• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Футбол 25 Сәуір, 2017

​Иван Маевский: Чемпиондар лигасында ойнағым келеді

150 рет
көрсетілді

«Астананың» тірек жартылай қорғаушысы Иван Маевский sports.kz басылымына берген сұхбатында футболға қалай келгені, бұрынғы клубтары туралы және осы маусымдағы мақсаттары жайындағы ойларымен бөлісті.

«Бала кезімде футболға қатты қызықтым, үнемі жаттығып жүрдім. Бірақ футболға баруға мүмкіндік болмады. Мектеп бітірген соң, Гомельдегі орман шаруашылығы институтына сырттай оқуға түстім. Ол мен туып-өскен Речицаға жақын жерде. Үйде бос отыра беруге болмайды, сондықтан базарда жүк тиеуші болып жұмыс істей бастадым. Демалыс күндері ағаларыммен, достарыммен футбол ойнап тұрушы едік. 

Ойламаған жерден кәсіби түрде айналысып кеттім. Оған жақын досым көмектесті. Оның әкесі менің бірінші бапкеріммен жақын таныс екен. Олар менің футболмен айналысуым керектігін жиі айтып отыратын. Кейіннен сол бірінші бапкерім Беларусьтің екінші лигасында ойнайтын Каленинковичтің «Вертикали» клубында мені тексеруден өткізуге келісіп берді. Ойланбастан футболға кеттім», – деп еске алды Иван Маевский.

Иван Маевский Беларусь чемпионатындағы кезін карьерасындағы ең маңызды кезең деп есептейтінін жасырып қалмады.

«Беларусь чемпионаты кәсіби түрде дамуыма септігін тигізді. Маған үлкен футболға жол ашқан алғашқы команда Минскінің МТЗ-РИПО клубы болатын. Ол жерде мені Жоғары лигасында сынап көрді, сүрінбей өттім. Дәл осы командада өзіме деген сенімім арта түсті. Көп тәжірибе жинадым. Бірақ осы күнге дейін Беларусь Кубогына ғана қол жеткіздім. Көптеген мамандармен, футболшылармен дайындалдым», – деді «Астана» ойыншысы.

Ал Беларусь чемпионатынан кейін Польшаға қалай ауысқан екен? Иванның айтуынша, күтпеген жерден ұсыныс келген екен.

«Бұл қызық болды. «Минск» сапындағы кезекті маусым аяқталған кез болатын. Бір агент маған шабуылшы досым Александр Макасьтың нөмірін сұрап телефон соқты. Әңгіме арасында оған шетелдік клубтарда бақ сынап көргім келетінін айтып қалдым. Біраз сөйлестік, сонымен бітті. Күндердің бірінде Египетте демалып жүргенімде, Польшада мүмкіндік барын айтып, хабарласты. Ойланбастан бірден келістім. Осылайша жаңа жылдан кейін Польшаға «Завиша» командасына көштім», – деді Маевский.

Иван Маевский Польшада жақсы қырынан көзге түскенмен, командасы сәтті ойнай алмады. Маусым соңында «Завиша» премьер-лигадан шығып қалды.

«Рас, ол жерде мен үшін бәрі жақсы болды. Өкінішке қарай, командамыз қиын жағдайға тап болды. О бастан мүмкіндігіміз аз болды, кестенің соңында біраз уақыт тұрып қалдық. Бірақ маусымның екінші жартысын ойдағыдай бастадық, сегіз ойын қатарынан ешкімге есе жібермедік. Лигадағы орнымызды сақтап қалу мүмкіндігі де пайда бола бастады. Бірақ соңында аз ғана ұпай жетпей қалды.

Жаңа командаға келіп, бірден сіңіп кету оңай емес. Мұны немен байланыстыруға болатынын да білмеймін. Бірақ бір айтарым, әріптестеріммен, бапкеріммен, клуб басшылығымен қарым-қатынасым жақсы болды. Өзімді үлкен отбасының бір мүшесіндей сезіндім. Бәлкім осы жағы маған оң әсерін тигізген болар», – деді футболшы.

Маевскийдің карьерасына үңілсек, трансфер кезінде Ресейдің «Анжиі» секілді ешқандай команда қомақты қаржы ұсынбапты.

«Ең көп жалақыны да сонда жүріп алған едім. Жұрт осы жайлы көп талқылады. Қалай болғанда да, ол карьерамды жалғастыру үшін жақсы жол болды деп сенімді түрде айта аламын. Ресей чемпионаты әлемдегі мықты чемпионаттардың бірі. Сондықтан «Анжи» сапына ауысқаныма тек қуаныштымын», – деді Маевский.

Иван Маевский «Астанаға» ауысқаннан кейін көпшілік оны Рохер Каньяспен салыстырғаны белгілі.

«Шынымды айтсам, бұған мүлдем мән бермеймін. Мен өзіме, өз ойыныма сенімдімін. Жұрттың Рохермен салыстыруынан қорықпаймын. Оның үстіне, екеуіміз екі түрлі футболшымыз», – деді ол.

«Астананың» жаңа ойыншысы осыған дейінгі жолыққан қарсыластары жайлы да ой бөлісті.

«Беларусь құрамасымен Испанияға қарсы ойнадық. Оларда білікті футболшылар жетерлік. Мәселен, Давид Сильваны алайық. Одан допты алу мүмкін емес. Шамасы, маған ең қиын қарсылас болған ойыншылардың бірі сол шығар», – деді «Астананың» 18-нөмірлі ойыншысы.

Бір қызығы. Иван Маевский әлі күнге дейін Чемпиондар лигасында ойнамапты. Айтуынша, елордалық клубпен осы турнирге жолдама алу үшін барын салмақ.

«Иә, бұл мен үшін әзірге бағынбай тұр, бірақ жақында оның орнын толтырамын деп ойлаймын. «Астананың» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне шығуы үшін барымды салуға дайынмын, қажет болса, тіпті жанымды беруге дайынмын.

Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанған командаға қосылғаныма қуанамын. Көпшілік артқан сенімді ақтауға тырысамын», – деп сөзін аяқтады 28 жастағы ойыншы.

Дайындаған Аян Әбдуәли «Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар