Қазақ өз сәбиіне есім берерде әртүрлі жағдайларды себеп етіп, соны ырымдайтыны ежелден бар әдет! Біздің аға-дос Дайрекең де жарық дүниеге шыр етіп келген сәтте ата-анасы осы Сырдариядай шалқар да кең, асау да арынды болсын деп ойласа керек-ті.
Десе дегендей, бүгінде жігіт ағасы жасындағы Дайрабай Ысқақұлы – өнегелі ғұмыр кешіп, артына тамсана айтардай жақсы істер қалдырумен келе жатқан жайсаң азамат. Сонау, 1970 жылы Алматыдағы халық шаруашылығы институтын ойдағыдай тәмамдаған соң, үлкен еңбек жолы басталып жүре берген. Сол баспалдақ жол бұл күнде дара жолға ұласқандай. Отбасын құрды. Сүйікті жары – Балтагүл Бәйімбетқызы екеуі тағдыр жарастырғалы бері екі ұл, екі қыз сүйді, сол ұрпақтарынан ондаған немере сүйіп, ардақты ата-әже болып отырғаны тағы бар.
Бұл ретте, Дайрабай аға – расымен бақытты отбасы иесі! Ардақты ата, абыройлы азамат, дос-жаранның ортасында сыйлы жан!
Әрине, ер-азаматтың болмысын барынша асқақтатар айнасы – оның еліне, халқына сіңірген қызметі! Мына фәни жалғанда ұзақ жасап, бірақ кейінгі ұрпақ еске алар ештеңе де бітірмей, елең-селеңмен өтіп кететіндер де баршылық. Ал Дайрабай Ысқақұлы – өз тағдырының қожасы, өзінің алдына қойған мақсатына жетуге әрдайым талпынып, қай кезде де сәттіліктермен қауышып отырған екен.
Еңбек жолын Сыр еліндегі қаржы саласында қарапайым қызметтен бастап, осы облыстың қаржылық бақылау басқармасының басшысы деңгейіне дейін көтеріле алды. Одан соң салық саласына ауысып, бұл бағытта да өнімді еңбек ете білді, биік лауазымдарға қол жеткізді. Қолынан іс келетін білікті азамат екенін барынша көрсете алғанын атап айтса артық емес.
Дайрабай Ысқақұлы Қызылорда, Орал, Шығыс Қазақстан, т.б. облыстарда да қаржы-салық саласын басқарған кездерінде өзінің ізденімпаз, елгезек, талапшыл қасиеттерімен көзге түскен. Өзі атқаратын саланың дамып-жетілуіне, жаңарып отыруына үнемі ынтық болғанын сол тұстарда қатар қызмет істеген аға-достары да куәлік етер-ді.
Орал топырағында қызмет еткен шағында тығыз араласқан ағасы Н.Есқалиев бір жазбасында: «...облыстық бюджеттің саналы атқарылуына, тиімді игерілуіне, тиісінше бақылауын орнатып, сауатты қамтамасыз етіп, өңірдің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі айрықша болды», деп баға беріпті. Бұл ғана емес, Дайрабай ағаның Шығыс Қазақстан өңірінде атқарған өнегелі істерін сол кезде өңірді басқарған Ә.Бергенев те аса ризашылықпен еске түсіреді. «...Жайдары, ақжарқын мінезі бауырмал көпшіл көңілі және кішіпейіл әрі кең пейілі ойға еріксіз орала береді», деп сағынышпен жазыпты. Қызылорда облысының қаржы басқармасын ұзақ жыл басқарған әріптес-досы Қ.Әжібеков те Д.Ысқақұлы туралы тебірене-толғана сөйлейді. «Дайрабай өз ісінің білікті маманы болумен бірге, көптеген қоғамдық жұмыстардың да ұйытқысы бола білген бесаспап жан, ондай елеулі істерін тап бүгін санап тауысу мүмкін бе?» деп бағалар-ды.
Әр жылдарда аралас-құралас болған, қазір де аса сыйласты жандар – М.Ауанов, А.Айдарбаев, С.Мұстафаев, Б.Ахметов, А.Құрманғалиев, т.б. кісілердің айтар тілегі, білдірер жақсы лебізі көл-көсір әрі барынша көп. Олар Д.Ысқақұлы туралы тек қана жақсы ниетпен, ыстық ықыласпен сөйлейді. Міне, мұның өзі де асыл азаматтың бейнесін асқақтата түссе керек.
Сол сыйласты көп дос-азаматтардың ішінен республикаға еңбек сіңірген дәрігер Бақтығали Ахметовтің мына арнау жырының бір үзігі көзімізге оттай басылған.
Жансың ғой заманадан
сыр ұғынған,
Ғибрат алар ұрпағың
ғұмырыңнан,
– деп төгіле жырға қосыпты оны.
Осы өлең жолдарын оқығанда менің есіме атақты ақын ағам, марқұм Сейсен Мұхтарұлы түсе береді. Ол осы Дайрабай ағамен түйдей құрдас, жақын араласқан жандардың бірі болатын-ды.
