Әсіресе, әлемді ғаламтор жаулап алған қазіргі заманда «сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес» екенін шегелеп айтуы кездейсоқтық емес.
Ғаламдық өркениеттің көшіне ілесу үшін жеке ұлт болып қалудың маңызы ерекше зор.Тарлан тарихта тілі мен руханиятынан ада болып, ұлт ретінде жойылып кеткен қауымдар аз емес. Солардың кебін кимеу үшін тек өз ұлтымызға ғана тән ерекшелікті, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді сақтап қалып, келер ұрпақтарымызға жеткізу ең қасиетті міндеттеріміздің бірі.
Осы орайда Президентіміз: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық» деп көптің көкейінде жүрген ой сұлбасын қабырғалы ой тарамдарымен өте салмақты байыптапты. Шынында ұлттық кодын бағалап, оны қасиетті құндылық ретінде ұстанып келе жатқан елдер тарих көшінің басында тұрғанын қазір көріп отырмыз. Енді осы өрелі ойлардың өмірде жүзеге асырылуына баршамыз, әсіресе бұқаралық ақпараттық құралдары мол үлес қосуы ауадай қажет.
Демек осы тұрғыда арнайы мемлекеттік бағдарлама жасалса тіпті құба-құп болар еді. Себебі, бүгінгі таңдағы ақпараттық коммуникация құралдарының мүмкіндігі шексіз. Дәстүрлі БАҚ-та ғана емес ғаламторда да аудио-видео өнімдерді көрермен, тыңдарман назарына ұдайы, жүйелі, жоспарлы түрде әрі мемлекеттік деңгейде ұсынып отырсақ оның жемісі мол болатыны дау туғызбайды. Бас редакторлар клубы да осы ретте өзіндік үлес қосуға әзір. Расында, бұл көп болып қолға алынатын, жүзеге асырылатын тірлік. Ендеше, бүкіл зиялы қауымды осы ұлт келешегі жолындағы іргелі іске жұмылдырайық.
Қазақстанның Бас редакторлар клубы ҚБ