынан көптеген патриоттық-тәрбиелік мәні бар дүниелер де туындаған. Бар болғаны 28 жасына дейін ол ірілі-ұсақты 7 кітап жазып қалдырыпты. Ұйымдастырушылық дарыны мен кісілігі халық ағарту комиссары болып істеген кезінде айқын көрінді. Бар-жоғы екі жарым жылдай уақыттың ішінде 25 жасар министр Қазақстан­да­ғы негізгі білім мен мә­дениет ошақтарын қалып­тастырды. Үкімет бас­шы­сы ретінде Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин сын­ды талантты жазушыларға көп қамқорлық көр­сетті. «Қазақ халқының 1000 әні» жинағын зерттеп шығарған Александр Затаевичке арнайы атақ бергізді. Сонымен бірге Қазақ мемлекеттік театры мен Қазақ педагогика институтын ашуға айрықша күш-жігер жұмсады. Кеңес өкіметінің жоғарғы жауапты қызме­тін­де жүрсе де туған жұрты үшін жанын пида еткен азамат сол кездегі бас-көзсіз тәркілеуге, күштеп ұжым­дастыруға қарсы шықпай тұра алмады. Ха­лық­тың тарихын, салт-дәстүрін білмейтін, өзінің солақай саясатымен қалың елді тоз-тоз қылған Голощекин секілділердің істері мен сөздеріне қасқая қарсы тұрған бірден-бір саясаткер Смағұл болды. Ақыр соңында голощекиндік қу­ғынға ұшырап, жалған айып тағылған ол бар­лық қызметінен босатылып, елінен қуылып, Мәскеуді паналады. 1928-1932 жылдары ондағы Көлік инженерлері институтын оқып бітірген соң Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысында инже­нер-құрылысшы бо­лып еңбек етті. Осында қыз­мет істеп жүріп 1933 жылдың 16 желтоқсанында дүниеден озды. Оның өлімінің де жұмбақ тұс­тары көп. Сүйген жары Елизавета өле-өлгенше оған НКВД тара­пы­нан қастандық жасалғанын айтып кеткен. Смағұл Сәдуақасұлы бірнеше қасиетті бойына жинаған талантты да табанды, күрделі де терең тұлға. Ол, біріншіден саясаткер, аса ірі мемлекет қайраткері, екіншіден, жазушы, публицист, сын­шы. Үшіншіден, жастар ұстазы, шебер ұйым­дастырушы, от ауызды, жалынды шешен. Төртін­шіден, Қазақстандағы кооперация қозғалысының басшысы, бесіншіден, мәдениет қайраткері, қазақ театрын, ЖОО ұйымдастырушы болды. Қазақта «тау алыстаған сайын биіктейді...» деген даналық бар. Оның барлық қырлары мен қасиеттері елімізге енді ғана таныла бастады деп ойлаймыз. Сондықтан біздің міндетіміз ұрпаққа оның бітімі мен болмысын дәріптей беру. Сонда ғана қайраткердің алдындағы адал борышымызды орындай аламыз. Осы мақсатта атқарылған жұмыс­тар қатарында - Ақжар ауданының бірнеше елді мекенінің көшелеріне, туған жері Ұялы орта мектебіне оның ардақты есімі берілгенін, сонымен қатар, бірнеше мектепте Смағұл Сәдуақасұлының атында­ғы мұражайлар бар екенін айтып өткіміз келеді. Аудандық «Дала дидары» және «Ақжар ха­бары» газеттерінің мұқабасында С.Сәдуа­қас­ұлының суреті бейнеленген. Туғанына 100 жыл толу мерейтойына орай аудан орталығы Талшық селосында әкімдіктің алдында Смағұл Сәдуақас­ұлының ескерткіші ашылған болатын. Осы ескерткіштің жанынан 2010 жылы тағы бір мәдени нысан – мұражай салынып, бүгінгі күні құры­лыс жұмыстары толық аяқталды. Бұл игі іс С.Сәдуа­қа­с­ұлының 110 жылдығына  арна­лып «С.Сәдуақас­ұлы атындағы тарихи өлкетану мұражайы» деп аталды. Смағұл Сәдуақасұлы арман еткен заман енді туа бастағанын, қазақтың ұлы перзенттерінің бірі, жасөспірім шағынан қайғылы қазаға ұшырағанға дейін ұлт бостандығы мен еркіндігі жолында күресіп, Қазақ автономиясының жан-жақты дамуына атсалысып, тер төккен, жылдар бойы жамылып келген жаладан арылып, өзінің кіршіксіз адал келбетімен халқына қайта танылып, денесінің күлінің елордамыз Астанаға әкелініп, салтанатты жағдайда мұсылман ғұрпымен жерленуі қазақ халқы үшін ерекше қуанышты оқиға болары сөзсіз. Біз – ақжарлықтар Смағұл Сәдуақасовтың жерлесі екендігімізді мақтан тұтамыз. Ардақты­ларымыздың рухы асқақтай берсін. Ағзам ТАСТЕМІРОВ, Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданының әкімі. РЕДАКЦИЯДАН: Мақалада айтылған Смағұл Сәдуа­қасов мәйітінің Мәскеуден қаңтар айында жеткізілген күлі әлі күнге жерге берілмей, С.Ғыл­мани мешітінде сақтаулы тұр. Бізге белгілі хабар­ларға қараған­да ол 31 мамыр – Қуғын-сүргін құр­бандарын еске алу күніне орайластырылып жерленетін көрі­неді. Қоғамдық пікір Астананың түбін­дегі Қабанбай қоры­мының жанынан Ұлттық пантеон ашу жөнін­дегі ойды құптауда.  Смағұл­дың күлі сонда жерленетін шығар деген болжам бар.