Vodiymedia.uz (Өзбекстан)
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел үкіметіне қазақ әліпбиін латын әріптері негізінде жасап шығуға тапсырма берді.
«Үкімет қазақ әліпбиін латын әріптері негізінде жасап шығуы керек», делінген Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан авторлық мақаласында.
«Ғалымдар мен қоғамдық талқылаудан соң, жыл соңына дейін латын әріптері негізінде жасалған қазақ әліпбиінің жалғыз нұсқасын шығарамыз. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды дайындау және орта мектептер үшін арнайы пән енгізу керек», деп айтты Қазақстан Президенті.
Жаңа латын әліпбиіне көшудің алғашқы жылдары Қазақстанда кирилл және латын әріптері бірге қолданыла береді. Дәл біздегі сияқты қазақстандықтар да латын графикасы негізіндегі әліпбиіне кезең-кезеңімен көшеді.
kun.uz (Өзбекстан)
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев латын тіліндегі қазақ әліпбиін 2017 жылдың соңына дейін жасап шығару туралы тапсырма берді. Бұл туралы ел Президенті «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақаласында айтты.
«Латын жазуына көшудің маңызы зор. Бұл – заманауи технологиялар мен коммуникацияларда бәсекеге қабілеттілікті арттыру мен ХХІ ғасырдың білім беру жүйесіне ыңғайланудың жолы. Балаларымыз мектеп кезінен-ақ ағылшын тілі арқылы латын әріптерін үйренеді. Сол үшін өскелең ұрпаққа қиындық тумайды. 2017 жылдың соңына дейін ғалымдар мен қоғамдық талқылаудың көмегімен жаңа әліпбиді қабылдауымыз керек», делінген Назарбаевтың мақаласында.
Қазақстан Президентінің айтуынша, 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды дайындау және орта мектептер үшін арнайы пән енгізу керек. Сондай-ақ, кирилл және латын әріптері алғашқы уақыттарда бірге қолданыла береді.
daryo.uz (Өзбекстан)
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел үкіметіне қазақ әліпбиін ауыстыру кестесін түзуді тапсырды.
«Үкімет қазақ әліпбиін латын әріптері негізінде жасап шығуы керек», делінген Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан авторлық мақаласында.
«2017 жылдың соңына дейін қазақ әліпбиінің латын тіліндегі нұсқасын жасап шығуымыз керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандар дайындалсын және орта мектептер үшін арнайы пән енгізілсін. Жақын екі жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстарын жүргізу керек», дейді Н.Назарбаев.
Sputniknews-uz.com (Өзбекстан)
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл соңына дейін қазақ тілін латын әліпбиіне ауыстыру бойынша бірыңғай стандарттар дайындау туралы тапсырма берді. Өзінің мақаласында Мемлекет басшысы Қазақстан Үкіметіне қазақ тілін латын әліпбиіне ауыстыру туралы тапсырма жүктеді.
«Біз осы мақсаттағы жұмыстарды қолға аламыз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне ауыстыру бағдарламасын дайындауы тиіс», делінген Н.Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан мақаласында.
Мақалада Назарбаев латын әліпбиіне өту бастамасын заманауи технологиялар мен коммуникацияларда бәсекеге қабілеттілікті арттыру мен ХХІ ғасырдың білім беру жүйесіне ыңғайланудың жолы ретінде түсіндіреді.
«Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек. Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес», дейді Н.Назарбаев.
Президенттің айтуынша, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица да қолданыла тұрады.
Cumhuriyet (Түркия)
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел Үкіметіне қазіргі қолданыстағы кирилл әліпбиін латынға ауыстыру туралы тапсырма берді. Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған мақаласында жаңа әліпбидің бірыңғай стандартын жыл соңына дейін дайындауды тапсырды.
«2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуі керек», деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті алғашқы кездері қос әліпбидің қатар пайдаланылатынын айтты.
Бұдан бұрын КСРО құрамында болған Әзербайжан, Молдова, Түрікменстан мен Өзбекстан латын әліпбиіне көшкен еді. Өзбекстан ресми түрде латын әліпбиіне көшкенімен, кирилл әріптері әлі де қолданыстан шықпаған. Ал Қырғызстан мен Тәжікстан кирилл әріптерін қолдануда.
Aljazeera Türk (Түркия)
Кирилл әріптерімен латынға көшуге дайындалып жатқан Қазақстан 2018 жылдан бастап мектеп оқулықтарын латын әріптерімен баспақ. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2025 жылға дейін барлық кітаптардың, мерзімді басылымдардың және ресми іс қағаздардың латын әліпбиіне ауысатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, ол ел Үкіметіне латын әліпбиіне көшу туралы тапсырма берді.
«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Назарбаев Үкіметке жыл соңына дейін латынға көшудің бірыңғай стандартын дайындауды тапсырды.
Мақалада Мемлекет басшысы X-XX ғасырлар аралығында елдің араб әліпбиін пайдаланғанын, 1929 жылдан бастап латын әліпбиі енгенін, ал 1940 жылы кирилл әріптерінің қолданысқа кіргенін айтады.
2017 жылдың соңына дейін сала мамандарымен ақылдаса отырып, латын әліпбиіне көшудің бірыңғай стандартын дайындауды тапсырған Мемлекет басшысы 2018 жылдан бастап мектеп бағдарламасына латын әріптерінің енгізілетінін айтты. Алдын ала жоспарға сай, бастапқы кезде қос әліпби қатар қолданыста болмақ.
Trt.net.tr (Қырғызстан)
Қазақстан 1929-1940 жылдар аралығында қазақ-латын әліпбиін қолданғаннан кейін кириллицаға өткен болатын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кириллицаны латын таңбасына ауыстыру туралы тапсырма берді. Президент «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында жаңа латын әліпбиінің үлгісі жылдың соңына дейін дайындалу керектігін айтты.
Н.Назарбаев: «2018 жылдан бастап жаңа әліпбимен білім беру үшін әдістемелер дайындалып, орта мектептер үшін латын әліпбиінде кітаптар басылып, алдағы екі жылда методикалық істер атқарылуы керек», деп жазды.
Дайындаған
Әли Битөре,
«Егемен Қазақстан»