«Ресми статистикаға сүйенетін болсақ, мектеп түлектерінің 80 пайызға жуығының денсаулықтарында түрлі ауытқулар болса, біраз бөлігінің ішімдікке әуес екені, ал келесі біреулерінің есірткі мен темекіге тәуелді екені анықталған. Бұл – әлеуметтік-экономикалық қиындықтардың ғана емес, сонымен қатар, жастардың бос уақытын ұйымдастыра алмай, алтын уақыттарын ерігумен өткізіп, саламатты өмір салтын ұстанбауының салдары. Бүгінде дереккөздердің мағлұматы бойынша жастарымыздың 30 пайызға жетер-жетпес бөлігі ғана дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналысса, дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіші 70 пайызды құрайды екен.
Осы орайда, 2012 жылдың өзінде Елбасы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында: «Егер біз Қазақстандағы өмір жасы Еуропадағыдай болғанын қаласақ, онда өзіміздің денсаулығымыз туралы ойлануға тиіспіз. Әрбір елді мекенде, соның ішінде ауылдық жерлерде, сондай-ақ, әрбір мекемеде белсенді демалысты, дене тәрбиесі мен бұқаралық спортты дамыту үшін бірте-бірте жағдай жасау жөн. Елдің оқу орындарында дене тәрбиесінің оқудан тыс сабақтары мен секцияларын кеңейту керек», – деп атап өткен болатын.
Үкіметтің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысына сәйкес, денешынықтыру мұғалімдері сабақтан тыс секциялар жүргізгені үшін айына 7 мың теңгеден сәл ғана астам үстеме ақы алатын еді. Оның өзі де білім беру мекемелерінің тек жартысын ғана қамтитын. Бұл көлге тамған көздің жасындай аз ғана тиын-тебен қандай маманның қай жыртығына жамау болады. Егер оқушылардың қалыпты жаттығуы жұмасына үш рет болады деп есептесек, бір сабағы үшін жаттықтырушы 583 теңге алады екен. Осы болмашы қаражат күнде, үш сағатқа жуық сабақтан тыс жұмыс істеуге, күш қуаты бойында, отбасын асырап отырған азаматты қызықтыра ма деген сұрақ туа-
ды. Естеріңізге сала кетейін, бүгінде бір баланың бір сағаттық репетициясы 2000 теңге көлемінде болса, кәсіби бір жаттығу құны 5000 теңгеден басталады.
Анығында, бізге өз сенімсіздігін жеңе алатын, ащы терді төге білетін, сынақтардан сынбай өтетін жастар керек. Ал оған жол ашатын жер, Елбасы атап өткендей, мектеп спорты. Осыған байланысты, жоғарыда айтылғандай, арада бақандай 5 жыл уақыт өтсе де, өскелең ұрпақ денсаулығының қоғамды алаңдатар тұстарын ескере отырып, Үкіметтің «2012 жылдың соңына дейін оқушылар үшін оқудан тыс спорт секцияларын бюджеттік емес қаржы көздерінен қаржыландырудың тетіктерін енгізуді қамтамасыз етсін» деген Елбасының тапсырмасына қайтып оралуын сұраймыз».