Ұлттық құрылыс саласы ассоциациясының президенті Мұхит Әзербаевтың айтуынша, жаңадан бой көтеретін 14-ші ықшам ауданға 49 көпқабатты үй орналасады. Оның ішінде бес қабатты 27, тоғыз қабатты 16, он екі қабатты 6 үй салынады. Жалпы тұрғындарға берілетін 5 460 пәтерге 16 000 адам қоныстанады деп жоспарлануда. Сондай-ақ бұл аумақта тұрғын үйлерден бөлек, әлеуметтік нысандар да көптеп салынады. Мысалы, 250 орындық 3 балабақшаның, 2 орта мектептің, балаларды бейімдеу орталығының құрылысы жүргізіліп, ауысымына шамамен 500 адам қабылдайтын емхана мен онкологиялық диспансер, диагностикалық орталық бой көтеретін болады. Сондай-ақ, тараздықтардың көптен күткен неке үйі де осы ықшам ауданда бой көтереді. Одан бөлек, мұнда мәдени-рухани нысандар да салынып, халыққа қызмет көрсетеді.
«Бүгінгі таныстырылып отырған 14-ші ықшам ауданның құрылыс жобасы толықтай іске асса, көне шаһардың одан әрі құлпыра түсетіні анық. Дегенмен, жобадағы демалыс орындарынан субұрқақтарды байқамай тұрмын. Сондай-ақ, ықшамауданда салынатын сауда кешендері үлкен жолдың бойында орналасыпты. Бұл өз кезегінде тұрғындарға қолайсыздық туғызуы мүмкін. Осыны қайта қарап, көлік аз жүретін ықшам аудан бөлігіне орналастыру қажет деп ойлаймын», – деді Кәрім Көкірекбаев.
Өз сөзінде Мұхит Әзербаев айтылған мәселелердің шешімін табатынын айтып, алдағы күндері құрылыс жобасын жетілдіру үшін бірлескен жұмысшы кеңесін құру бастамасын ұсынды.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы