Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тиімділігі неде?
Біріншіден, Сіз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы Қазақстан аумағында өзіңіз таңдаған кез келген емханадағы медициналық көмекті ала аласыз. Бұл жағдайда емхананың шығыстарын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры толығымен өтейді.
Екіншіден, тегін медициналық кепілдендірілген көмек және әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері шеңберінде қарастырылған медициналық көмекке жұмсалатын қосымша төлемдердің барлық түрінен босатыласыз.
Үшіншіден, елдің кез келген дәріханасында (Қорда фармацевтикалық қызметтердің жеткізушілері ретінде тіркелген) ұсынылатын дәрілік заттардың құрамы бойынша кеңейтілген және жақсартылған тізбесіне толық қолжетімділік болады.
Төртіншіден, қордың сіздің пайдаңызға аударылған жарналары туралы және медициналық ұйымдарда көрсетілетін қызметтер туралы ай сайын ақпарат алуға мүмкіндігіңіз бар.
Бесіншіден, сапасыз қызмет көрсетілсе немесе әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысушы ретінде құқықтарыңыз бұзылған жағдайда Қор сіздің сақтандырылған азамат ретінде құқықтарыңызды және мүдделеріңізді қорғайды.
1996-1998 жылдарда құрылған Міндетті сақтандыру қорының тәжірибесі бізге мәлім. Осындай жағдай қазір де қайталанбасына кім кепіл?
Қоғамда жүзеге асырылатын кез келген өзгерістердің дұрыс жақтары да, сонымен қатар теріс жақтары да бар. 1996-1998 жылдардағы сақтандыру медицинасын құру тәжірибесін сын көзбен ғана қабылдауға болмайды, оның оң тұстары да болды. Бұл реформаның басты нәтижесі – экономикадан қосымша қаражатты тарту есебінен денсаулық сақтау жүйесі нысандары желісін және медициналық көмектің халыққа қолжетімділігін сақтау еді. Мысалы, осындай мамандандырылған бағдарламаның болмауы мектепке дейінгі мекемелерді жекешелендіруге әкеліп соқты, оның салдары осы күнге дейін сезіледі. Одан басқа, 90-жылдардағы экономикалық дағдарысты қазіргі жағдаймен салыстыруға болмайды. 20 жыл бұрын көптеген кәсіпорындар күрделі қаржылық қиыншылықтарға тап болғаны бәріміздің есімізде, сол кезеңдерде кәсіпорындардың басым көпшілігі банкротқа ұшырады, еңбекақы бойынша үлкен қарыздары болды. Экономикалық дағдарыс жаппай төлем жүргізбеуге, оның ішінде медициналық сақтандыру қорына төлем жасамауға негізгі себеп болды. Қордың жағдайы экономикалық белсенді емес халық үшін тұрақты аударымдарды қамтамасыз етуге тартылған жергілікті атқарушы органдардың да қиын жағдайға тап болуына байланысты қиындады.
Бүгінгі таңда біз экономикадағы жұмыспен қамтудың елеулі өсімін байқап отырмыз. Отандық кәсіпорындарда 6,5 миллионнан астам жалданған жұмыскерлер еңбек етуде, ай сайын жұмыс берушілер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 53 млрд теңге және өз жұмыскерлерінің пайда-
сына Әлеуметтік сақтандыру қорына 23 млрд теңге аударады. Экономикалық тұрғыдан белсенді емес халық үшін ӘМС қорына жарналарды төлеу бойынша міндеттемелерді мемлекет өз мойнына алатынын атап өткен жөн. Осының барлығы медициналық сақтандыру жүйесінің тұрақты қызмет етуінің алғышарттарын қалыптастырады.
МӘМС енгізу медицина қызметкерлерін «ынталандыру» мәселесіне қалай септігін тигізеді?
