• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Сәуір, 2017

Игі істердің ұйытқысы

216 рет
көрсетілді

Қызылорда облысындағы «Достық үйі» осыдан екі жыл бұрын ашылды. Ынтымақтың ұясы осы уақыт ара­лығында көптеген игі шаралар өткізді.

Мәжіліс, концерт залдары қоғамдық бірлестіктер үшін үнқатысу алаңы­на айналды. Одан бөлек, «Достық үйінде» этнос өкілдерінің қазақы мәде­ниетке жақындай түсуі үшін бар жағ­дай жасалған. Олар татулық пен бірлік үйінің мұражайындағы қазақ халқының көне жәдігерлерімен таныса алады. Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктердің тарихи қол еңбектері, киімдері мен музыкалық аспаптары да сонда қойылған. Мұражайда қазір 68 экспонат сақтаулы тұр. Облыстағы этномəдени бірлестіктердің мəдени күндері, əр этностың ұлттық мереке­лері тұрақты түрде кеңінен аталып өтеді. Бұл аймақтағы барлық этнос­тардың ауызбіршілікте өмір сүруі­не, қоғамдық келісімнің берік нығаюы­на үлкен ықпал ететіні сөзсіз. Қазақ­станда тұрып жатқан әр этнос­тың өкілі халық арасындағы достық­тың, конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзылмауына еңбек етіп, атсалысып келеді.

Бүгінгі күні облыстық Қазақ­стан халқы Ассамблеясының құры­лымдары өңірдегі берекелі бірлік пен ынтымақты тірліктің қалыптасуына, қоғамдық келісімнің нығаюына жұмыс істейді. Ассамблеяның 11 этно­мәдени, 6 этнобағыттағы бірлес­тіктері, 145 Аналар кеңесі, 155 Қо­ғам­дық келісім кеңесі, 22 Достық клубы, 1 Ғылыми-сарапшылық тобы, 1 Медиация кабинеті, облыс­тық мәслихатта депутаттық тобы, меценаттар тобы, Журналистер мен сарапшылар клубы, жастар қанаты, ақпараттық-насихаттық тобы бар.

Ассамблея қызметінің жаңа бағыт­тарының бірі – медиация институтын дамыту болып отыр. Былтыр «Достық үйінде» Медиация кабинеті ашылды. Қазіргі таңда, облыс көлемінде 38 кәсіби және 343 кәсіби емес медиатор жұмыс істейді. Облыстық ҚХА-ның ақпараттық-насихаттық тобы «Дін істерін зерттеу» орталығымен бірге қала көлеміндегі 16 оқу орнында экстремизмге, нәсілшілдікке, этнос­тық және діни төзімсіздікке жол бер­меу мақсатында «Мәңгілік Ел: негізгі өлшемдер», «Үлкен ел – Үлкен Отбасы» жалпыұлттық жобасының негізгі құндылықтары, «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін түсіндіру, «ҚХА-ның қызметі мен басым бағыттары», «Біртектілік пен бірлік: Болашағы біртұтас ұлт», «Әлем. XXI ғасыр» манифесі секілді тақырыптарда жас­тар мен мақсатты топтар арасында кездесулер өткізді. Осы күнге дейін ұйымдастырылған дәрістерге 17 мыңға жуық адам қатысты.

«Мәңгілік Ел» идеясын ғылы­ми тұрғыда талдау, түсіндіру және халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында облыстық ҚХА жанын­дағы Ғылыми-сарапшылық топ мүшелері мен ғылыми қоғамдастық өкілдерінің бастамасымен 80-ге тарта ғылыми және ғылыми-көпшілік мақала жарияланды. Сонымен қатар, 4 монография, 3 әдістемелік және 2 оқу құралы жарық көрді. Ғылыми-танымдық бағыт бойынша да көптеген жұмыстар көш ілгеріледі. Әсіресе, ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына арналған «Мәңгілік Ел» пойызы жалпыреспубликалық ак­ция­сы, «Тәуелсіздік пойызы» об­лыс халқын бір серпілтіп тастады. Сон­дай-ақ, 2016 жылдың қыркүйек айын­да облыстық Қазақстан халқы Ассам­блеясы мен Қызылорда облысының Азаматтық альянсы қауымдастығы меморандумға отырып, өзара бір­лескен іс-шаралар атқаруда.

«Достық үйінде» тілдерді оқыту кабинеті де жүйелі жұмыс жүргізуде. Кабинетте мем­лекеттік және ағылшын тіл­дері оқытылады. Соның ішін­де, қазақ тілі өзге этнос бала­лары мен жастары үшін 63 сағаттық оқу бағдарламасы негізінде аптасына 2 реттен жүреді. Сондай-ақ, этномәдени бірлестік өкілдері қазақ халқы­ның салт-дәстүріне арналған түрлі шараларға қатысып, өз танымдарын арттырып келе­ді. Этнос өкілдерінің балалары­на мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған «Мың бала» рес­пуб­ликалық мәдени-ағар­ту жобасы аясында 813 шара өт­кізіліп, жобаға 35 047 бала қа­тыс­­ты. Жоба аясында 1 444 бала қазақ тілін меңгерді. 

Облыстық Қоғамдық келі­сім кеңе­сінің отырыстарында жер­­­гі­лікті мекемелердің ат­қар­­ған қызметтері туралы қо­ғам­­дық тыңдау жүйе­лі өт­кізілуде. Бүгінде облыс­тың Қо­ғам­дық келісім кеңес­тері жұмыстарының оң тә­жі­ри­бесі республика көле­мінде наси­­хатталып жүр. Мәселен, 2016 жылдың қара­ша­сын­да Маңғыстау облы­сын­да Қазақ­­стан халқы Ас­сам­блея­сы­ның ұйымдастыруымен өткізіл­ген семинарда Сырдария ауда­ны­ның Н.Ілиясов ауыл­дық Қо­ғам­дық келісім кеңе­сінің жұмысы үлгі ретінде таныстырылды.

Облыстық Аналар кеңесі қайырымдылық акциясын жүйелі түрде өткізіп тұрады. Айталық, Шахан қаласында орын алған қайғылы оқиғаға ұшыраған азаматтарға қол­ұшын созып, «Шахан – көмек», 1 наурыз – Алғыс айту күні мен Наурыз мерекесіне орай қайырымдылық акция­лары ұйымдастырылды. Сон­дай-ақ, кеңес мүшелері об­лы­с­­тық Ассамблеяның ақпарат­тық-насихаттық то­бы­ның құра­мында барлық аудандарда болып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақ­станды мемлекет ретінде қа­лып­тастыру жолын­дағы ең­бегі, этносаралық тату­лық пен қоғамдық келісім сая­саты туралы дәрістер оқып, кез­десулер өткізді.

«Достық үйі» ынтымақтың ұясы іспетті. Себебі, бекем бірлік пен берекелі тірлікке бағыт алған әр этностың өз тари­хы мен мәдениетін наси­хат­тауға мүмкіндік беріп, жағдай жасап отыр. Бұл да болса ұлтаралық келісімді одан әрі дамыту, түрлі этнос өкілдерінің мәдениетіне деген құрметті қалыптастыру, елдегі бейбітшілік пен достықты сақтау бағытында мемлекет тарапынан атқарылған жұмыс­тардың жемісі деуге толық негіз бар.

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан»

ҚЫЗЫЛОРДА

Соңғы жаңалықтар