• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
24 Сәуір, 2017

«Құс жолының» қиқулы тарихы - 2

354 рет
көрсетілді

Түркілердің бастапқы өркениет ошағы хақында

Бұл – қазақ топырағының ежелгі тарихындағы мәні зор айрықша кезең. Б.з.б. 50 мыңыншы жылдары Африкадан Оңтүстік Азия топырағына ауған ностра тілді халық, б.з.б. 15 мыңжылдықтарда үндіеуропа және орал-алтай тілді болып жіктеліп отырғандарында, Топан тасқынына кезігіп, Еуразия жоталарына аууға мәжбүр болды. Оңтүстік Азияның орал-алтай халқының Еуразия жотасына жылжып, Орал мен Алтай тауларының аралығын толтыруы осы кезден басталды. Орал-алтайлармен қатар ностра тілділердің екінші қанаты үндіеуропалықтардың жекелеген тайпалары да осы өңірден табылды. Қаңлы, жалайыр мен арғындар арасында арғы тектері үндіеуропалықтарға жататын қауымдар кездеседі.

Жығылғанға жұдырық деп, топан қарығынан қашып Еуразия жотасына жылжыған жұрттың жолын екінші топан тасқыны бөгеді. Әрине, бұл жергілікті мөлшердегі шағын қарық еді. 8-ші мың­жылдықтың басында Сібір аумағы қайтадан суынып, мұзқұрсаудың белгілері біліне бастады. Об дариясының Мұзды мұхитқа құятын боқсағы бітеліп, қатып қалды. Ал Обқа Батыс Сібірдің барша өзендері тоғысады. Атап айтқанда, Тавда, Тобыл, Есіл, Ертіс, Том, Шүй, Би, Қатуын өзендері. Боқсағынан байланған мол су Ба­тыс Сібір ойпатына жайылды. Ақыры оған да сыймай, Тобылдың биік жарлауы­тын бұзып өтіп, айнала төңіректен 200 м төмен жатқан Торғай ойпатына құлап, Үлкейек, Қарақұм арқылы Аралға жетіп, ақыры Ұлы Тұран ойпатын қарыққа толтырды. Тұран ойпаты орнында оңтүстік жағалауы Памир тауы сілемдерімен, солтүстік жағалауы Қаратаумен шектелген Нитас мұхиты пайда болды. Айдыны асып төгілген Нитас мұхиты Маңғыстау түбегін Үзбой арқылы бұзып өтіп, Каспий теңізіне төгілді, Каспий Маныш мойнағы арқылы Қара теңізді толтырды, Қара теңіз Балқан тауының қылтасын Боспор, Дарданел арқылы Жерорта мұхитына бұзып шықты. Ал шығыс тарапта Нитас мұхиты Балқаш, Ыстықкөл, Есік, Алакөл, Жалтыркөл, Зайсан ойпаттарын қарық қылып, Жоңғар қақпасы арқылы Шығыс Түркістан өлкесіне жөңкіп, оны да көл-көлшіктерге кенелтіп, Сарыөзен арқылы, Сары теңізге ағып кетті. Міне, б.з.б. 8-ші мың­­жылдықтың басында қазақ топы­ра­ғында осындай зілзалалы оқиға орын алды.

Ол зілзалалы қарықтың іздері б.д.б. 335-340 жылдары Зұлқарнайын Қосмүйіз сақ тайпаларын бағындырам деп қазақ даласында ерсілі-қарсылы шапқылап жүргенде әлі жоғалмай сақталып тұрған-ды. Ол Тұран даласындағы шеткі бекінісі Атлах қаласына Шу батырдың жолбасшылығымен ми балшыққа бат­пақтап азар жеткенін жазып кеткен (М.Қашқари дерегі).Сондай-ақ оның теңіз сырты сақтарына жорық жасаймын деп, Амудария жағалауында кеме жасап, флот жасақтағаны да белгілі. Нитас мұхитының іздері Македонский заманында әлі де анық сақталғанына осы мәліметтер қосалқы дерек міндетін атқарады.

Сонымен, Топан тасқынынан Еуразия жотасына ауа көшкен жұрт жолдарын ғайыптан пайда болған Нитас мұхиты бөгеп, Памир, Гималай тауларына келіп кідірістеулеріне тура келді. Тек, б.з.б. 5-шы мыңжылдықта жол таппай кідіріп қалған көш Нитас мұхитының ара-арасынан өткелдер тауып, көштерін қайта жалғастырады.Сөйтіп, қазақ даласының батысында орал диалектісінде, шығысында алтай диалектісінде сөйлейтін Сібір түркі тілді халықтары пайда болды. Осы орайда орыс археологиясының қорытынды пікірін еске сала кетудің артықтығы жоқ: «Что касается до мустье Средней Азии и Казахстана и единичных мустьерских пещер Южной Сибири, ставших известными за последние годы, то памяники этих территорий обнаруживают отдельные элементы сходства с мустерьскими памятниками Передней Азии, а также Южной Азии (Пакистан и Северо-Западная Индия). Но в настоя­щее время утверждать их принадлежность к определенной историко-культурной области той или иной эпохи было бы преждевременно. Отметим в этой связи и аналогии, которые представляе­т, очевидно, домустьерский галечный ранний полеолит Южного Казахстана ранне палеолитическому соану южных предгорий Гималаев» (Палеолит СССР. М., 1984. 349 с.).

Орыс археологиясының күре тамыр ойлары біздің жоғарыда баян еткен оқиғаларымызбен бірме-бір сәйкеседі. Оңтүстік өлкелері тұрғындарының Орта Азия мен Еуразия жотасына жылжығаны даусыз. Алдыңғы Азия жұрты – үндіеу­ропалықтар Орта Азия топырағынан көбі­рек көрініс тапса, бір кездері Пәкістан, Батыс Үндістан, Гималай тауларының түс­тігін жайлаған тайпалар Еуразия жотасы – Қазақстан топырағынан келіп шыққан.

Олар иесіз жатқан иен дала бос жерлерге келді екен деп ойлап қалмаңыздар. Кеңес ғалымдары,солардың қатарында Орта Азия және Қазақстан археологтары, мыңдаған тонна жер қопарып, жүздеген том еңбектер жазып, палеолит дәуірінен (б.з.б. 2 млн жыл мен 10 мыңыншы жылдар аралығы) алғашқы адам іздерін табу үшін аянбай жан салғандарын ескермеуге негіз жоқ. Сол тынбай ізденіс нәти­жесінде Орта Азия аумағынан палеолит дәуірінің ашель (б.з.б. 700 – 120 мың­жылдық) кезеңіне жататын Қаратау, Лахути, Красноводск – ұзын саны 10, мустье (б.з.б. 150 – 35 мыңжылдықтар) дәуіріне жататын Тесіктас, Ходжакент, Оби­рахмет, Өгзикік – ұзына саны 80 алғашқы адам тұрақтарының орындары табылды. Қазақстан топырағы да палеолит кезеңі жәдігерліктерінен құр алақан емес. Археолог Х.А.Алпысбаев Жамбыл облысы, Талас ауданына қарасты Бөріқазған, Тәңірқазған тұрақтарынан табылған малтатас құралдарды ашель адамдары меншігіне жатқызады. Осы сыпатты көненің көздері Жезқазған қаласынан 150 шақырым Жаманайбат, Жезді ауданының Обалысай мекені мен Маңғыстау түбегінен де ұшырасып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы, Алғабас ауданы Арыстанды өзені жағалауындағы көне күлдіктер де осы қатардың жұқаналары.

Осының бәрін бір қатарға жинақтай келгенде көненің көзі, палеолит дәуірінің айғақтары деуге жарарлық біраз дүниенің басы құралатын сияқты. Еуразия жотасы палеолитін кең мағынада шола қарағанда Батыс Еуропа аймағында алғашқы адам іздері б.з.б. 950-890 мыңжылдықтарда, Шығыс Еуропа топырағында 800 мыңжылдық шамасында, ал Қазақстан аумағында 700 мыңжылдықта көрініс тапқаны байқалады. Ал енді осынау антропоген дәуіріне – адамзат баласының пайда болу кезеңіне берілген қорытынды пікір төмендегідей: «Қазақстанда табылған материалдар Азия мен Африка жерлерінен табылған еңбек құралдарымен бірдейлігі және соларға ұқсастығы, төменгі палеолит мәдениетінің дамуының бірлігі туралы болжам айтуға мүмкіндік береді. Ол мәдениеттегі өзгерістер мен даму бір жолмен жүрген» (Қазақстан тарихы.Очерктер. Алматы, 1994. 9 б.). Бұдан Еуразия топырағында жасаған ежелгі қауымдар жергілікті жердің төл перзенттері емес, Африка, Азия өңірлерінен ауып келгендер деген қорытынды шығады. Сірә, ол пікірде жан жоқ болмас. Батыс Еуропа, Шығыс Еуропа, тіпті Қазақстанның терістік аймақтары беріге дейін қалың тоң мұзқұрсауда жатты. Онда адамның жануарлар дүниесінен бөлініп шығуына әсер еткендей қолайлы климаттық жағдай болмаған да сияқты. Демек, оңтүстік жылы өлкелерде өсіп-өнген адамдардың Еуразия аймағына жылжуы б.з.б. 1 млн жылдары басталып, олардың емескі іздері б.з.б. 900 – 700 мыңжылдықтарда көзге шалынғаны ақылға қонады.

