• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Сәуір, 2017

Ғылымға адам капиталы маңызды

150 рет
көрсетілді

Алматыдағы «Ғылым Ордасында» биыл алтыншы рет аталып өтіп отырған Ғылым қызметкерлері күніне орай «Қазақстанның үшін­ші жаңғыру кезіндегі ғылымы» атты форум жұмысы аяқ­тал­ды.

Мемлекеттің Қазақстан ғылымына ерекше көңіл бө­луі­нің көрсеткіші – Ұлттық ғылым академиясының 70 жыл­ды­ғына арналған сессияға Президент Н.Назарбаевтың арна­йы қатысып, ғылымды дамытудың басты бағыттарын ай­қын­дап беруі. Сондай-ақ, ғылым саласының басты міндеттері Ел­ба­сы­ның «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қа­бі­леттілік» атты Жолдауында да нақтыланған болатын.  

Форумды ашқан Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев отандық ғылым туралы әңгімесін «Ғылымда немен айналысуға бола­ды? Ғылыммен кім айналысуы ке­рек? Ғылыми жұмысты қалай дұ­­рыс ұйымдастыру керек?» деген үш сауалға жауап беруден бас­тады.

Жаңа, заманауи әлемдік эко­но­микадағы бәсекеге қабілетті ел­дердің 70 пайызы адам капита­лына арқа сүйейді. Адам капиталына сүйенбеген шикізат өндірісі, дамыған инфрақұрылым, тіпті өндірістің өзі бүгінде 20-25 пайызға дейін қысқарды. Жетекші елдердің бәрінде нано, био, цифрлық технология, ген инжинериясы, эко­ло­гиялық технология, жасанды ин­теллект дамып, өндіріске кибер­физика жүйесі енгізіліп жатыр. Гу­манитарлық ғылымдар мен зер­т­теу­лер де кеңінен дамып ке­ле­ді. Қа­зақстан ғалымдары да соңғы жылдары тау-кен, мұнай, химия салалары бойынша қуатты ғылыми база жасақтай алды, нанотехнология да үздік ғылыми жетістіктер көр­сете бастады, тео­рия­лық физи­када, математика­да, химияда ғылыми тегеурін қа­лып­тасып келеді. «Ғылым немен айналысуы керек?» дегенде, Е.Кенжеғалиұлы «жылдар бойы қа­лып­тасқан ғылыми мектебімізді тү­бірімен жоққа шығармай, керісінше, оны қолдай отырып, ғылыми ізденістер көкжиегін ке­ңей­те түсудің дұрыс» екенін айтты. Қазақстанға 1 миллион жоғары бі­лімді маман жетіспейді. Ал ғы­лымдағы дамуды есепке алсақ, біз­ге қарағанда, Ресейде жоғары бі­лімді адам 17 миллионға артық. Са­у­атты, интеллектуал ұлтқа айналу – ұлы мұрат. Бүгінгідей көз ілес­пес жылдамдықпен дамып бара жат­қан кезеңде бір ғана интеллек­ту­ал тұлға немесе білімді топ тұтас са­ланың жұмысын атқарып бере алады.

Ал «ғылыммен кімдер айналысу керек?» деген сауалды тарқатпас бұ­рын, білім мен педагогика ғы­лы­мына назар аударылуы тиіс. Жас­тар жаңаша ойлауды үйренуі ке­рек. Ғылым тілінің мәртебесін бү­гінде ағылшын тілі жеңіп алған. Ғылым үшін ағылшын тілін білу ма­ңызды әрі міндетті. Министрдің ай­туынша, ғылым салалары бойынша бөлінетін гранттар саны 31-ден 36-ға, 7-ден 10-ға дейін артады. Сондай-ақ, PhD жүйесінде де өз­ге­ріс болады. PhD әзірлеу 600-ден 1000-ға дейін өсті, ең бастысы, ақы­лы дайындау жүйесі енгізілді. Ен­дігі жерде олардың дайындығы зерт­теуге бөлінген грант аясында қа­ралатын болады.

Е.Сағадиев тіл мәселесіне ай­­рықша тоқталды. «90 пайыз қа­зақтың баласы бүгінде қазақша оқып жатыр. Биыл ҰБТ-ға 80 пай­ыз қазақтілді оқушы келеді, ал мен мектепте оқыған жылда­ры Алматыдағы 65 мектептің тек біреуі ғана қазақ мектебі бол­ған еді. Бүгінгі аса назар аудара­тын проблемалардың бірі – орыс мектептерінде оқитын 500 мыңға жуық бала 11 жыл оқыса да, қазақша сөйлемейді. Демек, әдіс­темесі дұрыс емес. Ахмет Бай­тұр­сынұлы атындағы Тіл білімі инс­титуты жасап берген алғашқы жо­баны биылдан бастап енгізгелі отыр­мыз. Сынаққа алынатын 100-150 мектеп тиімді нәтиже көрсетіп жат­са, 2019 жылдан бастап барлық орыс мектебіне енгізе бастаймыз. Бұл жоба, ең алдымен, баланы сөй­ле­туге арналған» деді министр.

Сондай-ақ, ол Президенттің үне­мі қынжылыспен еске салатын ғылым мен өндірістің алшақ жатқаны туралы ескер­т­­песінің орынды екенін, осы тө­ңі­ректе де бірқатар жобалардың қол­ға алынғанын жеткізді. 2016 жы­лы бизнес ғылыми жобаларды қаржыландыруға 1 млрд теңге бөлген болса, 2018 жылға қарай бұл қаржы 7 млрд теңгеге дейін өсуі мүмкін.

Форумда Ұлттық ғылым ака­де­миясының президенті М.Жұ­ры­нов, Сенат депутаты А.Би­жа­нов, ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов, «Ғы­лым қоры» АҚ пре­зиденті Ә.Сұл­танғазин, Қазақ­стан ЖОО қау­ымдастығының пре­зиденті Р. Алшанов ғылым әлеуетін артты­ра отырып, отандық ғылымды да­мы­ту, бәсекеге қабілеттілікті жол­ға қою, инновациялық мүм­кін­дік­тер­дің тынысын ашуға байланыс­ты баяндамалар жасады. Форум со­ңында ғылымның әр саласында ең­бек етіп жүрген үздік ғылыми қыз­меткерлер ведомстволық наг­радалармен марапатталып, ғы­лыми-зерттеу институттарының ди­ректорлары мен жетекші ғалым­да­ры секцияларға бөлініп, өз сала­сындағы өткір мәселелер төңі­ре­гін­де пікір алмасты.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар