• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Сәуір, 2017

«Сені білемін, сен павлодарлық белоруссың»

214 рет
көрсетілді

деп еді Елбасы», – дейді «Беларусь» этномәдени бірлестігінің төрайымы Любовь БОГНАТ

– Любовь Ивановна, Қазақстан хал­қы Ассамб­лея­сының ХХV сессия­сы қарсаңындағы көңіл күйіңіз қандай?

– Өте жақсы! Жыл сайын көктемде біздер еліміздегі Ассамблеяның берік қана­ты – түрлі ұлт өкілдері Аста­наға жиналамыз. Елба­сы­мен кездесу өтеді деп асы­­ға­мыз. Бір жылы Астанада бе­лорус­тардың ұлттық мерекесі өтті. Мей­рамда пісірілген тауық жұмырт­қалары түрлі-түске боялады. Біздер табаққа салынған әртүрлі боялған жұмырт­қа­ны мерекемізге арнайы келген Елбасы­на ұсындық. Сол сәтте әлі есімде, әлгі жұ­мыртқ­алардың арасынан көк түсті жұ­мырт­қаны таңдап алды. Бұл жайт, бәрімізді үлкен ойға қалдырды.

– Расында да, есте қалатын сәт екен. Осы жуырда «Гукание вясны» мере­кесін өткіздіңіздер ғой деймін?..

– Бұл «Көктемді шақыру» атты бе­лорус халқының көктем мереке­сі. Мереке 14 наурыздан басталып, көк­тем бойы тойланады. Белорустардың нанымы бойынша, көктем Лада сұ­лу­лық жебеушісі бейнесінде келеді. Лада келсе, күн жылы болады, күзде егін мол, адамның өмірі де жайнап гүл­денеді. Бірақ, бастысы гукание көк­темді шақыру керек. Сондықтан, біздер қағаздан кұстар жасап, осылай көктемді шақырамыз.

Біздің этномәдени бірлестік үшін басты мақсат – жастарды, кішкентай­лар­ды өз халқының салт-дәстүрлеріне үйрету. Мерекеге келгендерге құстар­дың түрінде «жаворанки» деп атала­тын тоқаштар тараттық. Қонақтар ті­лектерін айтып, ағашқа қағаздан жасал­ған құстарды ілді. Осы Достық үйін­де өткен көктем мерекесінде бе­лорусь орталығының «Карамель», «Крыницы», «Жаураначек», «Пралес­ки», «Свитанак», «Надзея» ансамбльдері мен «Дабранач» вокалды-аспаптық ансамблінің орын­дауында әндер шырқалды. Бірлес­тікте алқа кеңесі, әртүрлі бөлімдер, белорус ардагерлер кеңесі, жастар қанаты «Крыницы» жастар вокалды ұжымы, «Жаураначак» би ұжымы, «Падарунки» теат­ралды студиясы, қасықтар ансамблі, «Истоки» жастар клубы, «Белорусачка» әйелдер клубы жұмыс істей­ді. Орталық халықтық салт-дәс­­түрлерді жаңғыр­ту бағы­тын­да дәстүрлі мере­келер өт­кізеді, сонымен қатар, өңір­­­дегі белорустар тұра­­тын ауылдарға барып, этно­­гра­фиялық экспедиция жұ­­мыс­­тарын жалғастыруда.

– Минскі­нің тех­никалық уни­вер­си­те­тінде Абай атындағы мәде­ниет және тіл орталығы ашылғаны, осы қаладағы №42 мектепке Мұх­тар Әуе­зовтің есімі берілгені елдер ара­сын­дағы оң байланыстың нәтижесі ғой?..

