Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мәселенің мәнісін тереңінен түсініп, ғасырлар тоғысында аймақтағы геосаяси жағдайдың күрделене түсетіндігін алдын ала болжап, көршілес елдермен мемлекеттік шекара сызығын анықтауға баса назар
аударғанының арқасында Қазақстан шекара түйткілдерін халықаралық талаптарға сай тұтастай шешіп алды деуге негіз бар. Мұны еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістіктерінің біріне жатқызуға әбден болады.
Стокгольмнің бейбітшілік мәселелерін зерттеу институтының жүргізген зерттеулері бойынша, бүгінгі таңда әлемде құрлықтағы шекаралардың 25 пайызы толық анықталмаған көрінеді. Сондай-ақ, аталған институт соңғы кездегі қақтығыстардың 15 пайызы шекаралық мәселелердің шешілмеуінен туындап отырғанын, шекаралық таластан шыққан қақтығыстардың жалпы саны 95-ке жеткенін мәлімдеді. Осыдан-ақ шекараны нақтылап, заңдық тұрғыда бекітіп алудың қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады.
Жалпы, Қазақстан аумағы бес мемлекетпен шектеседі: Қытай (шекара ұзындығы шамамен – 1 783 км), Қырғызстан (1 257 км), Өзбекстан (2 351 км), Түрікменстан (458,3 км), Ресей (7 548 км).
Қазақстан өзімен шектесетін аталған елдермен мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық ресімдеуде байыпты саясат ұстанғаны талас тудырмайды. Мәселен, Қытаймен арадағы мемлекеттік шекарамызды халықаралық-құқықтық ресімдеу үдерісінде делимитациялау туралы келіссөздер 1992-1998 жылдар аралығында өтіп, демаркация толығымен 2002 жылы аяқталды. Осының нәтижесінде, Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының өту сызығын және оның шекаралық белгілермен белгіленуін егжей-тегжейлі сипаттап берген халықаралық шарттар жасалды. Бұл демаркациялау процесін екі ел арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы 1994 жылғы 26 сәуірдегі келісімнің 4-бабына сәйкес тараптардың бірлескен демаркациялық комиссиясы жүргізді. Процеске 2002 жылғы 10 мамырда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының сызығын демаркациялау туралы Хаттаманың бекітілуі арқылы нүкте қойылды.
Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау процесі 2000-2002 жылдар аралығында өтсе, Қазақстан-Түрікменстан шекарасын делимитациялау туралы келіссөздер 2000-2001 жылдары жүргізілді. Осы жерде күні кеше Түрікменстан президенті Г.Бердымұхамедовтің Қазақстанға мемлекеттік сапары кезінде Қазақстан мен Түрікменстан шекарасын демаркациялау туралы шартқа қол қойылды. Сөйтіп, екі ел арасында шекара мәселесі түпкілікті шешілді.
Ал Қазақстан-Қырғызстан шекарасын делимитациялау жөніндегі келіссөздер 1999 жылдың қарашасы мен 2001 жылдың желтоқсаны аралығында өтті.
Ал Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын нақтылау үдерісі 1999 жылдың қыркүйегінен 2005 жылдың қаңтарына дейін жалғасты. Нәтижесінде, 2005 жылдың 18 қаңтарында Мәскеу қаласында Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа екі елдің президенттері қол қойды. Осылайша, еліміз өзінің құрлықтағы шекарасын құқықтық, ресімдеді. Екі көршісі Қытаймен, Түрікменстанмен толық ресімдеп бітсе, қалған үш көршімен де көп кешікпей демаркациялау шарты жасалатыны күмәнсіз.
Әрине, мұның барлығы айтуға жеңіл. Бұл жұмысты жүзеге асыру оңай болған жоқ. Бәрінің табысты аяқталуына Қазақстан Президентінің сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Жоғарыда сөз болған күрделі мәселелердің оңтайлы шешілуінде, әсіресе, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық қоғамдастықтағы асқақ беделі мен еліміздің жүйелі түрде жүргізіп отырған көпвекторлы сыртқы саясатының ықпалы шешуші рөл атқарды.
Бүгінде Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде әлемдегі ауқымды мәселелердің шешілуіне атсалысуда. Соның ішінде, еліміздің жаһанның ыстық нүктелеріндегі қалыптасқан күрделі жағдайларды реттеу бағытындағы бітімгершілік бастамалары, нақты іс-қимылдары адамзаттың көз алдында.
Қорыта айтқанда, Қазақстан – әлем төріне шығып, билік айтуына толық құқылы мемлекет. Халықаралық аренада жоғары беделге ие болуымыз, экономикамыздың дамуы, сыртқы және ішкі саясаттағы табыстарымыз еліміздің көрші мемлекеттермен жақсы қарым-қатынас орната білгенімен тікелей байланысты. Ал көршілермен осылайша тату тұруымызға олардың ешқайсысымен шекараға қатысты келіспеушіліктің жоқтығы өзіндік зор әсерін тигізіп отыр.