– Рухани жаңғыру мәселесі үлкен мінберден айтылғалы бері барлық іргелі мекемелер мен ұлт зиялылары ұстанымдарын ортаға салып жатыр. Елбасының өзі жасампаз ұлттың формуласын сомдап, келбетінің қандай болатынын көрсеткен ауқымды бағдарламаны алғашында аспандата мақтап алып, аяғын қожыратып жібермес үшін іске асыру тетіктерін қалай қарастырған жөн деп ойлайсыз?
– Президент ұсынып отырған рухани жаңғыру мәселесі ұлтымыздың тарихында осымен екінші рет қозғалып отыр. Оны алғаш Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш зиялылары қозғаған болатын. Олар мәселені ағартушылық тұрғыда қойды. Әрине, олар саяси құрылымды, экономиканы өзгерту, мәдени тұрғыда ілгерілеу, әлеуметтік жағынан оңалту талаптарын кешенді түрде қойғанымен, сол кездегі ахуалға орай халықты ағарту мәселесін басты орынға қойды. Халықты өркениет жолына бастау үшін халықтың өзі оған даяр, бейім болуы керек, күштің өзіне түсетінін олар жақсы түсінді. Өкінішке қарай, іске асыру мүмкін болмады. Өйткені, мемлекеттік құрылымымыз дербес емес еді. «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» деген Абайдың сөзі сол кезеңдегі халімізді өте дәл сипаттайды. Қолымызда мемлекеттік билік болмағаннан кейін Алаш алдына қойған міндетін орындай алмады. Билік империялық орталықтың қолында болғандықтан мемлекеттілігімізді жаңғырта алған жоқпыз, рухани жаңғыру мәселесі де өз арнасында толық шешімін таба алмады. Нәтижесінің ұлт үшін қалай аяқталғанын бәріміз білеміз.
Ал бүгінгі жағдай басқаша. Мақалада кейбір алғышарттар белгілі бір дәрежеде тәуелсіздік жылдары жасалғаны айтылады. Осы уақытқа дейін еліміздің мәдени кеңістігінде «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» мемлекеттік бағарламалары жүргізілді, Қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланып, бағдарламасы жасалды, қуғын-сүргінге ұшырағандардың мәдени мұрасымен халық қайта қауышты. Ал мұншама ауқымды мемлекеттік идеялардың бүгінгі күні іске асыру мүмкіндігін бұдан жүз жыл бұрынғы мүмкіндікпен салыстыруға болайды. Шүкір, мемлекеттің тәуелсіздігі бар. Мемлекеттік билік халқымыздың өз қолында. Ендеше, бұл Президент белгілеп беріп отырған мақсат-мұратты іске асыруға толықтай қауқарлымыз деген сөз. Тіпті анағұрлым жоғары десек те, артық емес. «Ол үшін не керек, қандай алғышарт бар?» дегенде, біз алдымен, іріктелген, екшелген ұлттық құндылықтарға табан тірей аламыз. Екіншіден, ұстанымымыз мықты болуы керек.
– Сіз үнемі Алаш қайраткерлерін үлгі тұтасыз, тарихын тынбай зерттеумен келесіз. Олардың әрқайсысы ұлттың игілігіне жарайтын бір-бір пайдалы іспен айналысты. Президентіміз міндеттеп отырған талаптарды іске асыруға келгенде біздің бүгінгі зиялыларымыздың бойында кешегі алашшылдардың табандылығы, елжандылығы сияқты мінез-қасиет табыла ма?
– «Жоқ» деп айтқанымыз иманға жат келер, елміз ғой, бар. Зиялы деген кім? Зиялы дегеніміз – әрбір тарихи кезеңде, сын сағатында ұлттың алдындағы міндеттерді анықтаушы. Міндеттерді анықтап қана қоймай, іске асыратын тетіктерді белгілеуші. Бұл тұрығыдан келгенде, біздің мүмкіндігіміз жоғары. Тек зиялыларға қолдау жасау қажет.
– Латын әліпбиіне ауыссақ, қазақ тілінің өрісі кеңейеді, белсенділігі артады, жалпы, қоғамдағы тіл мәселесі шешіледі деп ойлайсыз ба?