Медицина қызметкерлерін «ынталандыру» немесе қосымша бейресми төлемдердің себебі, бірінші кезекте, еңбекке ақы төлеуді теңестіру болып табылады. Қазір біліктілігі, тәжірибесі, дағдылары мен білімдеріне қарамастан, бір мамандық дәрігерлерінің жалақысы да біркелкі. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жағдайында пациенттердің өздері таңдаған дәрігер көрсетілетін қызметтердің көлемі мен сапасына сәйкес жалақы алады.
Азаматтар жарналарды аудара отырып, өздерінің емдеуге жатуын немесе емханаға жүгінуінің ақысын төлеп отыр. Осыған байланысты жүйенің қатысушылары МӘМС жүйесі белгілеген жарналардан басқа қосымша төлемдерді төлемеуі керек. Осылайша, сақтандыру медицинасының біртіндеп дамуы медициналық көмекке бейресми төлемдердің проблемасының өзектілігін жояды.
Ел аумағы бойынша кез келген өңірде сақтандырылған азаматтарға, мысалы, іссапарға келгендер, демалыстағы адамдарға медициналық қызметтер көрсетіле ме? Әлде тек тіркелген тұрғылықты жері бойынша ғана қызмет көрсетіле ме?
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтер, сақтандырылған азаматтың тұрғылықты жері бойынша ғана емес, республиканың кез келген аумағында көрсетіледі.
МӘМС кезінде төлеуші қайтыс болған жағдайда жиналған қаражатты туыстарына беру қарастырылған ба?
Жоқ, қарастырылмаған. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жинақтаушы жүйе болып табылмайды. Әрбір төлеуші жарналарының сомасына қарамастан, халықтың барлық санатына медициналық қызметтерге бірдей жұмсалады.
Балалар неше жасқа дейін ӘМС жүйесіне төленетін жарналардан босатылады?
18 жасқа дейінгі балалар, жоғары оқу орнының студенттері және оқу аяқталғанға дейін техникалық және кәсіптік білімнің күндізгі оқудағы оқушылары Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының жарналарынан босатылған.
Сақтандырылған адам ӘМС жүйесінде республикадан тысқары жерде тегін емделе ала ма?
Жоқ. Медициналық сақтандыру қоры Қазақстан Республикасында көрсетілген медициналық қызметтерге ғана ақы төлейді.
Адам сақтандырылғаны туралы қалай білуге болады?
Егер сіз жұмыскер болсаңыз, онда заңнамаға сәйкес жұмыс беруші келесі есепті айдан кейінгі айдың 15-ші күнінен кешіктірмей, ай сайын сізге ұсталған және аударылған жарналар туралы мәліметті ұсынуға міндетті. Сондай-ақ, бұл ақпаратты портал арқылы, Қорда немесе оның бөлімшелерінде және сіз бекітілген емханаларда тексеруге болады.
Қай уақыттан бастап адам МӘМС жүйесінде сақтандырылған болып есептеледі – еңбек шартын жасаған кезден бастап па, әлде жұмыс беруші бірінші салымды аударған кезден бастап па?
Медициналық сақтандыру қорына жарнаны аударған кезден бастап.
Ерікті медициналық сақтандыру сақтала ма? МӘМС немесе ҚМС қызметтері қайталана ма?
Ерікті медициналық сақтандыру жойылмайды. Міндетті сақтандыру пакетіне кірмейтін жеке медициналық қызмет түрлері ерікті сақтандыру қоры арқылы төленеді. Мысалы, ересектерге арналған стоматология, зиянды өндірістерде жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін міндетті кезеңдік қарап-тексерілу, санаторийлік-курорттық ем және тағы басқа ем-шаралар. Барлығы жеке адамның немесе кәсіпорынның қалауы мен қаржылық мүмкіндіктеріне байланысты. Жеке адам немесе кәсіпорын (ұжымдық шарт негізінде) әлеуметтік сақтандыру пакетінде ерікті медициналық сақтандыру қызметтерінде қайталанбайтын пакетті таңдай алады.