Ол үшін біздің ой-жүйемізге шапшаңдық әрі нақтылық қажет. Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей, біздің толыққанды жаңғыруымыз қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларымызды өзгертуімізге тікелей қатысты. Яғни, жаңа жаңғыру кезеңін бастауға саналы түрде дайындық керек.
Әлем елдері жаңа тарихи кезеңнің бастауында тұр. Бұл дәуір адамзатқа әлі бұлыңғыр. Оның жалпы өркениеттің дамуына қандай прогресс әкелетіні ғалымдарға да жұмбақ күйінде қалып отыр. Дегенмен бұл беймәлім әлемнен біз қорықпауымыз керек. Бізге жаңғыру кезеңінен өзімізге тиесілісін алу үшін прагматикалық көзқарас қажет. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты сол ұлттық кодыңды сақтай білу», – деп атап көрсетуінің астарында үлкен мән бар.
ХХ ғасыр революциялық сілкіністерге толы болғаны тарихтан белгілі. Бірақ бұл сілкіністің салдары халқымызға ауыр тиді. Ұлтымыздың болмысына кері әсер етті. Қасіретке толы зұлмат жылдардың зардабы ғасыр алмасқан кезде де ұмытылмауы соның көрінісі. Біз ұлттық дамуымыздың сонау ерте замандардан сабақтасып келе жатқан жолымыздан адасып қалдық. Бізге қоғамдық құрылымның жат үлгісі еріксіз таңылды.
Халқымыздың өмірлік ұстанымы өзгерген соң, бұрынғы болмысынан толықтай ажырап қалды. Ұлттық прагматизм өзгеріп, аста-төк ысырапшылдық белең алды. Тарихқа үңіліп қараңызшы, біздің ата-бабаларымыз теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанды емес пе?! Туған жердің байлығын келер ұрпақтың игілігі үшін көздің қарашығындай сақтау, ысырапшылдыққа ұрынбай, орынды жұмсау... Міне, шынайы прагматизмнің нағыз үлгісі осы еді.
Прагматизм дегеніміздің өзі нақты іс-әрекетті көрсетеді. Рragma – гректің іс-әрекет деген сөзінен шыққан. Бұл – субъективтік идеалистік философиялық ілім, негізгі принципі – қандай ой-пікір немесе іс-әрекет болса да, егер ол пайда әкелсе – шын, басқаша болса жалған дегенге саяды. Елбасымыз да қазіргі дүниетанымның өзгеруіне прагматикалық тұрғыдан қарауға шақырады. Президент Н.Ә.Назарбаевтың: «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану – көргенділікті көрсетеді. Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы», – деген сөзін баршамыз бағдар ретінде ұстануымыз керек.
Қаншама тарихи кезеңдердің келмеске кеткенін көрдік. Мемлекет басшысының сөзімен айтсақ, радикалды идеологиялар ғасыры да қайта оралмайды. Коммунизм, фашизм, либерализм көз алдымызда күйреді. Жалпы, ұлтшылдық және тағы басқа нәсілдік, этникалық сана формалары либерализм шеңберінде шешімі табылмаған «қарама-қайшылық» болып қала береді.
Уақыт бір орнында тұрмайды, заман өзгереді. Тек өзгермейтін бір ғана нәрсе бар. Ол табысты болудың ең басты факторы – білім. Білім әрқашан бірінші орында тұруы керек. Білімді бәрінен жоғары қоятын ұлт қана табысқа жетеді.
Дария ҚОЖАМЖАРОВА,
ТарМПИ ректоры, «Нұр Отан» партиясы
облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының төрайымы