Жәрмеңкеге келген жастардың саны 800-ден асады. Биыл дипломын қолға алатын оларды «бірден жұмысқа кім ала қойсын?» деген де сұрақ қылаң беруі мүмкін. Бірақ жәрмеңкеге келген жұмыс беруші тарапты көргенде көңілдегі күдік сейіле түсті. Онда 107 жұмыс беруші тараптың өкілі келіпті. Оның ішінде білім беру ұйымдарының, өндіріс орындарының, құрылыс компанияларының, телекоммуникация орталықтарының, мемлекеттік органдардың басшылары мен өкілдері бар. Мың түрлі мамандыққа сан түрлі жұмыс ұсынушылар бар екен.
Көңіл қуантқаны, бұл шараны жәрмеңке өтті, бітті деген желеудің қатарына қосу қисынсыз. Өйткені, жәрмеңке барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов 12 түлекке жұмысқа орналасуға жолдама табыстады. Екі-үш айдың көлемінде оқу бітіреді, ал жұмысы болса дайын. Осындай жағымды әсер сыйлайтын жағдайлардың қоғамдағы қасаң қағидаларды бұзуға ықпал жасайтыны жақсы.
Сол жерде жұмысқа орналасуға жолдама алғандардың бірі – университеттің 4-курс студенті Дана Жорабай. Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №171 орта мектебіне ағылшын тілі пәні мұғалімі бойынша жолдама алған ол оқуда да озат екен. Бастысы, төрт жыл бойы оқыған еңбегінің зая етпей, жұмысқа орналасуға оң ықпалын тигізгенін көңілге медет тұтады. Дана өндірістік тәжірибеден өтетін кезде аталған мектепке барған. Ағылшын тілі пәнінен сабақты жақсы беріп, басшының көзіне түскен. Ұйымдастырушылық қабілеті бар, оқу үлгерімі жақсы маманнан кім айырылсын?! Жақсы кадр қай жерде де бағалы. Университет осындай студенттердің практикадан өту кезеңін ескере отырып, 40-тан аса мекеме мен ұйымдар арасында әлеуметтік әріптестік орнатқан.
Мектеп дегеннен шығады, қазіргі кезде елімізде педагогика саласында орыс тілді мамандарға сұраныс жоғары. Бұл мәселе Сыр өңірінен де шет қалмаған. Мәселен, жәрмеңкеге келген қаладағы №9 мектеп-лицейінің өкілі бастауыш сыныптың орыс тілді үш бірдей маманы керектігін айтты. Соған қарағанда, орыс тілі мен әдебиетін бітіретін түлектер жұмыс іздеп, көп сабыла қоймайды-ау.
Өткен оқу жылында 633 түлек осы оқу ордасынан қанат қаққан. Бүгінде 85 пайызы жұмысқа орналасыпты. Бұл – үлкен нәтиже, нақты көрсеткіш. Сондай-ақ, университет түлектер оқу бітіргеннен кейін үш жыл қатарынан тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Онда жас мамандардың жұмысқа орналасуына, қызметте алға қарай жылжуына ерекше мән беріледі.
Жәрмеңке соңында университет ректоры Қ.Бисенов жұмыс беруші 9 мекеменің өкілі: Қызылорда облысының әділет департаментімен, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Қызылорда облыстық филиалымен, Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Казсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынмен, Қызылорда облыстық филармониясымен, №3 мектеп-лицейімен, «Ақ-Ильяс» балабақшасымен, «EcoGuard» ЖШС және Қазалы ауданындағы «Сыр Маржаны» ЖШС мен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжаттың университет түлектерінің жұмысқа орналасуы кезінде кәдеге жарайтыны анық.
Кәсіби білім берумен қатар, жас маманның жарқын болашағын ойлап, жұмыс табуына жәрдемдесу сауапты істің қатарынан болса керек. Олай болса, мамандарды дайындап қана қоймай, олардың жұмысқа орналасуына да септігін тигізіп отырған университет ұжымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА