Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған мәжілісмендер алдымен «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» оқыту орталығында болып, «Бітімгершілік контингентті дайындау және «Қазақстан Республикасының бітімгершілік іс-шаралары туралы» Заңның іске асырылу барысы» тақырыбы бойынша отырыс өткізді. Мәжіліс депутаттары, Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы өкілдері қатысқан бұл көшпелі отырыс Қарулы Күштердің 25 жылдығы қарсаңында өткізілгенін айта кету керек.
Алқалы жиында еліміздің 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіндегі басымдықтары мен бітімгершілік мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде әңгіме өрбіді. Әскери медицина, минадан тазарту және радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс орталықтарының командирлері Руслан Исеев, Рафик Ажгалиев, Бақыт Абдуллаев арнайы баяндама жасап, қарапайым халыққа гуманитарлық көмек көрсету, соғыс алаңдарын минадан тазарту сияқты соғыс жағдайындағы тактикалық іс-қимылдар, сондай-ақ, әскери қызметкерлерге шет тілдерін қарқынды әрі жедел оқыту әдіс-тәсілдерімен таныстырды. Депутаттар тарапынан нақты сұрақтар қойылып, бірқатар ұсыныстар айтылды.
Бұдан кейін Десанттық-шабуылдаушы әскерлерінің құрамына кіретін «Қазбат-1», «Қазбат-2», «Қазбат-3» аталатын үш батальоннан тұратын «Қазбриг» Қазақстан бітімгершілік бригадасының жеке құрамы таныстырылды. Депутаттар 61993 әскери бөлімшесіне барып, заманауи қару-жарақ, техникалық база, әскерлердің тактикалық дайындығы және әскери бөлімнің жалпы жағдайымен танысты.
Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаровтың айтуынша, қақтығыстан зардап шеккен, көмек пен қолдауға мұқтаж мемлекеттерге бейбіт мақсатта қолұшын созу үшін арнайы құрылған Бітімгерлік батальоны жыл сайын халықаралық жаттығуларға қатысады. Мәселен, өткен жылы Германияда, Ұлыбританияда өткен жаттығуларда әлеуетін сынап, жоғарғы бағаға ие болған. Теориялық және практикалық дайындығы күннен күнге өсіп келе жатқан батальон қажетті жабдықтар – қару-жарақ, техникамен толық қамтамасыз етілген. Осы уақытқа дейін соғыс қимылдары жүріп жатқан бірнеше елде офицерлеріміз бақылаушы ретінде қатысып, жоғары деңгейдегі маман екендіктерін дәлелдеп қайтқан.
Дәстүрлі «Дала қыраны» атты халықаралық жаттығуға дайындық жүріп жатқан «Іле» оқу-жаттығу орталығында нақты қимылдарға құрылған әскери дайындықтар көрсетілді. Бітімгерлік батальон кез келген жерге барып, әскери базаны орналастыра алады. Базаға тұтқиылдан шабуыл жасалған жағдайда атқарылатын алғашқы қарсы тұру және қорғану қимылдары, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген әскери медициналық пункттердің жұмыс барысы, наразылық шерулерін бейбіт жолмен басу, минадан тазарту секілді күрделі жаттығулардың қандай тәртіппен орындалатыны депутаттар назарына ұсынылды. Сонымен қатар, әскери базаның әкімшілік құрамы да таныстырылып, әр бөлімнің атқаратын міндетіне жеке-жеке тоқталды.
Мұндағы сарбаздардың дені бірнеше шет тілдерін меңгерген. Саптағы сарбаздардың арасында қыздар да бар екен. Сөйтсек, заңдық талапқа сәйкес батальонның 10 пайызы қыздардан тұратын көрінеді. Сарбаздардың арасында соғыс өрті тұтанған мемлекеттерде болып, бітімгершілік миссиясын атқарып қайтқандар да бар.
Оқу-жаттығу жұмыстарына оң баға берген Мәулен Әшімбаев:
– Соңғы жылдары Қазақстан әлемге бітімгершілік миссияларымен танымал болып жүргенін білесіздер. Атап айтсақ, Иран, Украина, Сирия мемлекеттеріндегі жағдайдың тұрақталуына барынша ықпал етіп келе жатыр. Осыдан біраз уақыт бұрын Түркия мен Ресей арасындағы шиеленіскен қарым-қатынасты реттеуге де Елбасының тікелей араласқаны белгілі. Қазақстан бітімгершілік миссиясын атқаруда тек дипломатиялық жолмен ғана емес, керек кезінде әскери құрылымдарды да жіберуге дайын. «Қазбат» бітімгерлік батальоны осы мақсатта құрылғаны белгілі. Бүгінгі мақсатымыз да осы «Қазбаттың» дайындығын пысықтау. Көзіміз көргендей, біздің бітімгерлік контингентіміз БҰҰ аясында гуманитарлық акцияларды жүзеге асыруға, бейбіт халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын, – деді тілшілерге берген сұхбатында.
Құрамында қос генерал Бақытжан Ертаев пен Абай Тасболатов бар депутаттар әскерилердің дайындық деңгейін жоғары бағалады. Ал бір күнге созылған сапар барысында айтылған ұсыныстар мен талап-тілектер алдағы уақытта талқыланбақ.
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