• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
20 Сәуір, 2017

«Біз де сіздей болғанбыз...»

1109 рет
көрсетілді

Қос қабатты сауда үйінің шығар есігіне жақындай берген кезде сырт жақ­тан егде кісінің келе жатқанын бай­қадым. Бала күннен қалыптасып қал­ған әдет − ақсақалға ілтипат көр­сет­пек ниетпен есіктің тұтқасына қарай қолымды соза бергенім сол еді, қас пен көздің арасында бір жігіт таптап кетер­дей екпіндеп ішке енді. Түр-түсін де дұрыстап аңдай алмадым. Әйтеуір, ай­қас­тыра байлаған түрлі-түсті мойын­ора­­ғышы бірден көзге түседі екен, онысы бет-әлпетін жартылай жауып тұр. Жүрісі қатты. Өте асығыс. Ешкімді елейтін түрі жоқ. Жер-жаһанда жалғыз жүрген жандай-ау, сірә. Мені қойшы, алдында келе жатқан әлгі ақсақалды да қағып-соғып өте шыққан жоқ па сабазың?

Жасы келіп қалған кісіге ауыр тиген болса керек, сауда үйінің ішіне енген соң «Ана жігітті тоқтатшы» дегендей алға қарай қолын созып, белгі жасады. Түсіне қойдым. Әлгі жігіттің соңынан қуып барып, арқасынан қағып жүріп тоқтаттым-ау, әйтеуір. Сөйтсем, құлағында қыстырып алған құрылғы бар екен. Әуен тыңдап бара ма, жоқ әлде, біреумен телефон арқылы сөйлесіп бара ма, түсініксіз. Өйткені, мойынорағыш аузын бүркеп тұр. Арқасынан қаққан соң, амал жоқ, тоқтады. «Не керек?» дегендей маған бажырая қарады. Мен ақсақалды көрсеттім. Осылай көзбен «сөйлесіп» тұрғанда үлкен кісінің өзі де қасымызға келіп қалды. Ентігін басты. Қос қолын жігітке қарай созды.

−Ассалаумағалейкум, балам,− деді.

Жігіт сол кезде ғана ақсақалға бет бұрды. Созған қолды алды. Ақсақал «Ассалаумағалейкум, балам» деп тағы да қайталады. Жігіт жауап қатқан жоқ.

−Балам, саған айтарым, біз де сіздей болғанбыз, − деді. – Асығыс екеніңізді байқап тұрмын. Жауапты жұмыспен жүрген шығарсыз. Бірақ, қанша асығыс болсаңыз да, алдыңызда келе жатқан адамды қағып-соғып өтуге хақыңыз жоқ, балам. Ертең сіз де қартаясыз, біздің жасымызға келесіз, сол кезде өзіңіз секілді өрімдей жігіт екпіндеп келіп, қағып-соғып өте шықса қалай қарай­сыз, қарағым? Үлкен адамға істеген қия­натыңыз алдыңыздан шық­п­а­сына кім кепіл?! Жолыңыздан, жұмы­сы­ңы­з-

дан қалмағаныңыз дұрыс шығар, бірақ тәртіп сақтап, үлкенді сыйлағаннан қор болмайсыз.

Жігіт қазақшаны ұқпайтын болса керек, ләм-лим деп жауап қатқан жоқ. Кешірім де сұрамады. Бұрылып жүре берді.

Ақсақал айтарын асықпай-саспай, са­бырлы түрде жеткізді. Ашуға да бу­лық­қан жоқ. «Сіз» деп сыпайы сөйледі.

Әлгі жігіт ақсақалдың сөзін құла­ғы­на құйып алды ма, жоқ па, ол басқа әңгіме, әйтеуір, адамның санасына жеткізетіндей етіп айтты. Әңгімесі маған да ой салды.

Бала күнімізде ата-әжелеріміз сәт сайын «Үлкендерді сыйлаңдар, алдынан кесіп өтпеңдер, сәлем беріп жүріңдер», «Ақсақалдардан қарғыс емес, алғыс алыңдар, ақ батасын алыңдар» деп айтып отырушы еді. Үйге қариялар келсе, қолына су құю үшін қарадомалақ балалар таласатынбыз. Өйткені, батасын аласың. «Таудай бол, үлкен жігіт бол!» деген бір ауыз батасының өзіне көңілің марқайып, мерейің өсіп қалады. «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ел көгереді» дейді халық даналығы. Еліміздің көркейіп жатқаны қариялардың ақ батасының арқасы. Осыны ұмытпағанымыз абзал. Ата-әжелеріміздің ақ батасы мен тілегі, тәлім-тәрбиесі санамызда өшпестей жатталып қалды. Ес біліп, есейсек те, олардың өсиет сөздерін темірқазықтай ұстанып келе жатқан жоқпыз ба?!

Ал кейінгі ұрпаққа үлкендерді сыйлау мен құрметтеу жөнінде лайықты тәлім-тәрбие беріп жүрміз бе? Әй, қай­дам­?!. Аға толқынды құрметтеуге байла­ныс­ты тәлім-тәрбие дұрыс жүр­гі­зілсе, әлгі жігіт сауда үйіне кіре­бе­рісте ерсі қы­лық көрсетпес еді-ау? Ақсақалды қа­ғып-соғып өте шықпай, есік ашып, құр­мет көрсеткен болар еді ғой.

Ұрпақ алмасады. Бұл – өмір заң­ды­лығы. Бірақ, қарттарға құрметпен қа­рау сабақтастығы үзілмегені жөн. Үл­кен­дердің бәтуалы сөздері мен ақыл­да­рына құ­лақ ассақ, кем болмайтынымыз айдан анық. Осыдан отыз-қырық жыл бұрын ақылгөй ақсақалдардың айтқанына құлақ қойып, мойынұсынушы еді, қазір ше? Ауыл ақсақалдарының ақыл-кеңесінің арқасы шығар, ел ішінде ұрлық-қарлық, ұрыс-керіс, дау-жанжал, отбасындағы ойран дегенді сирек есітуші едік. Қазір қырықпышақ бо­лып жатқан ауылдар аз емес. Қу дү­ние­ні бөлісе алмай, әлденеге келісе ал­май, бірін-бірі пышақтап, қанжоса бо­лып жатқан жоқ па? Мұның бәрі үл­кен­дерді құрметтемеудің, олардың да­на­гөй сөздеріне құлақ аспаудың салдары. Ту­ған әке-шешесін қарттар үйіне, бауыр ет  балаларын жетімдер үйіне тапсырып жат­қан сорақылықтың да түп-төркіні осын­да.

Әне бір күні күре жолдың бойында кетіп бара жатып, зираттың маңындағы төбенің басындағы мынадай жазуға көзім түсті: «Біз де сендей болғанбыз, сен де біздей боласың». Осы сәт көпті көрген көнекөз ақсақалдың сауда үйінде жігітке айтқан сөзі сап етіп ойыма оралды.

Ғалым ОМАРХАН,

«Егемен Қазақстан»