Қалай дегенмен де, б.з.б. 24 -18 мыңжылдықтар аралығында Еура­зия жотасында үш мәдени ошақ даму ерекшеліктерімен көзге түсті: Өзбекстандағы Самарқанд мәдени ошағы, Дондағы Костенко тұрақтары, Оңтүстік Сібір аймақтарындағы Усть-Кан, Двуглазка, Құмара, Ангара, Мальта, Бурет, Санный Мыс, Афонтово Гора, Кокарьево мәде­ниет­тері. Орта Азия мен Еуразия жотасы және оңтүстік, шығыс Сібір мәдениет жұрнақтарын салыстыра зерттеген әйгілі тарихшылар Окладников, Абрамовтар олардың біртекті мәдени жалғастығына көз жеткізді.

Міне, келе-тұра осы жұрттардың араласуынан Орта Азия, Шығыс, Оңтүстік, Батыс Сібір аймағы мен Еуразия ұзақ жотасының ұзына бойында жаңа суперэтностар пайда болды. Орал тілдік аймағындағылар – угро-финдік, алтай тілдік аймағындағылар – түркі, үндіеуропа тілдік аймағындағылар парсы тілі ықпалында болды. Орта Азияда арамей, сармат, ас, алан, Шығыс Түркістанда тохар, тогон, Оңтүстік Сібірде сумер (шумер), Ертіс алқабында самар, Есіл-Нұрада арқа (арги), Арал-Жайық арасында қима (қимақ, кемер), Маңғыстау түбегейлі дах, Дон бойында танай (данай), угор (угор, огор, огуз) суперэтностары көзге түсті.

Б.з.б. 5-ші мыңжылдықта Топан қарығына жұтылған өлкелер құрғап, күнкөріс қамына жарамды қалыпқа келді. Сол жылдары өзгелерден бұрын байырғы отандарына қарай қозғалған сумерлер (шумерлер) 4,5 жылдарының орта кездеріндегі оңтүстіктегі қос өзен Тигр, Евфрат өзендерінің төменгі сағасына жетіп, көштерін доғарып жайлана бастады. Осы топырақта олар өнегелері кейінгі ұрпаққа үлгі болған өркениеттің іргесін қалады. Ұзақ жылдар Алтайдың сыртындағы Сумер мұзтауынан аппақ сүт тәрізденіп ағатын Ақсу өзенін мекендеп, түркі жұртына тән өмір дәстүрлері мен тілдік қорының біразын бойына сіңіріп, байырғы топырақтарына қайтып оралды. Олардың тілдерінде түркілік элементтер қаптап жүр, алайда олардың о бастан-ақ түрік тілінің алтайлық тобына жатқан-жатпағанын, әлде сібірлік сапарларында тілдік қорына түркілік элементтерді көп қамтыған семит тілді екендерін дәп басып айтуға шама-шарқым жетпей отырғанын мойындауға мәжбүрмін. Алайда, шумерлердің қазақ топырағымен тағдырлас болуларының өзі-ақ теңдесі жоқ үлкен жаңалық. Олардың Сумер өлкесінен, Шығыс Қазақстанның Ақсу өзені бастау алатын Белуха (Сумер тауы осы) алқабынан кеткені анық. Олардың оңтүстікке жылжыған көш іздерінен хабар беріп Түрікменстанда Сумер өзені, Еділ бойында Қажытархан мен Сарай-Бату арасындағы Сумеркен қаласының орны да жатыр. Моңғолдарға 8 жыл бойы берілмеген бұл қала кейін Ас бекінісі, яки азық тайпасының кіндік бекінісіне айналды. Алайда, ас-азықтардың сумерлердің жалғасы болуы күмәнді. Қалай дегенмен де, сумерлердің негізгі тобы Түрікменстан арқылы оңтүстік өлкелерге ұзағанда, олардың бөлініп қалған бір топтары Еділ-Жайыққа беттеген. Бәлкім, хазар заманында көзге түсетін сувар ғұндары немесе суваштар (шуваштар) осы сумерлердің жұрнақтары болуы әбден ықтимал.

