• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Сәуір, 2017

Өзгеріс өзімізден басталады

282 рет
көрсетілді

Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қоғамда жан-жақты талқылануда. Жақында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында» бағдарламалық еңбектің бас­ты бағыттары мекеме қызметкерлеріне насихатталды.

Руханияттың мәселесіне ар­нал­­ған мақалада жаңа тарихи кезең­­нің басталғаны айтылған. Сол үшін дүниетанымға, ойлау жүйе­мізге әбден сіңіп қалған тап­та­урын қағидалардан арылу қажет­тігін айтқан Елбасы руха­ни жаң­ғ­ыру жолындағы ма­ңыз­ды басым­дықтар мен бағыт­тар­ды айқындап берген еді. Тұң­ғыш Президент – Елбасы кітапханасында мақаланың тікелей мекеме қызметкерлеріне және қоғамдағы әрбір жеке адам­ға қатысты тұстары жан-жақты түсіндірілді.

Жиынды Елбасы кітапхана­сы директорының орынбасары Бей­сембай Жұмабеков ашты. Ал, мақаладағы негізгі басымдықтар мен бағыттар туралы Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қыз­метінің жетекші ғылыми қызмет­кері Ғазиз Телебаев әңгімеледі. «Тех­нологиялық жаңғыруға ар­нал­ған биылғы Жолдаудан және саяси жаңғыруға бағытталған конституциялық реформадан кейін маңызды қадам рухани жаңғыру қолға алынбақ. Елбасы­ның мақаласында белгіленген мақсат-міндеттер – өте өзекті. Алма­ғайып әлем жылдам өз­геру­де. Оған жұдырықтай жұ­мыл­ған ұлт болып бейім­делуіміз керек», деген Ғ.Телебаев латын әліпбиіне көшу, туған жерді көркейту, гу­ма­нитарлық білім беру, мә­де­ниетті заманауи қалыпқа кел­тіру, құндылықтардың бүкіл қазақ­стандық шеңберін құру, абы­ройлы замандастарды ардақ­тау – барлығы нақты тапсыр­ма­лар­мен ұласуы қажеттігін, оны іске асыруға уақыт беріл­генін айтты. Ол сондай-ақ, ұлт­тық кодты сақтау арқылы ру­хани жаң­­ғыру қажет деген ма­ғы­на­­дағы Елбасы идеясын бас­шы­­­лыққа ала отырып, бүгінгі заман­да ағылшын тілін білудің қажет­тілігіне тоқталды. Әсіресе, алыс-жақын шет елдермен бай­ланыстағы кітапхана қызмет­кер­лерінің ағылшын тілінде сөйлей алуы өзекті екенін жеткізді. Ал, Елбасының қоғамда үлкен резонанс туғызып жатқан латын әліпбиіне көшу туралы пікірі «көшеміз, көшпейміз» деп талқыланатын емес, орындалуы тиіс шаруа екеніне маңыз берді.

Жиын барысында Әлеумет­тік-ағартушылық жобалар қыз­метінің жетекші ғылыми қыз­меткері Ләйла Иватова Елба­сы мақаласының тәрбие­лік ма­ңыздылығы мен мәні­не көп­шіліктің назарын аудар­ды. «Қазақстанның даму бағ­дары елімізде тұлға және адам­­ның бостандығы құрмет­теле­­тінін, ары мен абыройы баға­ланатынын, адам­гершілік қағи­далары мен рухани құнды­лықтары жоғары екенін көр­сетеді», деді ол. Қоғамдағы тұл­ғаның жан-жақты дамуы туралы баяндай келе, жастардың ерліктің, еңбексүйгіштіктің, отаншылдықтың үлгісіне айнал­ған адамдарға қарап бой түзей­тінін мәлімдеді. Сол үшін Елба­сының «100 жаңа есім» жобасына қатысты өз пікірін білдірді. Ләйла Мырзалиқызының ойын­ша, бүгінгі таңда жастар елік­теп, өнеге алатын тұлғалар көп-ақ. Бірақ оларды нақты Ел­ба­сы жобасы аясында ұсыну ба­ры­сында жауапкершілікпен са­ралап, таңдап, ел алдындағы еңбегін ескеріп шығару қажет.

Жиын барысында басқа да қызметкерлер өз ой-пікірлерін білдіріп, Елбасы мақаласына қызығушылық танытты.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар