Өзгені сыйлау өзіңді сыйлаудан басталады
Өмірде бәрі де салыстырмалы. Жақында Алматыда өткен футзалдан Еуропа чемпионатының негізгі іріктеу кезеңінде Чехия, Македония және Дания құрамаларының бас бапкерлері футзал туралы өз ойларымен бөліскен еді. Енді өзге елдегі және өз еліміздегі кіші футболдың артықшылығы мен кемшілігін таразыға тартып көрейік.
Чехияда футбол қатты дамыған. Залдағы футболдан ел құрамасы 2010 жылы Еуропа біріншілігінің қола жүлдесін жұлып әкеткен. Бізді мазалаған – осы елдегі легионер ойыншыларға деген көзқарас, футзал клубтарының даму қарқыны. Чехия құрамасының бас бапкері бізді мазалаған сұрақтарға ықыласпен жауап берді.
– Чехия құрамасында бірде-бір легионер жоқ, – деді Томаш Нойманн. – Команда Чехия құрамасы деп атала ма, командада сол елдің футболшылары ойнаулары керек. Атына заты сай. Ел-елден, жер-жерден жинап алған жат ел футболшыларынан құралған команданы қалай ғана Чехия құрамасы демекпін?! Айтыңызшы?! Клубтарда ойнай берсін, онда шаруам жоқ. Ал тұтас елдің атынан сынға түсетін Чехия құрамасында тек осы елдің перзенттері ойнауы тиіс. Бұл – менің айнымайтын қағидам. Бұл елде мен бас бапкер болып тұрғанда осы принцип ұсталады.
Чехия премьер-лигасында 12 клубтық команда ойнайды екен. Екінші, үшінші лигадағылар да бірінің өкшесін бірі басып тұр. Аймақтық командалар тағы бар. Елде футбол үлкен қарқынмен дамуда. Бас бапкердің айтуынша, 350 мың футболшы теңбіл доптың соңына түскен. Осының ішінде 20 мың футболшы футзалда ойнайды. Бұл – ресми тіркелген ойыншылар саны. Мұндай қарқынмен ел футболының ерекше дамитыны даусыз.
– Чехия футзалының мақтанышы – «Эра-Пак» командасы, – деп ойын жалғастырды бас бапкер. – Ел чемпионатында үнемі дара шығып жүрген үздік команда. Сіздердің «Қайрат» командаларыңыз сияқты. Чехия клубтарында 20 бразилиялық, үш испаниялық, екі португалиялық ойнауда. Бірақ қандай шебер ойыншы болсын, жат ел футболшысы чех ойыншысынан артық жалақы алмайды. Ұлт перзентінен әулие емес. Қазір «Қайрат» командасының бас бапкері болып жүрген Какау екі жыл біздің елде ойнаған, үш жыл бапкер болды.
Чехияның бас бапкері Томаш Нойманн «Бразилиялықтар ойнайтын Қазақ елі құрамасы» дегенді емеурінмен айтуды да ұмытпады.
Македония құрамасында өзге елдің екі спортшысы жүр. Біреуі босниялық, екіншісі хорват. «Алыстағы Бразилиядан, Испаниядан футболшы шақыратындай артық ақшамыз жоқ», деді құраманың бас бапкері Иван Божович.
Македония құрамасында тек өз елінің ойыншылары ғана болғанымен, команда мықты. Жылдан-жылға өсу үстінде. Елдегі жоғары лигада 10 команда, бірінші лигада 12. Бұл ел ішіндегі бәсекелестіктің жоғары екенін көрсетіп тұр.
Дания құрамасы бұл жолы қарсылас үш командадан да ұтылды. Құраманың бас бапкері Николай Клейн-Собюэ өз еліндегі футзалға аз-кем тоқталып өтті.
– Данияда да негізгі қаржы үлкен футболға бөлінеді, – деді бас бапкер. – Футзал лигасы бізде екіге бөлінеді, «Батыс» және «Шығыс» болып. «Батыс» лигада 8 команда, «Шығыс» лигада 8. Олардың әрқайсысы тағы екіге бөлінеді, бірінші және екінші лига болып. Жат ел спортшылары мүлде жоқ. Бір неміс, бір бразилиялық ойнайды. Бірақ бұлар көп жылдан бергі Дания тұрғындары.
