1913 жылғы халық санағы бойынша, бірінші дүниежүзілік соғыс басталар кезде Ресейдегі немістердің саны миллионнан асып жығылған. Сөз жоқ, бір жарым ғасырдан астам уақыт орыс жеріне бауыр басқан осыншама жұрт қоғамдық өмірдің біраз саласына қомақты үлесін қосқандығы түсінікті. Осыған орай елдің абырой-даңқын аспандата түскені үшін тарихқа кіріп, оған мәңгілік жазылған көптеген адамдардың аты-жөнін ілтипатпен атауға болады.
Солардың бірі – мектеп қабырғасынан бастап құлағымызға әбден сіңген, орыс самодержавиесімен табандылықпен күресіп, құрбан болған бүлікшіл декабрист Павел Пестель. Немесе 1812 жылғы қырғын соғыста француз басқыншыларына қарсы күресте партизан қозғалысын басқарған Александр Фигнер. Бұларды мақтан етерлік тұлға емес деп кім айта алады? Ал «Недоросль» деген пьесаның авторы Денис Фонвизин ресейлік дворяндардың өмірін дәл сол қалпында көркем көзбен кестелеп, жазып кетті емес пе? Ғажап суретші Орест Кипренскийді (өгей әкесі – Адам Швальбе), орыстың бейнелеу өнерінің негізін қалаушыларының бірі Карл Брюлловты қалай атаусыз қалдырар едіңіз?
Жарқын болашақты аңсаған империя халықтарының ұлт-азаттық қозғалысынан немістер де қалыс қалған емес. «Очаков» крейсеріндегі көтерілісті басқарған Петр Шмидтің өмірі мен өшпес ерлігі күні бүгінге дейін кімнің болса да оған деген шын мәніндегі шексіз құрмет сезімін оятады. Өзін өзі нұрлы болашақ үшін құрбандыққа шалған тектілік пен адамгершіліктің үлгісі есебінде халық есінде мәңгі сақталуы да содан болар. Бірінші орыс революциясының от-жлыны кезінде большевик Николай Бауман қаражүздіктердің қолынан қаза тапты. 4-Мемлекеттік Думадағы большевиктер фракциясының хатшысы Эммануил Квиринг лениндік «Правданың» алғашқы қызметкерлерінің бірі. Қазан төңкерісінен кейін ол Украина КП (б) Орталық Комитетінде істеді, Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Кеңесінің төрағасы болып, КСРО-ның Мемлекеттік жоспарлау саласында жауапты қызмет атқарды. АҚШ-тағы Кеңес өкіметінің алғашқы өкілі болған Людвиг Мартенс пен Еңбек халкомы және Халком кеңесі төрағасының орынбасары Василий Шмидт кезінде Питерде революциялық қызметпен айналысқан.
Отан басына ауыртпалық түсіп, жауға кіріптар боларлық қара бұлт төнген кезде де ресейлік немістер елдің ортақ жауапкершілігінен қашып-пысқан жоқ. Айталық, 1914 жылғы майданда 300 мыңдай ұлты неміс рекруттер (әскерге жаңадан шақырылғандар) соғысқа қатысты. Олар 1941-1945 жылдарғы Гитлер басқыншыларымен болған күресті де кеңес халқымен бірге иық тіресе қарсы алды.
Ұлы Отан соғысы басталғанда Еділ жағалауындағы Неміс автономиялық республикасы, Сібір, Украина, Қырым мен Кавказдағы ұлттық аудандарда туған ұлты неміс ондаған мың солдаттар мен офицерлер әскер қатарында болған. Неміс республикасынан өз еркімен соғысқа жіберіңдер деген 2500 өтініш түсіп, 8000-нан астам адам халық жасағына жазылған.
Майданға алғашқылардың бірі болып 1904-1918 жылы туған әскери міндетін өтеуге тиіс кісілер шақырылады. Сол бір қиын-қыстау күндерде әскери комиссариат алдында кезекте тұрғандар негізінен мұндай топқа жатпайтындар болатын. Бұлар 16-17-дегі қыз-жігіттер, маңдайын қырау шалған азамат соғысының ардагерлері, олардың ішінде 1917-1919 жылдардан бері Компартия мүшелері Иван Райсих, Карл Рингельштейн, Рудольф Рольгейзер, Адам Рамбургер, Оскар Орберт, «Аврора» крейсерінің мичманы Эдгар Вальтер және есімі елге әлі белгілі бола қоймаған тағы басқалар бар еді.
1939 жылғы халық санағы бойынша Кеңес Одағында 1427222 неміс, оның ішінде Ресей Федерациясында 700231, Украинада – 392458, Белоруссияда – 8448, Әзірбайжанда – 23133, Қырғызстанда – 8426, Грузияда – 20527, Арменияда – 433, Қазақстанда – 92 мың адам тұратын.
Арнайы жер аударылғандар арасында НКВД-нің 1949 жылы жүргізген санағы бойынша Қызыл Армияда бұрын қызмет атқарған немістердің саны былай екен: жер аударылғандар: офицерлер – 1609, сержанттар – 4282, қатардағы құрамдағылар – 27724, барлығы 33615 адам; отанына оралғандар (репатриацияланғандар): офицерлер – 1092, сержанттар – 2828; қатардағы құрамдағылар – 18747, барлығы – 22667 адам; әскерге шақырылғандар: офицерлер – 326, сержанттар – 907, қатардағы құрамдағылар – 4444, барлығы – 5677 адам; жергілікті азаматтар: офицерлер – 119, сержанттар – 301, қатардағы құрамдағылар – 2057, барлығы – 2477 адам; басқалары: офицерлер – 32, сержанттар – 33, қатардағы құрамдағылар – 143, барлығы – 208 адам. Сонда барлық 5 түр бойынша – 64644 адам.
Немістер бүкіл Кеңес Одағының халықтарымен топтасып, бір кісідей жұмылып, фашист басқыншыларына қарсы қорғанысқа көтерілді.
Қара ниетті дұшпанның кенеттен соғыс ашуы кеңес халқына төбеден жай түскендей әсер етті. Бұл, сөз жоқ, немістер үшін де үлкен соққы болды. Алайда, олардың қиямет-қайымы, көрер қайғы-қасіреті алда еді. 1941 жылдың 26 тамызында КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі мен ВКП(б) Орталық Комитеті Саратов, Сталинград облыстарында және Еділ жағалауындағы немістерді жер аудару туралы қаулы қабылдады. Осыдан екі күн өткен соң – 1941 жылдың 28 тамызында осы шешімге құқықтық негіз болатын КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығы шықты. Мұнда неміс республикасы немесе пәленше облыс, аудан деген сияқты нақты мекен-жай көрсетілмей-ақ, «Еділ жағалауындағы аудандарда тұратын немістерді жер аудару» деген құжат өмірге келді.
Соғысқа дейінгі уақытта да «күдіктілердің» қатарына ілігу үшін тек неміс болғанның өзі жеткілікті еді. Азаматтығына қарамастан олардың бәрі арнаулы қызметтің есебінде тұрды. Соғыс басталысымен шұғыл түрде Еділ жағалауында тұратын неміс халқына «күйе жағып», қаралауға қажетті деректер іздестіріле бастайды. Бірақ қауіпсіздік органдары қанша тырысқанымен оның қисыны келе қоймапты: 22 маусымнан 10 тамызға дейін «небәрі» 145 адам тұтқындалған. Оның ішінде «жеңілушілік немесе көтерілісшілік» пиғылын көрсеткендер 97 адам, антисоветтік топтар мен керітөңкерісшілер ұйымына қатысқандар – 36, диверсиялық және террористік ниет байқатқандар – 7, «неміс шпионажы» есебінде ұсталғандар – 2 адам. 58-баптың аясы кең екенін ескерсек, мұның өзі өкімет жарлығын «осы дұрыс еді» деп жұртшылықты иландыра қоймайтын есеп-қисап болатын. Компромат жеткіліксіздігі ап-айқын!
Соғыстан кейінгі жылдары батыстағы Канарис ұйымдары (әскери барлау) агрессияға ұшырауға тиісті әрбір құрбанды саяси, экономикалық және әскери тұрғыдан «бесінші колоннаның» көмегімен ыдыратуды мақсат еткен 2-Абвер КСРО-да оларды жақтаушылар көп бола қоймады, сондықтан неміс азшылығына арқа сүйей алмадық деп мәлімдеген. Герман мұрағаттары жариялаған «үшінші рейх» және Ресейде тұратын немістердің арасында қандай да бір байланыс болғандығын айғақтайтын бірде-бір құжат табылмаған. Ал билік болса, 1941 жылы да, одан кейінгі уақытта да кеңестік немістердің мұндай қарым-қатынаста болған-болмағанын табандылықпен үздіксіз іздегені айдан анық.
Тарихшы ғалымдар Қ. Алдажұманов пен Е.Алдажұманов та осындай тұрғыда тұжырым жасайды. Жарлықта көрсетілген «мыңдаған және он мыңдаған диверсанттар мен шпиондардың» ізін олар да мұрағаттан кездестірмегендігін жазады. Жоқ болса, қалай табарсың. Демек, өкімет шешімі – дақпырт. Лақап, алып-қашпа сөз. Тұтас бір халыққа жабылған жала, сенімсіздік. Әділеттіліктен, ақиқаттан алшақ жатқан дүние. Ал неміс республикасының жойылуына келсек, ол заңсыз жасалған. КСРО конституциясының талаптары сақталмаған, АКСР келісімі алынбаған.
Кейін бұл мәселелер ресми тұрғыда мойындалды да.
Ұлты неміс кеңестік сарбаздар герман фашизмімен күресте қаһармандық, батырлық көрсетті. 1941 жылдың тамыз айында «Комсомольская правда» Генрих Гофманның ерлігі туралы хабарлады. Ауыр жарақаттанып тұтқынға түскен, жау жағына өтіп, айтқанына көнбегендіктен оны азапқа салып, ұрып-соққан, ерлікпен қаза тапқан.
Дұшпан соққысын алғашқылардың бірі болып қарсы алған Брест қорғанының ержүрек сарбаздарының ішінде кеңестік немістер аз емес еді. Бұл тізімнің ішінен табандылық пен ержүректілік көрсеткені үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталған старшина Вячеслав Эдуардович Майерді (марқұм) атауға болады. Майор А.Дулькайт, аға лейтенанттар Е. Кролл мен Г.Шмидт, А.Герцог, полк дәрігері В. Вебер, қатардағы жауынгерлер Дамм, Релинг, Кинг, А.Вагенлейтнер (оның әйелі мен қызы фашистер қолынан қаза тапқан) – бұлардың бәрі Брестің от-жалынын шарпып, кеңес халқының теңдесі жоқ ерлігін тарих бетіне жазып кеткен асыл жандар.
Қолына қару ұстап неміс фашистерімен болған қиян-кескі ұрыстың ішінде 5 әуе-десант бригадасының құрамында Киев қаласы ішіндегі майданға қатысқан Георгий Мюллерді айтуға болады. Осы құрылымның сол бір кездегі жанкешті іс-қимылдары жөнінде Евгений Долматовский кейін былай деп жазды: «Қырық бірінші жылғы тамыздың 20 күні ішінде А. Родимцевтің құрамына кіретін әуе десантының корпусы қырғын соғысқа ілігіп, кейде қоян-қолтық текетіреске ұласты. Артиллеристердің көмегімен десант тәулігіне небәрі 800 метр жылжыды. Бірақ олар батысқа қадам басты. 1941 жылдың тамызында Батысқа жол тартты! Отан соғысына қатысқандар бұл қайғылы айды ешқашан ұмытпайды, олар сол кезең үшін Батысқа жылжудың не екенін түсінеді».
Қызыл Армияның 63-атқыштар бөлімшесін фашистер «қара корпус» деп тегін атамаған. Оның сарбаздары Рогачев қаласын жаудан тартып алып, бір ай бойына қолында ұстаған. Осы құрылымның қатарында кеңестік немістер де жаумен арпалысқан. Солардың бірі – ерлікпен шәйіт болған Еділ жағалауының тумасы Яков Вагнер. Оның жеке заттары мен құжаттары қаза тапқан полктастарының мүліктерімен бірге Рогачев қаласының халық даңқы мұражайына қойылған.
Қызыл Армияның офицері Адольф Берш Берлин қаласын азат етуге қатысып, кейін жеңілген Германияның астанасының кеңестік бөлігінің әкімшілігінде қызмет атқарған. Соғыс біткен жылдары КСРО-ға келіп, мектепте неміс тілінен сабақ беріпті. Бұл туралы бізге қазір тарихи Отанында тұратын, ал бұрын Ақмоладағы «Фройндшафт», сосын «Акмолинская правда» газетінде істеген оның шәкірті журналист Альфред Функ айтқан еді.
1941 жылғы жарлыққа сәйкес ұлты неміс солдаттар мен офицерлер соғысқа жіберілмей, кейін қайтарыла бастады. Алайда, көптеген жауынгерлер аты-жөндерін өзгертіп, майдан алаңын тастамады, ерлік көрсетіп, неміс фашистерімен табандылықпен күресе берді. Мәселен, Саратов қаласынан келген Кеңес Одағының Батыры Вольдемар Венцель фамилиясын өзгертіп Венцев болып жүрген; аға лейтенант Артур Бойгель болса Бойченко деп жазылған; Петер Лёвин Левинге айналып, осы фамилиясымен Берлинге жеткен; Георгий Эмильевич Рихтер соғыс біткенше Михаил Васильевич Смирнов деп танылған.
Пауль Шмидтың майданға баруының өзі бір хикая. Қолына қару алып фашист басқыншыларымен соғысу үшін еңбек армиясынан қашып шығады, өзінің әзірбайжан досы Әли Ахметовтың есімін алып, Қызыл Армияға кіреді, оның қатарында Берлинге дейін барады. Көптеген жауынгерлік орден-медальдарға ие болады. Ал өзінің П.Шмидт деген нақты аты-жөнін маршал Г.К.Жуковтың көмегімен (!) соғыстан кейін әзер қайтарып алады.
Ұлы Отан соғысының майдан даласындағы қырғын ұрыста ерлік көрсеткен осындай мыңдаған кеңес немістері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың ішінен Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған қатардағы танкист жауынгерлер Петер Миллер мен Михаэль Геккель, генерал-майор Сергей Волькенштейн, партизан бригадасының жетекшісі Александр Герман, аты аңызға айналған барлаушы Роберт Клейн және басқаларды атауға болады.
Дей тұрсақ та, тек аз ұлттардың өкілі – неміс – болғаны үшін біраз азаматтардың жанқиярлық еңбегі еленбей тиісті марапаттарынан шеттетілгені қаншама десеңізші! Дегенмен, соның бір-екеуін тілге тиек етуді жөн деп таптық. Сталиннің бұйрығына сәйкес ұлты неміс болғандықтан авиациядан шығарылып, өзеннен ағаш ағызуға жіберілген әскери әуе күштерінің бұрынғы капитаны, тамаша ұшқыш Михаил Иванович Ассельборнның жасаған ерлік істері мұны айғақтай түседі. Ол болған жағдайға мойымай арнайы оқу орнына жіберуге тіркеледі, оны бітірген соң диверсиялық барлау отрядының командиріне тағайындалады. Ассельборндықтардың 180 тәулік бойы жасаған жорығы Ленинград блокадасын жоюға жәрдемін тигізеді. Олар Балтық жағалауында және басқа жерлерде талай ерліктің үлгілерін көрсеткен. Жауынгерлік даңқты табыстары көп. Басшылық оны марқұм болғаннан кейін тек медальға ғана лайықты деп есептеді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып тұрған кезінде Д. Қонаев оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады. Алайда, саяси жүйе бұл жолы да өзінің жаңылмайтындығын сездіріп, марқұмды Қызыл жұлдыз орденімен наградтады.
1996 жылдың 19 маусымында Ресей президенті мазмұны жағынан бұрын болып көрмеген № 948 жарлыққа қол қояды. Мұнда: «Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін сержант Ганус Феодосий Григорьевичке (марқұм) Ресей Федерациясының Батыры атағы берілсін», делінген. ХХ ғасырдың соңында Ресей жарты ғасырдан бұрын Сталинград түбінде ерлікпен қаза тапқан нақты кеңес жауынгерін кенеттен еске алып, оны енді жаңа мемлекеттің ең жоғарғы наградасымен марапаттауының өзі түсініксіздеу еді.
Оқиға былай болған. 1943 жылдың 21 қаңтарында Сталинград түбіндегі Новая Надежда хуторының жанында 91-бригаданың лейтенант Алексей Наумов басқарған КВ танк экипажы неміс фашистерімен тең келе алмайтын жағдайда соғысып жатты. Оның құрамындағылар – кіші сержант Петр Норицын, аға механик-жүргізуші Павел Смирнов, кіші сержант, радист Николай Вялых, сержант, оқ беруші Феодосий Ганус. Күні бойғы жан алып, жан беріскен текетіресте осы бес жігіт жаудың бес танкісін, он жеті пулеметін жояды. Ұрыс бірде үдеп, бірде басылып тұрды. Ақырында жаумен жалғыз алысқан танк істен шықты, жауынгерлер әбден қалжырады. Қараңғылық түсті. Экипаж тапсырманы орындады, олар техникасын тастап, кейін шегінуіне де болар еді. Бірақ бұлардың әлі қару-жарағы, оқ-дәрілері болғандықтан ұрысты жалғастыра береді. Немістер істен шыққан танкті қоршап, тұтқынға түсуін талап етті. Танкистер бұған жауап ретінде таза неміс тілінде «Russen ergeben sich nicht!» («Немістер берілмейді!») деген. Фашистер орыс танкіне жанармай құйып, өртеп жібереді. Келесі күні Новая Надежда хуторы азат етіліп, қаза болған танкистер далалық алқаптағы бауырластар зиратына жерленеді.
91-танк бригадасының қолбасшысы полковник И. Якубовский бес танкисті Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады. Бұған Әскери Кеңес мүшесі генерал-майор К. Телегин мен әскер қолбасшысы армия генералы К. Рокоссовский де қол қояды. Төртеуі батыр атағына ие болады, ал Феодосий Гануске берілмейді. Себебі – неміс.
Ф.Ганус қазіргі Астана қаласының іргесіндегі бұрын Сенокосное деп аталатын елді мекенде 1912 жылы жер өлшеуші неміс отбасында туған. Комсомолдық жолдамамен Новокузнецк металлургия комбинатына барады. Сонда өзі сияқты Клавдия Козлова деген комсомол қызға үйленіп, тұңғыш баласы туған соң әйелінің туыстары тұратын Липецк қаласына көшеді. Соғыс басталысымен-ақ әскери комиссариатқа барып, қысқа мерзімді танкистер дайындайтын курсты аяқтап, Новолипецк металлургия комбинатында жұмыс істеп жүрген жерінен майданға аттанады. Клавдия төрт баласымен үйінде қалады.
1941 жылғы 8 қыркүйектегі Сталиннің бұйрығымен (№ 35105) майдан мен тылдағы Қызыл Армияның бөлімшелерінен, академияларынан, әскери оқу орындарынан және мекемелерінен неміс ұлтының қатардағы және басшылық құрамындағылар түгелдей аластатылып, оларды ішкі округтар мен құрылыс бөлімшелеріне жіберу көзделген болатын. Ал майдан шебі Еділ жағалауына жақындап, маман әскерилер жетіспей жатқанда мұнымен кім есептесіп жатты дейсіз. Феодосий Ганустың әскер қатарында қалып, Сталинград майданына қатысуын тек осындай себептермен түсіндіруге болады деп ойлаймыз.
Міне, осы оқиғаны он жыл бойы зерттеген соғыс ардагері П.Дунаевтың «Ганустың ісін» Кремль деңгейіне дейін көтеріп, әділеттілікке қол жеткізе алуы ізгілікті қадір-қасиеттің, адамгершіліктің айқын үлгісі болары сөзсіз.
Амантай КӘКЕН, журналист.
Астана.