Астаналық облыста 5,1 млн гектар дән егіледі
Қазіргі таңда Ақмола облысында жұмыс істеп тұрған 6 май өңдейтін зауыттың жүктемелігі 30 пайыз, ал құрамажем зауыттарының жүктемелігі 56 па-
йызды құрап отыр. Бұл зауыттардың жүктемелігін одан әрі арттыру мақсатында 2021 жылға қарай майлы дақылдар алқабын 380 мың гектарға, мал азығы дақылдарын 490 мың гектарға және арпаны 670 мың гектарға арттыру жоспарлануда. Ал бидай алқабын 680 мың гектарға қысқарту көзделуде. Жалпы биыл Ақмола облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын 5,1 млн гектар аумаққа егу жоспарлап отыр.
Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысымен танысқан министр ағымдағы жылы көктемгі егістік жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен бөлінетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі төмендегенін айтты. Яғни, тұтынушы үшін мөлшерлеме 5-6 пайызды құрады.
Сапар барысында Асқар Мырзахметов аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы тауар өндіруші-
лерімен арнайы жиналыс өткізді. Жиында ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту мен аймақта тұрғындар үшін жеке қосалқы шаруашылық әлеуетін пайдалану арқылы өнім өндіруді ұлғайту мәселелері сөз болды. Ақмола облысында осы жылы сүт пен ет өнімдерінің жүктемелігін арттыратын 32 кооператив құру жоспарлануда. Қазіргі таңда 14 кооператив құрылды.
Ертіс өңірінде 70 кооператив құрылды
Үкімет басшысының орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің Павлодар облысына сапары аудан әкімдері мен аймақтың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесуінен басталды. Жиналыста ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігудің маңыздылығы, ауыл халқын жұмыспен қамту, егістік жерлердің құрылымын әртараптандыру, көктемгі егістік жұмыстарының барысы және суармалы жерлердің көлемін арттыру мәселелері талқыланды.
«Мемлекеттік бағдарлама келісілді, қаржыландыру толық көлемде бөлінді, мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалды. Ендігі әкімдіктердің міндеттері – мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуына және фермерлерді ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіруге ынталандыру жұмыстарын қарқынды жүргізу», – деді жиында А. Мырзахметов.
Бүгінгі таңда Ертіс өңірінде 70 кооператив құрылған. Оның ішінде 48 кооператив былтырғы жылы құрылған болса, осы жылы тағы да 8 кооперативтің іргесі қаланады деп жоспарлануда.
Жұмыс сапары барысында Асқар Мырзахметов Павлодар қаласындағы сүт зауытының жұмысымен танысты. Аймақтағы сүт өңдейтін кәсіпорындардың жүктемелігі – 55 пайызды, ал ет өңдейтін кәсіпорындардың жүктемелігі 68 пайызды құрайды.
Ырысалды ШӘМШИЕВА,
журналист,
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»