Аборт – жүктілікті бұзып, баланы жасанды жолмен алдырту, яғни болжаммен тұспалдап жасалатын кішігірім «соқыр» операция. Дәрігерлер мұндай тағылық операцияға баратын әйелдерді төрт топқа бөледі. Біріншісі, жыныстық мәселеде сауатсыз жасөспірім қыздар, ойнақтап жүріп от басқандар. Мұндай кезде жігіттер жағы сытылып шығып, бұл қасіретпен қыздарды жеке қалдырады. Соның салдарынан 15-17 жастағы бойжеткендер жүктілігінің 75 пайызы жасанды түсік жасатумен аяқталады. Екіншісі, бала туғысы келмейтін 30-40 жас аралығындағы түсік жасатуға саналы түрде баратындар. Үшіншісі, әлеуметтік тұрмысы ауыр, болмаса денсаулығы көтермейтіндер, яғни шарасыз жағдайға түскендер. Төртіншісі, бала тууды жоспарламай, бала түсіруді жүктіліктен сақтанудың құралы деп санайтындар. Бір әйелдің «құдайдың өзі кешірсін, 28 түсік жасаттым» деп отырғанын естігеніміз бар.
Жалпы, жасанды түсік жасатудың әйел ағзасына келтіретін кеселі, зияны жөнінде аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ.
«Табиғат шебер ғой, әйел жатырының ішкі шырышты қабаты ұрық қонатындай қалың, құдды балаға салынып қойылған жайлы төсек сияқты», дейді білікті акушер-гинеколог, медицина ғылымдарының докторы Баян Нау-
рызбаева. Ең қауіптісі, алғашқы жүктілік бұзылғанда шамамен әйелдің 70 пайызға жуығы бедеулікке шалдығады. Яғни, бірінші баланы алдырғанда, шақалақпен бірге шырышты қабат та қырылып алып тас-
талынады. Міне, сол қырған орын кәдімгі жара сияқты, жазылғанда тыртыққа айналып, жатыр бүрісіп қалады. Кейін жүкті болуға әлгі әйелдің жатырында ұрық қонатын шырышты қабат болмағандықтан, бала түсіп қала береді. Себебі, бүріскен жатыр кеңімейді. Ал бірінші баласын босанған әйелде мұндай қауіптің болмайтынынан жатырдың созылу, жиырылу қасиеті сақталып қалады.
Кеңес заманының өзінде жасанды түсік жасатуға тыйым салатын заңды қайта қарап, бала көтеру-көтермеуді әрбір әйелдің өз еркіне берудің басты себебі әртүрлі қылмыстық жолмен жасырын жасалатын аборттан кейін өлім саны көбейді. Мәселен, республикада 1995 жылы 40-45, 1997 жылы 60-қа жуық әйел аборттың құрбаны болған. 2001 жылы Денсаулық сақтау министрлігі жүктілікті бұзып, жасанды түсік жасату тек мемлекеттік емдеу және профилактикалық мекемелерде ғана рұқсат етілсін деген бұйрық шығарды. Бүгінде елімізде аборт саны жыл сайын кемуде. Мәселен, Қазақстанда 1995 жылы аборт саны 224 мыңға жетсе, 2016 жылы 73 926-ға төмендеген. Дегенмен, жасырын түсік жасату әлі күнге дейін бар.
Мамандардың айтуынша, бұл жерде әйел өз денсаулығына деген көзқарасты өзгертулері керек. Оның ең бастысы – жүктілікті болдырмау, оның алдын алу. Қазір соншама дәрі-дәрмектер, контрацептив, сақтанудың түрлі жолдары бар. Рас, Қазақстан түсік жасатуға рұқсат етілген ел болғанмен, мүмкіндігінше ондай әрекетке жібермеуге тырысқанымыз абзал. Өйтпеген жағдайда жүктіліктің соңы тастанды балаға айналып жатқаны өмір шындығы. Бұл аборттан да өткен сорақы қылмыс. Сондықтан, қалаусыз, қажетсіз жүктіліктен қалаусыз, қажетсіз жетім балалар туылып, олардың қасіреті, көз жасы мойнымызға жүктелетінін қай-қайсымыз да жадымыздан шығармасақ дейміз...
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»