Қазақ елі футзалы
Дәл қазір Қазақ елінде бес-ақ футзал клубы бар: «Қайрат», «Аят», «Жетісу», «Ақтөбе» және Шымкенттегі «№7 АБЖОІМ» – спорт мектебі командасы. Бары осы. Бұлардың ішінде ел намысын сырт жерде абыроймен қорғап жүрген жалғыз команда – «Қайрат». Қазақ топырағындағы футзал клубтарында 20 бразилиялық ойнап жүрсе, соның тең жартысы «Қайрат» командасында. Игита сияқтылар Қазақ елі азаматтығын да алып үлгерді. Өзгеше талант Игита, Лео, Дуглас сияқты футболшылардың шеберліктері біздің бауырлардың бойларына сіңсе екен дейді бір ой аласұрып.
Қазақ футболшыларының өсуі, шеберлік деңгейлері туралы «Қайрат» командасының бас бапкері Какаудан сыр тартқан едік бірде. Ол іркілмей ойын ашық айтты: «Қазақтың біраз таланттары дәл қазір бразилиялықтардан кем ойнамайды». Ішіміз жылыды. Қай жігіттерді меңзеп тұрғаны белгілі. Шынында, бүгінгі Дінмұхамбет Сүлейменов, Серік Жаманқұлов, Дәурен Нұрғожин, Шыңғыс Есенамановтардың шеберліктеріне риза болып отырасың. Серік Жаманқұловтың Еуропа біріншілігінде бұрқыратып, боратып 6 доп соққаны естеріңізде болар. Сол жолы Хорватия қақпасын солқ еткізіп, жанкүйерлерінің жүректерін зырқ еткізіп, қос бірдей доп салған да осы Жаманқұлов. Сол жолы Қазақ елі құрамасы Еуропа төрінен қола медальмен оралды.
Екі жасында доп қуалап, төртінші сыныпта арнайы футбол үйірмесіне барған сол Жаманқұлов – қазір өз қолтаңбасымен қалың жанкүйер ықыласына бөленген талант. Басқа футболшылар туралы да осындай жылы сөз айтуға болады.
Қазір еліміздің Рудный, Қарағанды, Екібастұз, Алматы қалаларында футзал жақсы қанат жайып келеді. Алматыдағы «Қайрат» футбол клубының жанында ашылған «Балалар академиясында» 50 бала тәрбиеленуде. Арнайы жеке мектептер де ашылуда. Шағын қалаларда, ауылдарда балалардың кіші футболмен айналысуына жағдай жасау, шағын ғимараттарын салу басты мәселенің бірі болып тұр. Ойнайтын орын болса, доп қуалайтын бала табылады қашанда. Бір-ақ сәтте лап қояры даусыз. Бұл жерде ұлтын сүйген қаржылы азаматтардың осы салаға, соңынан ерген ұрпаққа қайырылып қарағаны абзал.
Көп нәрсе қаржыға келіп тіреледі. Бір кезде Қарағандының «Шахтері» қандай еді?! Еуропа төріне жарқ етіп шығып, құрлықтың азуын айға білеген командаларымен тартысқа түсті. Кейін қаржыдан тарықты, мықты ойыншылар жалт берді, бірі ойға, бірі қырға. Сол қаладағы «Тұлпар» футзал командасы да мықты еді. «Тұлпар» арындап тұрған жерінде тарады да кетті. Қазір сол клубтың мықты ойыншылары «Қайрат» клубының, Қазақ елі құрамасының намысын қорғап жүр.
2016 жылы үлкен футбол командаларының жанынан футзал клубтарын аштыру мәселесі қойылған. Бұл – Қазақстан Футбол федерациясы Атқару комитетінің шешімі. 2017 жылы ұсыныс жасалды. Ал 2018 жылдан бастап талап етуге, міндеттеуге көшпек. Қуанарлық іс. Бірақ ҚФФ облыс футбол клубтарының қолтығынан футзал клубтарын аштыруға қаншалықты ықпал ете алар екен?! Құптай жөнелсе жақсы, «үлкен футболды жарылқап алсақ та жетер» деп ертоқымын бауырына алып мөңкитіндер де табылар. Бірақ кез келген жақсы жаңалықтың өз кедергілері болатыны да заңды құбылыс. Бұл мәселе неғұрлым жылдам шешілсе, еліміздегі футзал соғұрлым қатты қарқынмен дамитыны сөзсіз.