– Абай, Мұхтар Әуезов – қазақ үшін аса қастерлі тұлғалар. Осы тұл­ға­лардың есімін Беларусь еліне де таныту парыз. Екіншіден, Минскіде де қазақ диаспорасы бар. Біздің олармен байланысымыз жақсы. Біздің «Беларусь» этномәдени бірлестігі еліміздегі Бела­русь елінің елшілігімен, Білім және ғылым, Сыртқы істер ми­нистр­ліктерімен тығыз байланыста. Мен Беларусь Сыртқы істер министрлігі консуль­тативтік кеңесінің мүшесімін. Ал, 17 жыл бұрын құрылған бірлесті­гіміз «Қазақстан белорустары қауым­дас­­ты­ғының» құрамына енеді. Байла­ныс орнықты дейтініміз, жалпы, Достық үйін­дегі этно-бірлестіктердің мақсаты бір, ол еліміздегі, өңірдегі бейбітшілік пен келісімді сақтау, елдер арасындағы достықты нығайту, тілдерін үйрену, оқыту, орталық өкілдерімен бірге ұлт­тық мәдениетті, салт-дәстүрді жаңғыр­ту болып табылады. Былтыр облыс­­қа Белоруссияның Гомель облысы ат­қару комитетінің төрағасы Владимир Двор­ник бастаған делегация келіп кетті. Қонақ­тарды Достық үйінде Ассамблея мүшелері нанмен және тұзбен қар­сы алды. Өзге ұлт өкілдерінің басын қосқан Достық үйіне келгенде қазақ елінің кеңпейілді ниетіне риза болған гомельдіктер тіпті, өздерін басқа елде жүргендей сезінбегендерін айтқандары бар. Ал екі ел арасындағы сауда-сат­тық қарым-қатынасы жылдан-жылға дамып келе жатқаны да гомельдіктер келген кезде айтылды. Яғни, ауыл шаруа­шылығы және өнеркәсіп сала­сының әлеуетін арттыру үшін бірлескен  ынтымақтастық орнады. Біздің өңір Беларусь елінен сүт бағытындағы ірі қара мал басын сатып алуға, ал, біз­ден ол жаққа майлы дақылдарды жет­кізуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, «Житковичхимсервис» АҚ-тың эко­логия мәселелеріндегі тәжірибесі бізді қызықтырды. Алдағы уақытта пав­ло­дарлық кәсіпорындар тиімділігі жоғары ор­ганикалық тыңайтқыштарды қайта өңдеуді бірлесіп әзірлемекші.

– Сіздің де ата-анаңыз тағдыр жазып, басқалар секілді қазақ жеріне келген бе?

– Мен 1947 жылы қазіргі Екатерин­бург облысы, Камен-Уралск деген қа­лада өмірге келдім. Анам Мария Пав­лова мен әкем Иван Петрович еңбек армиясы қатарында Белоруссиядан сол жаққа жіберілген. Тағдыр деген осы, одан кейін 54-ші жылдары тың игеру ке­зінде Павлодарға, Ертіс ауданына келеді.

– Қазір шешем 90 жасқа келді. Біз нағыз қазақстандықтар болдық. «Өз елім менің! – Өзегім менің!» деген ән жолдары есімізде мәңгілік жатталып қалды. Жол­дасым екеуміз бақытты отбасы ретінде балаларымыз бен немере­леріміз­дің қызығын көрудеміз. Өзім мұғалім маман­дығын алдым. Кеңес Одағы кезі­нен облыс орталығындағы оқу-білім бөлім­дерінде қызмет еттім. Одан кейін қоғам­дық жұмыстар басталды. Қазір Достық үйіндегі «Беларусь» этно­мә­дени бірлестігінің қалыптасып, өсіп-өркендеуіне үлес қосып келемін.

Мен өзімді бақытты санаймын. Қазақ жерінде туып-өстім. Қазақстандық­пыз деп мақтанамыз. Маған Елбасы

Нұрсұл­тан Назарбаевпен тікелей бетпе-бет жүз­десу бақыты бірнеше рет бұйырды. Былтыр Қазақстан халқының бірлігі күні­не орай салтанатты жиын өтті. Елбасы кеш соңында делегаттарға жа­қын­дап, әрқайсымызбен амандасып шық­ты. Кезек маған келгенде өзімді таныс­тырайын деп едім, Президент: «Сені білемін, сен павлодарлық бело­рус­сың» дегенде қуанғанымды көрсеңіз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы

Соңғы жаңалықтар