– Барлық мәселенің ішіндегі күрделісі әліпби болып тұр. Мәселен, бодандықтың қамытын сыпыра сала, Өзбекстан бірден әліпбиін ауыстырды. Түрікменстан да сөйтті. Әзербайжан да әп-сәтте шешім қабылдады. Бірақ біз осы елдердің тәжірибесін жақсылап қорытуымыз керек. Бізде қазақ зиялыларына ортақ бір кемшілік бар, тым ұраншыл болып кетеміз. Еліктеушілігіміз басым. Өкінішке қарай, осы мінезді жоя алмай келе жатқанымыздың кесірі шығар, әлі күнге дейін бойымыздан көрініс табады. Президент мақаласында ғана емес, жалпы мемлекеттік мәртебесі бар, мемлекеттік билігі бар, тәуелсіздігін әлем таныған мемлекет екенімізді жиі айтады. Халқымыздың да, зиялымыздың да осы мәртебеге лайық ұстанымы, мінезі болуы керек. Қазақ халқының табиғатына жасампаздық қасиеті тән. Осы жасампаздығымызды дамытуымыз, өрісін ашуымыз керек.
Бағдарламалық мақаланың ішінде «Ұлттық бірегейлікті сақтау» деген тарау бар. «Ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтуіміз керек» дейді. Керемет емес пе? Иілгіш, еліктегіш қасиетімізді жасампаздық ұстаныммен айырбастағанымыз жөн болар. Алдымызға қойылған міндетті жақсы түсінетін, сол үшін күресе алатын табанды халыққа айналуымызды тағдыр-талайымыз күтіп отырғаны қашан. Басқалармен салыстырғанда, ұлттық әлеуетіміздің жоғары екенін алыс-жақын тұтас мойындайды. Рухани байлыққа қоса, ел мен жердің байлығын игере алатын, ғылым мен жаңа технологияның тілін білген ұлт болсақ, қанеки. Кезінде А.Байтұрсынұлы: «өз елімізде байлығымызды өзіміз игере алатындай білімге ие болуымыз керек, әйтпесе біз көрінгенге жем боламыз», деген. Ал ол білімнің бүгінгі аты – жаңа технология.
Президенттің бастамасымен дүниеге келген «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет елден ілім-білім үйреніп қайтқан мыңдаған жастарымыздың қабілетін біз өз дәрежесінде пайдаланып, өз дәрежесінде лайықты бағалап отырмыз ба? Осыны да ойлаған жөн шығар. Үлкен өлшеммен алып қарағанда, қазақ халқы – білімді халық. Әрине, осы әлеуетпен жаңа ілімді игеруге ден қойсақ, біздің ұтарымыз да, жинайтын ұпайымыз да әлі көп болмақ.
– Сарапшылар мақаланың тек бір тілде – қазақ тілін де ғана дайындалып, ең алдымен жалпыұлттық басылымда жариялануының өзін таза ұлтқа бағытталған жолдау екенін білдіреді десіп жатыр. Рухани жұтаң адамның отаншылдық сезімі де төмен болатыны айтпаса да түсінікті жайт. Сіздің ойыңызша, отаншылдық пен ұлтшылдықты бір ұғымда қарастыруға бола ма?
– Әлі есімде, Тарих институтының директоры болып жүрген кезімде Білім және ғылым министрлігі «Туған өлке» деген ауқымды бағдарлама түзіп шықты. Осы бағдарлама бойынша 120-ға жуық тарихшы жиналып, үлкен кеңес өткіздік. Сол бағдарлама бойынша жұмыс жүргізген кезімізде Германияның қызықты тәжірибесіне тап болдық. Бағдарламаны жүргізетін сол ауылдағы мектеп мұғалімдері. Әсіресе биолог, филолог, географ, тарихшы мұғалімдер көбірек белсенділік танытады. Бұлар не істейді?
Қарапайым тілмен түсіндіргенде, идеясы былай. Айталық, мынау – ауыл. Тарихшылар «бұл ауылда қандай тарихи зират бар? Жалпы, ауыл қашан пайда болған? Негізін қалаған кімдер? Бұл ауыл қандай жолдан өтті? Ауылда қандай мықты әулеттер бар? Олардың тарихы қалай жалғасты?» деген мәселе төңірегінде зерттеуін бастайды. Географтар «ауылдағы тау, төбе, өзен, көше қалай пайда болған? Бастауын қайдан алады, соңы қайдан тұйықталады?» деген сұраққа бас қатырса, филологтер «ол тау мен өзен не себепті бұлай аталады? Этимологиялық мәні қайда жатыр?» деген мәселенің тамырын ажыратады. Биологтер «ауылда қанша түрлі өсімдік өседі, оның ішінде дәрілік шөптер бар ма, бұл өсімдіктер басқа аймақта кездесе ме?» деген сауалды зерттейді. Осы сауалдардың негізінде бүкіл ауылдар қатысатын аудандық байқау өткізіледі. Содан соң облыстық, ең соңында бүкіл республикалық конкурс өтіп, нәтижесі жауапты министрлік басшысымен қорытындыланады. Ең бастысы, бұл байқау бүкіл Германия үшін қызықты.
