• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
18 Сәуір, 2017

Рухани сілкініске жол сілтеуші бағдар

262 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының актив жиналысында өңір басшысы Алтай Көлгінов Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – рухани сілкініске жол сілтеуші бағдар болды деп мәлімдеді.

– Енді, міне, кезек рухани-мәдени саладағы жаңғыруға келді. Жаһандану заманында әрбір ұлттың өзін өзі тануға ұмтылуы – заңдылық. Бұл құжат – өткенмен сабақтаса жаңашылдыққа бастайтын жол, – деді Алтай Сейдірұлы. 

«Жарқын болашағымыз, ұлт ертеңі – интеллектуалды әлеуетпен тікелей байланысты. Ал оның діңгегі – білім. «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», деп атап өтті Елбасы. Сонымен қатар, «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп тура бір ғасыр бұрын Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов айтқандай, Мемлекет басшысы ұлттық рух мәселесіне ерекше тоқталды. Бұл – ұлттық сана-сезім мен болмысты жаңғырту, көкжиегін ке­ңейту. Білім мен ұлттық рух ұштаса келе модернизацияны жеделдетеді», деді өңір басшысы.

Мәжілісте Батыс Қазақстан облыстық мәс­лихатының хатшысы Мәлік Құлшар Президент мақаласында айтылған «Туған жер» бағ­дар­ламасына тоқталды. Бүгінде өңірдегі ор­та мектептердің жанында шағын музейлер ашыл­ғ­ан. Мәлік Иманқұлұлы бұл музейлерді – пат­риоттық тәрбие бесігі деп атап, оны дамытуға, бө­лек ғимарат беріп, жәдігерлерін толықтыруға қаржылай қолдау көрсетуге шақырды.

Бұдан кейін сөз алған ақын Шолпан Қыдыр­ни­язова Елбасының бағдарламалық ма­қа­ласы – ел-жұрт көптен күткен, қазақ қоғамын дүр сіл­кін­ткен дүние болғандығын айтты. «Бұл кү­ні бүкіл ел «Егемен Қазақстанға» қарады. Ха­лық күткен ақжолтай хабарды таратқан бас газетке рахмет!» деді ақын апамыз.

– Елбасы мақаласы тамырында алаш қаны ойнап, жүрегі ұлтым деп соққан қазақ руханиятын бір серпілтіп тастады. Олай дейтін себебіміз, бұл ұлтымыздың есті қауымы көптен күткен соны соқпақ һәм іргелі бастама еді, – деді М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев.

Жаңабек Жаңабайұлы бұл мақаланы тек қазақ қоғамы емес, алыс-жақын шет ел сарапшылары да асқан ыждағатпен жан-жақты талдап-тарқатып, егжей-тегжейлі саралауға кіріскенін атап айтты. «Несін жасырамыз, Президент ұлт­тық мүддені алға оздырғандықтан, ол қай­сы­бір жа­қын ағайындарға ұнамай, оны жан-жақтан сынаушылар да табылып жатыр. Сонда бұл ма­қа­ладағы Президенттің айтқысы келген негізгі ойы не? Осы ретте Президент ұлт зиялыларына қан­дай міндеттер жүктеп отыр? Біз Президент ұсы­нған рухани жобаның тұңғиығына бойлай алдық па?» деген риторикалық сауал тас­тады шешен. 

– Осы ретте француздың ұлы гуманист ғалымы Ашиль-Клод Дебюссидің «Қай кезде де мемлекеттік биліктің негізгі өлшемін мемлекет құраушы ұлттың өсіп не кемуінен байқауға болады» деген қанатты сөзін еске түсірген жөн, − деді тарихшы ғалым.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қай елде болсын мемлекет құраушы ұлттың басымдыққа ие болуы ұлттың тарихи санасына деген сұ­ра­ныс­тың арта түсетіндігімен және ел билігіне мем­лекет құраушы ұлт өкілдерінің элитасы келетіндігімен ерекшеленеді. Бұдан, мемлекет құ­рау­шы ұлт элитасының туған халқының алдында аса зор жауапкершілігі бар екені анықтала түседі.

Аталған мақалада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мен барша қа­зақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жө­ніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең тү­сінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға де­ген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең бас­ты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қа­ла береді», деп атап өтті.

Міне, сондықтан да, Батыс Қазақстан об­лы­сының актив жиналысы Елбасы мақаласын «отанымыздың рухани жаңғыруының стра­те­гия­лық құжаты» деп бағалады. Облыс басшысы Алтай Көлгінов қорытынды сөзінде айтқандай, «терең толғаныспен, пайымды парасатпен жазылған бұл мақаланың мазмұны қоғамдағы әрқайсымызға ой салуы тиіс».

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ

Соңғы жаңалықтар