Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толуына орай «Әуезов оқулары-ХV: Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаңа тұжырымдамалар мен заманауи шешімдер» тақырыбында өткен халықаралық конференцияға АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Жапония, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Малайзия, Түркия секілді мемлекеттерден белгілі ғалымдар қатысты.
Отандық жоғары білімнің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал ететін конференция барысындағы пікірталас алаңынан туған ой көп. Талабы талантымен ұштасқан ұлт ұрпағы білім алып, ілім үйренгенде ғана, Елбасы мақаласында айтылғандай, өзгелермен иық тіреседі. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында таяу онжылдық уақытта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кететінін ескертті.
«Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген. Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз, делінген Елбасы еңбегінде. Осы орайда, университет студенттердің білім-білігін арттыру үшін шет елдердегі әріптестермен тығыз байланыс орнатып, білім сапасын халықаралық дәрежеге көтеруде. Конференция мақсаты да білім сапасын жақсарта түсіп, Елбасы еңбегінде айтылған бәсекелік қабілетті арттыру», дейді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Жұмахан Мырхалықов.
Ал оңтүстіккореялық ғалым, техника ғылымдарының докторы Ким Хуанд Дон бүгінгі заман ағымына қарай құрылыс саласы да инновациялық игіліктерге толы екенін айтты.
«Біздің мұнда келгендегі мақсатымыз да сол – саладағы заманауи жаңалықтармен бөлісу. Бұл білім ордасының оқытушылар мен студенттері біздің елге жиі келеді. Білгенімізбен бөлісіп жүрміз. Ғылым мен білімдегі жаңашылдықты жария етуден жалықпаймыз», дейді ғалым.
М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде көптеген қазақ жастары білім алуда. Конференцияға өзінің ғылыми еңбектерін ала келген университет қызметкері, профессор Ольга Маликованың айтуынша, Қазақстанның соңғы уақыттағы жетістіктері, әсіресе, сырттан қараған жанға айқын сезіледі. Сондай-ақ, ғалым өндіріс саласы қарқын алған Қазақстанда шикізат қоры мол екенін, оны өндіру жағынан білікті маман даярлауды да қолға алып, бүгінде мол жетістікке қол жеткізілгенін атап өтті.
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу аясында жаңартылған энергетика, энергия сақтаушы технологиялар мен ресурстар; тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» аясында өндірісті автоматтандыру мен IT-технологияларды дамыту, үштілділік жалпыұлттық ілгерілеу, бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеу мен дамытудағы спорттық-сауықтыру аспектілері сынды бірнеше бағыттар бойынша секциялық жұмыстар жүргізілген конференция барысында Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын жүзеге асырудың өзекті мәселелері талқыланды.
Садыбек БЕЙСЕНБАЕВ,
педагогика ғылымдарының докторы
ШЫМКЕНТ