Бокс кеші Қытайдың Санье қаласында өтті. Жерлестеріміз жинақылық танытып, 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Алдымен шаршы алаңға 52 килодағы боксшылар көтерілді. Нұрлан Ақұрпеков Әнуар Мұзаппаровқа сенім артқан екен. Өкінішке қарай, Әнуар сенімді ақтай алған жоқ. Қытайлық қарсыласы Гуо Жаннан жеңіліп қалды.
Гуо Жан – Әнуар Мұзаппаров – 3:0 (49:46, 49:46, 49:46).
Осы маусымда жанкүйерлерді желпіндіріп жүрген жігіттердің бірі Зәкір Сафиуллин. Шымкенттік сайыпқыран 60 килода жұдырықтасып, Сен Ванды сабасына түсірді. Осылайша таразы басы теңесті.
Сен Ван – Зәкір Сафиуллин – 1:2 (46:49, 46:49, 48:47).
Қазақ боксшыларының 69 килода өзгелерге ұтылуы сирек екенін көзіқарақты жанкүйер жақсы біледі. Дәл осы салмақта төрт бірдей Олимпиаданың алтынын еншілеген біздің оғландар басқа жарыста да жеңіле қоймайтын. Бірақ бұл жолы Әулиеата өңірінің тумасы Асланбек Шымбергенов Хуричабилигтен айласын асыра алмады.
Ричабилиге Хуричабилиг – Асланбек Шымбергенов – 3:0 (49:48, 49:48, 49:48).
Есесіне, Арман Рысбек бапкерлер штабы мен жанкүйерлердің үмітін ақтады. Бұған дейін Таразда ресейлік Павел Силягинді қапы қалдырған Арман бұл жолы Лид Ванды нокаутқа түсіріп, есепті екінші рет теңестірді. Арман Рысбек дәл қазір спорттық бабында жүр. Ұлттық құрама бапкерлері осы боксшының әлеуетін ескеріп, әлем чемпионатына апарса да болар еді.
Лид Ван – Арман Рысбек (Рысбек 1-раундта техникалық нокаутпен ұтты).
Соңғы шешуші кезеңде керекулік Олжас Боқаев командаға жеңіс сыйлады. Ол Жибао Ванды төртінші раундта техникалық нокаутпен ұтты.
Жиабао Ван – Олжас Боқаев (Боқаев 4-раундта техникалық нокаутпен ұтты).
Сонымен, топтық кезеңді бірінші орынмен аяқтаған «Астана Арландары» турнирдің келесі кезеңіне жолдама алды.
Айта кетейік, WSB аясындағы жетінші маусымның топтық кезеңінде 12 команда өнер көрсетті. Олар үш құрлық бойынша бөлінді. Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша келесі кезеңге әр топтан үздік команда ғана шығады. Азия құрлығының тобы ең қиыны болғандықтан, бұл жолы екі командаға мүмкіндік берілді. Ал Еуропа мен Америка құрлығынан тек бір команда ғана плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Бек ТӨЛЕУОВ,
журналист
АСТАНА