● Жарыстың алғашқы күні бірінші болып Чехия мен Дания құрамалары тартысқа түсті. Дания футболшылары матч бітуге үш минөт қалғанда 3:2 есебімен жеңіп жатқан. Бақ дегенді қойсаңызшы. Чехия құрамасы қас-қағымда есепті теңестірді де, тура үш секунд қалғанда төртінші допты соқты да кетті – 4:3. Қас-қағымда төңкеріп кетті.
Қазақ елінің жанкүйерлері зәулім сарайды дүбірге бөлеп, думандатып, дуылдап отыр. Жаны бөлек жанкүйерлер ішіндегі ерекше топ көзге оттай басылады. Дабыл қағып, қиқуға басып тұр. Тура алдарында ілінген «Қазақ елі» деген жазуы бар үлкен плакат жүрегіңе нұр құяды.
● Македония қақпасы тас қамал, алғызар емес. Біздің шабуылшылар саңылау іздеп жосылтып жүр. Бірінші кезеңнің бітуіне тура жеті минөт қалғанда, Леоның паркет бауы- рын жалата тепкен қуатты добы қақпаға сүңгіп кетті – 1:0. Сол Леоның оң қапталдан қалықтата шығарған добын сол қанаттан жүйткіп келген Серік Жаманқұлов қапысыз тепті – 2:0.
Осы есеппен Қазақ елі құрамасы үзіліске шықты. Жанкүйер жүзіне лып етіп қан жүгірді. Екінші кезеңдегі алма-кезек шабуыл нәтиже берер емес. Орайлы бір сәтте Дуглас шығарған допты сол қапталдан ышқына ұмтылған Альберт Ақбалықов сол аяқпен қақпа торын солқ еткізді 3:0. «Ақтөбе» клубы ойыншысының паркетке шыққаны да сол еді, жарқ етіп көзге түсті.
● Жарыстың екінші күнінде Македония мен Чехия құрамалары текетіресе кетті. Бірақ тәжірибесі мол Чехия құрамасы тіс батырып жіберді – 7:3.
● Бұл күні Қазақ елі құрамасы Дания командасын сілкілеп алды. Төртінші минөт өткенде Жаманқұлов жарқ еткізіп есеп ашты – 1:0. Ойынның тоғызыншы минөтінде Леоның құйындата тепкен добына қақпашы ұмтылып та үлгермеді – 2:0. Тартыстың 17-минөтінде Дугластың сол аяқпен заулатқан добы қақпашыдан кейін серпілді. Қайтқан допты Михаил Першин қақпаға зу еткізді – 3:0. Першин – басынан бағы тайған «Тұлпар» клубының ойыншысы. Қазір «Қайрат» командасында. Қуаныштан атып тұрған қалың жанкүйер құйрықтарын басқанша Дуглас есепті ұлғайтып үлгерді – 4:0.
Ойын бітуге үш-ақ минөт қалды. Бас бапкер ойынға Оразов Біржанды шығарды, дұрыс шешім. Осындай жауапты ойынның сәті келген тұсында шыңдап алу керек. «Жетісу» клубының бұл футболшысы екі күн бойы орындықта кезек күтіп отырған.
Даниялықтар дәрменсіз күйге түсті, Дінмұхамбет Сүлейменов соққан соңғы доп есеңгіретіп тастағандай – 5:0. Осылайша, Қазақ елі құрамасы екінші күні де қалың жанкүйерді үлкен жеңісімен қуантты.
● Жарыстың соңғы күні Македония бағын асырды, Данияны 4:3 есебімен жеңіп көш соңында қалдырды.
Жанкүйер қауымның футзалға деген ықыласы ерекше. «Алматы Арена» қаланың солтүстік батысында, әжептәуір жер. Жету оңай емес. Жұмыс күні болғанына қарамастан, ел құрамасының шешуші ойынына халық ықыласы керемет. Зәулім сарайды лық толтырып отыр. Осындай тілеуқор халқы бар команда жанкүйерді жерге қаратпауға тиіс.
● Ойынның 5-минөтінде Дугластың айналдыра тепкен добы қақпашыдан кейін серпілді. Қайтқан допты қас-қағымда шірене қайта тепті. Гол! Чехия қақпасы бұзылды – 1:0.
Шыңғыс Есенамановтың шырқырата тепкен добын қақпашы әрең қайтарды. Аса тартысты ойын. Желден озған жылдамдық. Ойын өте жоғары екпінмен өтуде. Екі команда да бес-бес фолдан. Екі команда да қызыл сызық үстінде. Енді тәртіп бұзылса, айып добы дайын тұр. Бірінші кезеңнің аяқталуына тура 59 секунд қалды. Леоның сәтті шығарған добын Першин қапысыз соқты – 2:0.
Екінші кезеңде үдей соққан дауылдай толассыз шабуылдар басталды-ай, шіркін. Біздің ойыншылар аса сауатты қорғануда. Теңіздің дүлей толқындарындай екілене, тынымсыз жасаған шабуылдардың бетін қайтарып, допты сыртқа теуіп жатыр. Қапталдағы екі төреші допты біздің қақпаға бағыттап көрсетумен әлек.
Ара-тұра Дугласқа қақпаны қарауылдатып Игита ойынға қосылып қояды. Оның тепкен добы қақпа жақтауын сындырардай, аса қуатты. Әзірше дарымай тұр. Бір кезде қақпасын иесіз тастап Чехия қақпашысы да ойынға қосылды. Осыны байқап қалған Дуглас аяғына доп тиген сәтте қараусыз қалған қақпаға заулатты – 3:0.
Қазақ елі құрамасы керемет ойын үлгісін көрсетті. Қарсылас үш команда қақпасын қақыратып 11 доп соқты. Жалғыз доп өткізбеді. Бұл жерде қақпашы Игитаның керемет шеберлігін айтып өткен абзал.
● Қазақ елі құрамасы енді 2018 жылдың 30 қаңтар мен 10 ақпан аралығында Словенияның Люблян қаласында өтетін Еуропа чемпионатының финалында айқасқа түседі. Қазақ елі құрамасын дүниені дуылдатқан небір атақты командалармен сайысқа түсу бақыты күтіп тұр.
Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ,
журналист
АЛМАТЫ