Бірақ, сопаң етіп тағы бір сұрақ шыға келді. Жақсы, Атқару комитетінің талабымен футзал клубтарын ашты дейік. Клуб дұрыс қаржыландырылмаса, білікті бапкері болмаса, жақсы ойыншылар топтаспаса, команда ойыны өрге баспайды. Берекесіз, аты бар да заты жоқ команда болып шыға келеді. Саны бар да сапасы жоқ 10-12 команда керек пе, жоқ па?! Футзалдың елімізде өркендеуіне тікелей жауапты ҚФФ қолтығындағы Футзал қауымдастығы басшыларының не ойлағаны бар?
Ел ішіндегі бәсекелестіктің жоқтығына қарамастан, «Қайрат» футзал клубы – Еуропадағы атан жілік, арқар мүйіз команда. Көкірегі футболға байланған, қаржысын да, күш-қуатын да сарқа жұмсап келе жатқан «Қайрат» клубының президенті Қайрат Оразбеков – дара тұлға. Сондықтан да, «Қайрат» Еуропадағы ең үздік командалардың қатарында тұр. Оразбековтен басқа кім бар?..
Бүгінгі таңда Қазақ елінде ойнап жүрген бразилиялық дара таланттардың шеберліктері біздің бауырлар да тезірек үйренсе екен. Солардың артықшылықтарын зердеге түйсе екен. «Қайрат» клубының бас бапкері Какау өткізетін жаттығуларды қадағалап, көкейге түйіп, ізінен қалмай жазып-сызып жүрген бапкер бар ма бізде, жоқ па?! Жоқ болса, соңына салып қою керек. Үйренсін, талантты бапкер мектебінің суын ішсін.
Мына бір дерек Какаудың қандай деңгейдегі бапкер екенін айқындаса керек. Демалыс алып Алматыдан Бразилияға ұшайын деп тұрған Какауды «Эра-Пак» клубының президенті қатты өтініп Чехияға шақырады. «Чехия біріншілігінің жартылай финалында тартысқа түскелі тұрған «Эра-Пак» командасын чемпиондық тұғырға алып шық» дейді қиылып. Какау бір кезде сол командада ойнады да, бапкер де болды. Клуб президентімен өзара сыйластығы тағы бар. Бразилияда күтіп отырған әке-шешесі мен туыстарынан кешірім сұрап, Чехияны бетке алады. Чехияда уақытша бапкер болған Какаудың көмегімен сол жолы «Эра-Пак» чемпион болды. Бұл – бапкердің сұңғыла біліктілігін көрсетіп тұр.
Түйін
Какау да, Игита сияқты теңдесі жоқ қақпашы да күндердің күні кетеді. Солардың шеберлік мектебі қалуы керек емес пе?! Осыған бас қатырып жүрген мамандардың бар екеніне күмәнданбаймыз. Ел футболының ертеңін ойлайтын, алаңдайтын мамандар да аз емес. Терең, ойлы әр іс – Қазақ елі футболының өркендеуінің кепілі.
Футзал бапкерін арнайы тәрбиелеп, оқытатын жерді де естімедік. Залдағы футбол мен атшаптырым стадиондағы футболдың арасы жер мен көктей. Залдағы футболшыға найзағай жылдамдық, қас-қағымда жасайтын техника керек. Қас-қағымда дұрыс шешім қабылдауға тиіссің. Залдағы футболда толғатуға уақыт жоқ. Қарсыласпен иық қағыса жүріп арпалысқа түсесің.
Шетелдік мамандар керек пе? Керек. Үлгі-өнеге көрсететін, асқан таланттарды ғана шақырсын. Біздің бауырларымыз соларға қарап өседі. Бірақ кең қолтық, кең есік Қазақ еліне шетелдіктерді топырлатып, топ-тобымен шақыру керек пе?! Ең бастысы – өз ойыншыларымыздың қабақтарына кірбің түсірмеу, үздіксіз өсіру, шеберліктерін шыңдау.
Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ, журналист