Ұлттық және халықаралық сыйлықтардың иегері Ясуаки Онишидің Орта Азия аумағында өтіп жатқан алғашқы көрмесі. Көпшілік назарын аударған «Vertical Emptiness» атты композициясы расымен кісі қызығарлықтай ерекше формада: көктен салбырай ілінген ағаш бұталары әуелде диссонанс тудырады. Кристаллмен көмкерілген бұталар терезедегі қысқы қыраудай жылтырай түсіп, қаңтардағы салқын ызғар лебі желпіп өткендей бір серпілтеді.
«Біздің шынайы әлемімізден бөлек, бізге көрінбейтін параллельді әлем бар. Шығармаларымда осы көрінбейтін әлемнің кей тұстарын бейнелегім келеді. Астанаға көмекшім екеуіміз сәуірдің басында келдік. Тұп-тура 12 күн бойы таңғы алтыдан, кешкі алтыға дейін жұмыс істеп, көрме алаңын құрдық», дейді суретші.
Ол жұмыстарына негізінен полиэтилен таспасы мен желім қолданады. Мысалы, «Vertical Emptiness» инсталляциясына 12 келі желім пайдаланған:
«Ілінген бұталарға сұйық желімді бірнеше қабат етіп арнайы тапаншамен атамыз. Сосын композицияға тозаң эффектісін беру үшін карбамид пен су араласқан қоспаны шашамыз».
Автордың композицияларынан оңай қабылдауға көне бермейтін абстракционизм ұшқыны қылаң берсе, енді бір лирикалық көріністерінен періштелік тазалықтың болмысы сезіледі. Мысалы, қатарласа ілінген мына қара түсті картиналарға бір көз салғанда ештеңе байқамауыңыз мүмкін. Аздан соң қара фонға қым-қиғаш, айналдыра шашылған желім жұқпалары иіріміне сүңгітіп әкеткенде, маздай жанған от алдында отырғандай, тесірейіп тұрып қалғаныңызды өзіңіз де аңғармай қаласыз. Суретшінің өзі айтқандай, бірізділік жоқ картиналарын әркім өзінше түсінеді, тіпті түсінбеуге де қақысы бар.
«Мен жаратылысты танып-білу үшін небір тәсілдерді қолданамын. Менің шығармаларымда нақтылық жоқ, әр көрермен өзінше ұғады, өзінше түсінеді. Интерпретацияға шектеу жоқ. Көбіне адамдар мұндай көріністі түсінде көргендерін айтып жатады», деп жымияды.
Қазақстандық талантты суретші Алмас Сырғабаев автордың бұл ойын қостайды. Алмастың айтуынша, суреткер-тұлғаның субъектiлiк көңiл-күйiн аңғартатын инсталляция сияқты заманауи мәдениеттің соңғы үлгілері Қазақстанда енді-енді танылып келеді.
«Инсталляция – бейнелеу өнерінің әлеуметтік бағыттағы бір түрі. Ясуаки Онишидің композияциялары бейнелеу өнері туралы қалыпты түсініктерге қарама-қайшылық тудыруымен ерекшеленеді. «Vertical Emptiness» (Вертикаль кеңістік) композициясынан көкжиекпен ұштасқан жазық теңізді, теңіз бетіне шағылысып тұрған бәйтеректің сұлбасын көргендей болдым. Мұндай көрмелердің жаттығы жоқ, жан-дүниеңе ерекше әсемдік сыйлайды», дейді ол.
Жапонияда туып-өскен Ясуаки Ониши Цукуба университеті мен Киото қаласындағы Өнер университетінде білім алды. Оның «Әлем жолы» атты жұмысы (2011) Осакода (NMAO) Ұлттық көркем музейінде тұр. Норвегия, Дания, Израиль мен АҚШ арт галлереяларымен белсенді жұмыс істеп келе жатқан суретшінің «Revers of Vоlumе» атты инсталляциясы Париждің Maison Bleu студиясындағы «Vide et Plein» жыл сайынғы дәстүрлі көрмесінің басты обьектісі. «Kulanshi» заманауи өнер орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан көрме мамыр айының соңына дейін ашық.
Ая Өміртай,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген Ерлан Омаров