Ал осындай байқауларды неге біздің елімізде де өткізбеске? «Сен өз ауылыңды білесің бе? Сен оның тасын танисың ба? Өсімдігін білесің бе?» деген сауал неге әр қазақстандық үшін қызықты болмауы керек? Неге мұндай сұрақ біздің жас ұландарымызға қойылмауы тиіс? Міне, патриоттық тәрбие. Елжандылық, ұлтжандылық осыдан басталады. Сен өз туған жеріңді сүймесең, оған жаның ашымаса, Қазақстанды қайтіп сүйесің, жалпы жұртқа жаның қалай ашымақ? Қажеті жоқ ақпараттарға әуестеніп бара жатқан жас балалармен осындай бағыттағы жұмыстар жүргізілсе, туған жер, ел туралы түсінік ешқашан өз маңызын жоймайды. Бүкіләлемдік ғаламтор шырмауынан шыға алмай, есі кетіп отырған ұрпақты сақтап қалудың амалы ретінде ұлттық балама құндылықтарды ұсыну жағы әлі де кемшін. Елбасының маңызы жоғары мақаласы ендігі жерде серпін берер деген үміттеміз.
– Кейбір әсіреұлтшыл азаматтарымыз дамудағы олқылықтың бәрін идеология кеңістігіндегі кемшіліктен көреді. «Рухани жаңғыруды» саяси-идеологиялық құжат, жаңа идеологиялық тұжырымдама ретінде қарастыруға бола ма?
– Президентіміздің осы мақаласында «Ұлттық бірегейлікті сақтау» деген тарау бар екенін жоғарыда айттым. Ұлттық бірегейлігін жоғалтқан ұлттың болашағы болмайды. Ұлттық бірегейлігін сақтаған халық қана мемлекеттілігін сақтап, жаһандануға төтеп бере алады. Тарихқа шегінсек, біздің ұлттық бірегейлігімізге талай рет жойқын шабуылдар жасалды, біз оны ешқашан ұмыта алмаймыз. Патшалық империя тұсында, кеңестік империя кезінде халық пен мемлекеттік тұтастық арасында бірегейлік болды деп айту қиын. Қазіргідей мемлекет құрып отырған кезеңде халық пен мемлекет билігі арасындағы үйлесімділікті дамыту жағын көбірек ойлауымыз керек. Осы тұрғыда іргелі бағдарламалар қабылдануы қажет. Кеңес заманының бәрін бір тарының қауызына сыйдырған идеологиясы болды. Мемлекет құруға атсалысқан большевиктерінен бастап берідегі белсенді тұлғаларына дейін тұтас қадірленіп, ескерткіштер қойылып, ел есінде қалдырудың барлық әрекеті жасалды.
Ендігі жерде жаңа бірегейлікті қалыптастыру әрекеті болады. Ал мұндай әрекеттер біздің тәуелсіз елдің жағдайында да жүруі тиіс. Біздің ұлттық тұтастығымыз үшін, тәуелсіздіктің қалыптасуы үшін еңбек еткен тұлғаларға да тағзым жасалуы тиіс. Ол ескерткіш орнату түрінде бола ма, көше атын беру пішінінде бола ма, әйтеуір үлкен бағдарламалар негізінде іске асырылуы керек. Өйткені, бұл да мемлекеттік бірегейлікті қалыптастыру әрекеті. Бұл тек қазақ ұлтына ғана қатысты болмауы керек. Мысалы, Шоқанның досы Григорий Потанин, қазақ халқының мүддесін қорғап, Ленинге хат жазған Тимофей Седельников деген зиялылар болды. Астындағы атынан, аузындағы асынан айырылған қазақты қорғап «сіздер, совет өкіметі, қазақтың еңсесін баспаңыздар, керісінше, көтеріңіздер» деп жазған хатын оқығанда, көзіңе жас келеді. Мен есіме түскен бірді-екілісін атап отырмын, осы зиялылар тектес қазақ халқының тарихынан, тағдырынан орын алатын, ұлтымызбен шын мүдделес болған ізгілікті азаматтар баршылық. Интернационалдық бойымызда бұрыннан орныққан кең халықпыз дейміз. Ал ұлттық бірегейлік осындай қадамдар арқылы нығаяды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»