Сонымен бірге, оның бағасының негізсіз өсу көріністері орын алды. Бүгінгі күні мұның басты себебі, көлеңкелі бизнестің бас көтергені, әртүрлі әкімшілік тосқауылдар және әдейі қолдан жасалған ұзын-сонар тізбек пен кезек екені белгілі болып отыр. Әрі осы жағдайды жұмыртқадан жүн қырыққан делдалдар өз пайдаларына ұтымды пайдалана білген.
Осы мәселені реттеу үшін облыста құрылған штаб сұйық отынның нақты құны қандай екенін айқындауға ден қойған еді. Қазіргі оның бөлшек саудадағы бағасы 25 пайызға дейін төмендегені штаб құрамының нәтижелі қызметінің белгісіндей әсер қалдырады. Яғни бүгінде отынның бір литрінің құны 55-тен 41 теңгеге төмендеді. Бұған қоса соңғы күндері сұйытылған газ көлемі де бірнеше есе өсіп, 7200 тоннаны құрады. Осының бәрі сұйытылған газға деген зәрулікті төмендетіп, газ құю бекеттерінде оның оңтайлы бағамен берілуіне жол ашты.
Атап айтар болсақ, Ақтөбе қаласында зауыт өнімін отыз газ құю бекеті жүзеге асырады. Күн сайын тұтастай өңірдегі және облыс орталығындағы автокөлікке газ құю бекетіне 390 тонна жанармай түседі. Штаб басшысы облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің мәлімдеуінше аталған көлем сұйытылған газға деген ішкі қажеттілікті өтеуге толығымен жетеді. Сондай-ақ, оның айтуынша отынның бар жоғы мен мөлшеріне және бағасына тұрақты түрде жүргізілген маниторингтер де оң әсерін тигізген.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы