«Бірінші талқылауға Маңғыстау облысы әкімдігі мен балықшылар қатысты. Қарсылық жоқ сияқты. Дегенмен, бұл мәселе әлі де ортаға салынып, ұсыныс-пікірлер тыңдалады. Себебі, бүгінде осы аймақта балық шаруашылығымен айналысатындар аз емес», деді басқарма басшысы. Ол балық аулауға тыйым немесе уақытша шектеу салу үшін биологиялық негіздеме керек екенін алға тартып, жақында өткен алғашқы отырыста аталған құжатты әзірлеу туралы шешім шығарылғанын жеткізді. Сол кезде ғана Каспий теңізінде балық аулауға толығымен тыйым салынады немесе шектеу енгізіледі. Сондықтан қазір нақты нәтиже күтілуде.
Жиын барысында Нариман Жүнісов айдың басында Атыраудағы «Амангелді» өндірістік кооперативі ұстаған салмағы 160 кило болатын ақсерке балығы жайында айтып берді. «Сәуірдің 1-і күні ақсеркенің ұрғашысы ұсталған болатын. Салмағы – 160 кило. Сәуірдің 18-і күні балықтан 30 кило 600 грамм уылдырық алынды. Ол шамамен 1 миллион 200 мың дана уылдырық болады. Оларды жасанды жолмен ұрықтандырғаннан кейін инкубациялық аппараттарға орналастырды. Шілде айында кәдімгі балықтарды теңізге жіберетін боламыз», деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде Батыс Қазақстан облысында ақсерке өсіретін екі зауыт бар. Кәсіпорындар ағымдағы жылы шамамен 7 миллион ақсерке балығын теңізге жіберуді жоспарлап отыр.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»