Газ айдау агрегаттарын іске қосу шарасын Бірыңғай диспетчерлік орталықта «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ вице-президенті Қайрат Шәріпбаев және «CNPC» корпорациясының бас директоры Чжан Цзяньхуа жүзеге асырды. Салтанатты басқосуда сөз алған Сауат Мұхаметбайұлы қытайлық әріптестерге бірлескен жұмыс үшін алғыс білдіріп, бұл жоба газ саласының маңызды міндеттерін шешуге зор ықпалын тигізгенін атап өтті. «Біз еліміздің газ саласы үшін үлкен оқиғаның куәсі болып отырмыз. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырын, «Бозой» компрессорлық стансасын салу Қазақстан мен ҚХР үшін аса маңызды», деді басқарма төрағасы.
«Бозой» КС салу туралы стратегиялық бастама Мемлекет басшысының өзі көтерген идея екенін көпшілік біле бермейді. Осы шешімнің қаншалықты өзекті және уақтылы қолға алынған жоба екендігін шешімін тапқан мына мәселелерден-ақ аңғаруға болады», деді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ вице-президенті Қайрат Шәріпбаев. біріншіден, салынып жатқан «Қараөзек» компрессорлық стан-
сасы іске қосылған соң, газ тасымалдауды жылына 10 млрд текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік туды. Екіншіден, еліміздің экспорттық мүмкіндіктерін әртараптандыру және арттыру. Үшіншіден, магистралды газ құбырларын бірыңғай газ тасымалдау жүйесіне біріктіру. Төртіншіден, еліміздің батыс өңірлерінен оңтүстік облыстарына үздіксіз газ беруді қамтамасыз ету. Бесіншіден, болашақта Қазақстанның орталық және солтүстік аймақтарын газдандыру үшін газ құбырларының қуаттылығын арттыру», деп атап өтті Қайрат Қаматайұлы.
«CNPC» корпорациясының бас директоры Чжан Цзяньхуа «Бозой» компрессорлық стансасының іске қосылуы «ҚазМұнайГаз», «ҚазТрансГаз» және «CNPC» компанияларының бірлескен жұмысындағы үлкен кезең екенін айтты. «Бұл жоба қазақстандықтарға көгілдір отынды әлдеқайда көбірек пайдаланып, Қытайға газ экспорттауға мүмкіндік береді. Қытай мемлекетінің «Бір белдеу-бір жол» атты бастамасы Қазақстан Президентінің инфрақұрылымды дамытуға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасымен үндестік тауып отыр», деді Ч.Цзяньхуа.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»