Қасиетті өлкемізде елге адал қызмет етіп,халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлеріміздің шығармаларын оқуға насихаттау,олардың еңбек, өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа үлгі тұтып,оларды әрқашанда ардақтау игі шараларға оқырмандарды көптеп тарту арқылы жүзеге асырылады.
Дәстүрлі өтетін «Балалар мен жасөспірімдер кітаптарының апталығы» Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған республикаға танымал прозаик, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивальінің лауреаты, «Махаббат бағы»,«Шүберек қуыршақ», «Жүректегі құпия», «Өкініш» кітаптарының авторы, «Жайық үні» газетінің бас редакторы,жазушы Мира Хамзақызы Шүйінішалиевамен кездесу кешімен қорытындыланды.Өлкеміздегі әйел-ана , жазушы ретінде көш бастаған Мира Хамзақызының оқырманмен кездесу кеші М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-нің филология факультетінің, Жәңгірхан атындағы БҚАТУ-нің, «Мақсат» медицина, Құрманғазы атындағы саз колледждерінің студенттерімен, Ә.Молдағұлова атындағы №38, №1 мектеп оқушыларымен бірлесе өтті. Жаухар сөзі жүрегінде тербеген жазушыға деген құрмет кітапхана ұйымдастырған жазушының бірнеше жылғы шығармашылығына арналған «Қарымды қаламның құдіреті» тақырыбындағы кең көлемді кітап көрмесінен бастау алды. Кездесу аясында айтыс өнерінің белді ақыны,ұлағатты ұстаз Д.Мұштанованың және т.б ақындардың жазушыға арналған арнау өлеңі оқылды,өз кезегінде шара қонағының сүйікті әндері де шырқалды. Көрермен аудиторияға жазушының шығармашылығымен тереңірек таныстыру үшін отбасы жарасымдылығына арналған «Жангүл және бала мысық» атты әзіл әңгімесінен және қоғамдағы кейбір ұрпақтың имансыздығын бейнелейтін «Қара шалдың қайғысы» повесінен театрландырылған үзінді қойылымдар көрсетілді. Көзіқарақты қатысушы оқырмандар әр қойылым соңынан,түрлі тақырыпта (кітаптары,жазуға түрткі болған мәселелер,жоспарлар) т.б сұрақтар қойып, жазушының шығармашылығына қызығушылық танытып, сәтті мүмкіндікті ұтымды пайдаланып қалуға тырысты. Жазушымен емен-жарқын кездесу кешінде Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншісі Сәуле Таудаева жазушының шығармашылығына ақжарма тілегін тілеп,ән тарту етсе, «Мектептен тыс жұмыс» орталығының өнерлі өрендері, жас әнші Аяна Қажимова және Құрманғазы атындағы саз колледжінің студент жастары қойылымдарды шынайы бейнелеумен өз үлестерін қосып,оқырмандық ықыластарын білдірді.Кездесу соңында кітапхана директоры Зүбайда Бисенқызы сырлы сөз иесіне кітапхана ұжымы және оқырмандар атынан алғыс айтып,шығармашылық табыс тіледі.
Жұртшылықпен байланыс және бұқаралық жұмыс бөлімінің басшысы Г.М.Хамзина