«Бірқатар өңірлерде жауын-шашын болды, соның салдарынан өзендер толып, суы арнасынан асты, елді мекендерді су басу қаупі туды, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жолдар шайылды. Адамдардың қаза болуына жол бермеу мақсатында су астында қалған аймақтардағы елді мекендерден алдын ала 4 715 адам эвакуацияланды, олар Ақмола облысы бойынша – 1 340, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 52, Жамбыл облысы бойынша – 55, Қарағанды облысы бойынша – 1 850, Қостанай облысы бойынша – 200, Ақтөбе облысы бойынша – 1 174, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 44 адамды құрады. Соның ішінде 860 адам үйлеріне оралды, 3 167 адам туыстарының үйлеріне орналастырылды, қалған 688 адам эвакуациялау пунктінде қалды. Елді мекендерден 5 598 бас мал қауіпсіз жерге айдалды, соның ішінде 2 195-і аулаларына қайтарылды. Қазіргі уақытта төтенше жағдайлар аймақтарында 1 987 құтқарушы, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті полиция қызметкерлері, 605 бірлік техника авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізуде», – деді вице-министр.
Ю.Ильин, сондай-ақ, су тасқыны кезеңінің басынан бері ІІМ бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдар 22 шақырым уақытша бөген тұрғызып, 119 мыңнан астам қапқа құм салынғанын және төселгенін, 643 мыңнан астам текше метр еріген қар суы сорып алынғанын атап көрсетті. Төтенше жағдайлар су алу қаупі мен олардың туындауына жедел ден қою мақсатында ІІМ су тасқыны күрделене түскен жағдайда алдын ала 12 471 адам, 1 955 бірлік техника, 19 тікұшақ, 302 бірлік жүзу құралы бар күштер мен құралдар топтарын құрғаны да көлденең тартылды. «Халықты эвакуациялау пункттері дайындалды. Барлық өңірлерде төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдар жоспарлары әзірленді, су тасқыны кезеңіндегі өзара іс-қимылдар жоспарлары түзілді. Төтенше жағдайлар комитетінде және оның 6 аумақтық бөлімшесінде су тасқынының салдарын жою жедел штабтары құрылды, олар тәулік бойы қызмет атқарады», – деді вице-министр.
Жүргізілген талдауға сәйкес, Ақмола, Қарағанды және Жамбыл облыстарындағы су қоймаларына тасқын және еріген қар суы толассыз ағып келуіне байланысты кейбір елді мекендерді су алып, автожолдарды су шайған болатын. Аталған жағдайға байланысты ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағын қолдана отырып, Астана қаласының, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағын әуеден барлау жұмыстары жүргізілген.
«Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының Төтенше жағдай департаменттерінде «қауырт желі» телефондары жұмыс істейді, олар бойынша халық қажетті ақпараттар ала алады. Қалыптасқан жағдайға байланысты Қарағанды облысының Бұқар жырау және Абай аудандары мен Ақтөбе қаласының әкімдері өз аумақтарында табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар туындағаны туралы жариялады. Өзендердегі су деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізілуде және халықпен жиындар өткізілуде, оларға қалыптасқан жағдай туралы ақпараттар беріліп жатыр. Әлеуметтік желілер, теледидар арқылы халықты құлақтандыру ұйымдастырылуда. Орталық және солтүстік өңірлерде су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуін және олардан келетін теріс салдарды азайтуды қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар жалғасуда», – деді соңында Ю.Ильин.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»