Шумерлерден кейін б.з.б. 2-ші мың­жылдықтардың басында оңтүстікке самар тайпасы да ауды. Олардың негізгі тобы Самарқанд өлкесі арқылы өтіп, Самарқанд қаласының іргесін қалаған. Хафиз Тәніш «Шараф-нама-ии шахи» кітабында : «Самарқан ежелден ұлы хандар мен әлеуетті билеушілердің астана қаласы болған. Біреулер оның іргесін көтерген Кай-Кавус десе, екіншілері Ескендір дейді. Ал оның қабырғасын қалаған Тубба әулетінің сыйлы әмірі – Самар. Самарқан Самардың тұрағы деген сөз» дейді (Хафиз-и Тәніш Бухари. Шараф-нама-ии шахи. Ч.2. М.,1989. 229 б.). Тайпаның жүріп өткен бел-белестерінде топонимикалық белгі ретінде аттары қалып отырған. Ертістің Обқа құяр сағасындағы Самар аймағы, Шығыс Қазақстандағы Самар көлі, Еділ-Жайық арасындағы Самара облысы, Самара қаласы, Орта Азиядағы Самарқанд қаласы, Арабиядағы Евфрат өзені бойындағы Самар өлкесі, Самария қаласы, Палестинадағы Самар тауы, Самар қаласы. Ал араб тарихнамасы самарлық тубба тайпасын Йемендік арабтардың әргі тегі санайды. Олар өздерін кахтан руынан шықтық деп, паршаларын тоба деп атаған. Ал кахтан атауы – кавказдық адығ түркілерінің ках аталығы. Сондықтан, мұсылман дініндегі «хақ тағала», «тоба», «тәуба» сөздері түріктік атау­лар болуы әбден мүмкін. Әу баста бәдәуи тайпалары арасында болған самарлар кейін Палестинаға қоныстанады. Олар Самар қаласының іргесін б.з.б. 925 жылы көтерген. «Көне өсиет» жазбаларының мәліметінше: самарлар Ассирия мемлекетінің боданы болған, ассириялықтар Израйльді жеңіп, жерлерінен ығыстырғанда олардың жұртын самарлар меншіктеген. Сөйтіп, самарлардың елеулі бір тобы еврейлермен араласқан. Сырт жұртқа еврей саналғанмен, этникалық өз оқшаулығын әлі жоғалтпай келеді. Семит тілінде сөйлейді. Бұл қауымның да бір бөлегі оңтүстікке ауған бастапқы топтан жырылып қалып, Еділ-Жайық беттегені белгілі. Самара облысы, Самара қаласы соның айғағы. Олардың Еуразиядағы сілемдері қазіргі мари халқы.

Топан тасқынынан кейінгі кезеңде жергілікті жұрттың оңтүстіктен ауып келген жұртпен араласып, сапырылысу нәтижесінде пайда болған жаңа суперэтостың бірі – кимерлер. Грек грамматикасы әсерімен осылай кимер, кимар болып әліптелген. Ал олардың шын атауы – қима, қимақ. Олардың бір бөлегі б.з.б. 2 мыңыншы жылдықтың басында оңтүстік өлкелерге ұзап, еврей жылнамаларында имер, араб тарихнамасында химияр деп әліптелді. Кимер-қималардың бұл тобы Йемен арабтарының қалыптасуында шешуші рөл атқарды.

Б.з.б. 5-ші ғасыр авторы «тарих атасы» Геродот бұл қима, қимақтарды кимар деп жазып, Қара теңіздің шығыс тарапы Азау теңізі мен Қобан өзендері бойын жайлаған кимерлер туралы әжептәуір мәлімет қалдырды. Олардың қоныстары Кимер облысы, кимерлік Боспор қаласы, Кимер өткелдері аталып, б.з.б. VIII ғасырдың аяғы не VII ғасырдың басында шығыстан ауып келген скифтердің шабуылына тап болып, Қап тауын айналып Алдыңғы Азияға ауғанын егжей-тегжей жазып қалдырды. Әрине, Геродот алдыңғы лектері Арабияға ұзаған кимерлердің байырғы отанында отырып қалған бір шақтаулы тобының тағдырын қаламына тиек етті. Алайда, тарихшы кимерлер байырғы отанын тас­тап ауып кетті дегенменен, түгелдей аумағанына өмір шындығы көз жеткізді. Жаңаша жыл қайыруымыздың V –VII ғасырларында байырғы кимерлердің соңғы сілемдері уитигур, оногор тайпалары Қобан өзені бойында Ұлы Болгария хандығының іргесін көтерді. Олар кейін Хазар хандығына бағынышты жағдайға көшіп, Грекия мен Киев Русі тарапындағы шекара күзеті міндетін атқарды. VIII ғасырда бір шаңырақ астына сыйыса алмаған ағайынды Кубрабат пен Аспарух екіге бөлініп, Аспарух Балқан тауындағы Валахия аймағына кетті де, Кубрабат болгарлары өз аттарымен Волга атанған ұлы өзенді жағалап барып, Бұлғар, Сувар қалаларын салып, Еділдің ортаңғы ағысында тұрақтап қалды. Олар тұра-келе Қазан татарларын қалыптады. 

(Жалғасы. Басы 77-нөмірде)

Әнес САРАЙ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты