Жиынды ашып, сөз сөйлеген Астана қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов «Астана» ХҚО үшін ағылшындық жалпы құқық оның барынша икемділігі үшін таңдап алынғанын айтты. «Әлемдік тәжірибе ең үлкен, табысты жаһандық және өңірлік қаржы орталықтарының барлығының 85 пайызы ағылшындық жалпы құқықтың заңгерлік мазмұн моделінде жұмыс істейтіндігін көрсетті. Ағылшындық құқық немесе құрлықтық заңнама үздік деп дауласуға да болады. Дегенмен, біз қаржылық модельдер, қаржылық реттеу негізінен ағылшындық жалпы құқыққа бағдарланғандығын көріп отырмыз. Мұның ең қарапайым негіздемесі ағылшындық жалпы құқықтық үлгі боларлық және шындығында ол барынша икемді», деді ол. Қайрат Келімбетовтің сөзіне қарағанда, ағылшындық жалпы құқық нарық талаптарына тез арада бейімделе алады. Бұл мемлекетке нарық құлдырағанда немесе керісінше мемлекеттік реттеу сәтсіздікке ұшырағанда қажет.
Отырыста «Астана» ХҚО-ның ел экономикасына қаржы тартуға негізделген стратегиялық бағыттары, капитал нарығы, активтерді басқару, жеке тұлғалардың әл-ауқатын жақсарту, ислам қаржыландыруы және озық қаржылық технология жөнінде кеңінен әңгіме болды. Сондай-ақ, «Financial Times» басылымының дамушы нарықтар бойынша редакторы Джеймс Кинждің жекешелендіру стратегиясы тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды.
Басқосу барысында инвестиция мен қор нарығын дамыту саласындағы белгілі сарапшылар мен аналитиктер ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар, шетелдік инвесторларға жаңа қор биржасының алаңқайы – «Astana International Exchang» биржасы туралы мәліметтер ұсынылды. Қор биржасы ағымдағы жылы күзде іске қосылмақ. Онда «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның ең тартымды компанияларының акциялары орналастырылады.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»