Көзі тірісінде бір жолы Д.Ысқақұлы туралы айта келіп:
– Бұл жігіт қаржы-салық саласының аса білгір маманы екеніне дауым жоқ, алайда, мен үшін ол – жаны нәзік, ақынжанды азамат. Әдебиетті, оның ішінде поэзияны қатты қадірлейді, көп ақындардың жырларын жатқа оқиды, – деп сыр тарқатқан-ды.
Ақынжанды, өнержанды екенін біз де өз көзімізбен көріп, өз көңілімізге әлденеше рет түйгенбіз де.
Дайрабай ағамен көп жылдан бері таныспыз, аға-доспыз! Ол кісі Сыр елінде бақылау-ревизорлық басқарма бастығы болған тұста бірлесе жұмыс істеп, сол еңбегінің кейбір көріністерін қағазға түсіріп, облыстық газетте бірнеше ойлы мақалалар жариялаттық.
Соның бірі әлі күнге есімде. Өткен ғасырдың 80-жылдарының іші еді. Бір күні Дайрабай ағам телефон шалды.
– Білесің бе, біздегі Макаренко атындағы балалар үйі бар емес пе, сол мекемеден ши шықты. Балаларға бөлінген қаржы талан-тараж-ға түсіпті. Тексеру қорытындысын ертең шығармақпыз, бірге барсақ қайтеді, газетке жазып, елге жария етсек деп едім, – деген.
Іздегенге – сұраған! Бардық. Көрдік. Естідік. Анау-мынау емес, миллиондаған қаражат желге ұшқан. Жо-жоқ, желге ұшқан жоқ, кейбір пысықайлардың қалтасына түсіп үлгерген, қақалмай-шашалмай жұта беретін жемқорлардың тамағында кеткен. Ұялмай-қызармай қылғыта беріпті-ау сабаздарың! Жүрегіміз ауырып, бойымыз дел-сал болып әзер жеттік өз үйімізге. Айтарға тіл жоқ! Сұмдық қой бұл! Басқа-басқа онсыз да тумай жатып тағдыр тоқпағын көріп, жаны шырқырап өсіп келе жатқан жауқазын жас буынның несібесіне қол сұғу деген – неткен қаражүректік, неткен салқынсезімдік?!
Сол күні түнде «Жүрегі жоқ адамдардан қорқамын...» деген көлемді мақала ақ қағаз бетіне түскен-ді, ол екі-үш күннен соң облыстық газетте Дайрабай аға екеуміздің атымыздан жарияланған-ды. Мақала басылысымен-ақ телефон соғып, ақша жеген арсыздарды кінәлап сөз айтқан, оларға тиісті жазасын беру керек деп үн қатқандардың санын санап болмастай-ды!
Әрине, осындай ел ішін бір-ақ күнде дүр сілкіндірген жазбаның өмірге келуіне тікелей себепкер – менің Дайрабай ағам-ды. Одан бұрын да, одан кейін де бұл салада қызмет еткен, өз ісін адал атқарған жандар мол-ақ, бірақ олардың қай-қайсысы да тап Дайрабай Ысқақұлы секілді ашық та жариялылықты ту етті, соған барынша тәуекел ете алды деп ауыз толтырып айта алмасымыз тағы да рас!
Жақсы қызметкер болу – жақсы іс! Мақтаулы іс! Ал адал да ақжүрек азамат болып қалу – одан да асыл іс!
Көп реттерде біз кей азаматтар туралы айтқанда, осы екеуін қатар алып сөз ете бермейтініміз бар. Қызметте көп жетістіктерге қол жеткізіп, ел аузына іліккен жандарды біржақты мақтап жатады екенбіз. Өз ісінің озық маманы болу мен өз заманының ары таза, жаны жомарт, ізгілігі мол перзенті бола білу – құстың қос қанатындай-ау, сірә!
Біз білетін Дайрабай Ысқақұлы – осы екеуіне де лайық азамат!
Сосын да болар, ол қай салада қызмет етпесін, кімдермен араласпасын, әрдайым құрметке бөленіп, артында жақсы сөз қалдыра білген абзал жан екені тайға таңба басқандай көзге ұрып, алыстан менмұндалайды.
Зейнет жасына жеткеніне біршама уақыт болса да, Дайрабай аға еңбектен әлі қол үзген емес, әйтеуір өз көңілінен шығатын жұмыс болып жатса, еш тартынбайды, білек сыбана кірісіп кетеді. Ал одан да ерекше бір қасиеті – ол өзінің көргені мен түйгенін кейінгі жас ұрпаққа үйретуден жалықпайтын адам. Осы күні Дайрабай Ысқақұлының ізбасар-шәкірттері ондап, тіпті, жүздеп саналады десек, бұл артық айтпағандық болар, сірә!
Қашан көрсең де, қайда жолықтырсаң да, оның жанынан кісі үзілмейді. Ақыл-кеңес алып, «ағалап» жүрген жас мамандарды көптеп кездестіресіз. Ал оларды әңгімеге тартсаңыз, таусылмас дастан: сөзге сөз жалғанады, қиялыңа қанат бітіреді; асыл азаматтың шын бейнесін сонда ғана тани түскендей боласың!..
Жолтай ӘЛМАШҰЛЫ,
жазушы