– Бұл бағдарламаның мәні – Қазақстанның рухани өркендеуі, әлемдегі тоқтаусыз өзгерістер, құбылыстар үдерісінде, жаһандану жағдайында өзінің ұлттық ерекшелігін, рухани әлеуетін жоғалтпайтын ел ретінде дамуында, тәуелсіз ел халқының тәуелсіз қоғамдық санасын қалыптастыруда. Мемлекет басшысы осындай ауқымды мақсатты жүзеге асырудың басым бағыттарын анықтап берді, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
«Елбасы мақаласында көрсетілген басты бағыттарды жүзеге асыру үшін мұнайлы аймақта мүмкіндік мол. Атыраудың басты байлығы – мұнай мен газ емес, жергілікті халқы, адамдары. Солардың әрқайсысы өз ісінің шебері болуы тиіс. Жаңа технологиялар, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу – осыған қол жеткізудің құралы. Бұл – тек кәсіби талап емес, азаматтық парыз. Әрбір азамат өзінің ісіне, отбасылық жағдайына алдымен өзі жауапты. Осыны халық санасына сіңіруіміз қажет. Қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, басымдықтарымызды айқындап, жұмыстануымыз керек. Бұл – жалпы қоғам емес, әрбір адамға қатысты мәселе. Барлығына бірдей ғалым болу немесе шетелдік компанияда менеджер болу міндет емес. Әркім қолынан не келеді, сонымен шұғылдануы керек. Фермер де, инженер де, дәрігер де, дәнекерлеуші де жақсы маман болса ғана жұртқа қадірлі – осыны, алдымен, жастардың санасына құяйық», деп атап өтті аймақ басшысы.
Қай заманда да адамзаттың басты қаруы – білім. «Болашақ» бағдарламасы бойынша 300-ден астам атыраулық жас шет елдерде білім алды. Қазір олар еліміздің түкпір-түкпірінде табысты еңбек етіп жүр. Облыс әкімі оқу орындарында мамандық таңдауда жастардың, ата-аналардың санасында «престиж» деген ұғымды «тиімді», «болашағы бар» деген ұғымдар алмастыруы қажет екенін де айтты.
– Неге кеңес кезінде бізден озық болған республикаларды бүгін артта қалдырдық? Әрине, алдымен бұл – Елбасының көреген саясатының, халықтың еңбегінің нәтижесі. Сонымен қатар, әлемге ашық болуымыздың, әртүрлі үрдістерге бейім болуымыздың маңызы зор. Облысымызда осы бағытта жүйелі жұмыстар бар. Өткен жылы облыс әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, қайта даярлау және тілдерді оқыту өңірлік орталығында 271 адам – қазақ, 37 адам – орыс, 83 адам ағылшын тілдерінің курстарынан өтті. Атырауда халықтың қазақ тілін меңгеру деңгейі жоғары: әлеуметтік зерттеулер қорытындысымен 96,9 пайыз деген мәлімет алынып отыр. Ағылшын тілін меңгергендердің үлесі – 12,5 пайыз, ал орыс тілін меңгергендердің үлесі 90,1 пайыз, – деп облыс әкімі Нұрлан Ноғаев нақты деректер келтірді.
Облыстық білім беру басқармасы әдістемелік кабинетінің директоры, PhD докторы Ғабит Қабекенов ағылшын тілін меңгеру бәсекелік қабілеттің алғышарттарының біріне айналып отырғанына тоқталды. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда физика, химия, биология, информатика пәндері ағылшын тілінде оқытылуына байланысты, осы пәндерден сабақ беретін 102 педагог ағылшын тілінде оқыту курсында біліктіліктерін арттырған. Биыл аталған курстан 214 мұғалімді өткізу жоспарланып отыр.
Елбасы барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына сай даярлауда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығына ерекше тоқталған. Ақпараттық технологиялар саласындағы жеделдетілген жаңғыртуларды пайдалануда облыстың 178 мектебі «Bilimland.kz» инновациялық білім берудің онлайн ресурсына қосылса, 134 мектептің негізгі субъектілері арасындағы байланысты нығайту мақсатында «Күнделік» қанатқақты жобасы енгізілді. Бұл мектеп бағдарламасы бойынша жасалған он мыңға жуық интерактивті сабаққа жол ашады. Мыңдаған көрнекі құрал ұсынады, жаратылыстану пәндері бойынша әлемдегі ең үздік виртуалды зертхананы пайдалануға мүмкіндік береді.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының басшысы Рашида Харипова мәдени мұраларымыздың жаңа ғасырмен бірге жаңғыруына Елбасы ерекше көңіл бөліп келе жатқанын айтты. «Сарайшық, Ақтөбе-Лаэти секілді көне шаһарлар, Таскешу керуен сарайы зерттеліп жатыр. Сарайшық іргесін бекіту жұмыстары мен қала орнында қазба жұмыстарын жүргізу, табылған құнды жәдігерлер негізінде музей ғимаратын кеңейту, аспан асты музейін ашу – Елбасы мақаласындағы ел игілігі үшін істелетін басты шаралардың бастамасы. Елбасы мақаласындағы ел үшін еңбек еткен тарихи тұлғаларымыздың есімдерін ел жадында жаңғырту, кейінгі ұрпақ жадында мәңгі қалдыру идеясы біздің өңірде дәстүрлі түрде атқарылып келеді», деді ол.
Актив жиынын қорытындылаған облыс әкімі Президент мақаласында жүктелген міндеттерді іске асыру үшін жергілікті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