• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
11 Мамыр, 2011

Сөгетіліктер ардагерлерін әспеттеді

402 рет
көрсетілді

Еліміздің барлық өңірінде 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған іс-шаралар өтті. Көктемнің шуақты күні алдыңғы толқын аға мен кейінгі толқын ініні дидарластырып, бірі өткен күндерден естелік айтса, екіншілері ұйып тыңдады. Сондай бір әдемі жүздесу Сөгеті ауылында да болды. Ардагерлер кеңесінің төр­аға­сы Әлміш Қошақаев соғыстың сұрапыл жылдарындағы батыр ұлдар мен батыл қыздар туралы айтып, солардың күн санап азай­ып бара жатқанынан, қазір кей ауыл­дарда мүлде қалмағанынан, тыл­дағы еңбек те майданнан кем болмағанынан дәлел-дәйектер кел­тірді. Ауыл әкімі А.Қаша­ға­нов соғыс және еңбек ардагерлеріне арнайы аллея жасалатынын, оның жоба-жоспары әзір тұр­ға­нын, бұл өткен ұрпақты мәңгілік естен шығармау үшін атқары­ла­ты­нын жеткізді. О.Жандосов атын­дағы мектеп оқушылары алуан түрлі өнерлерін ортаға салып, спорттық ойындарын көрсетті. Санаулы қалған соғыс және еңбек ардагерлеріне ауылдан тү­леп ұшқан қазақ спортының айту­лы өкілі Ермұрат Қай­ыпжанов, кәсіп­кер Сәкен Әбді­қалиев, өзге де азаматтар сый-сияпат жасады. Ұлт­тық ат спор­тын жаңғыртып, 5 командадан тұратын көкпаршылар арасында сайыс өткізіп, бағалы сый­лықтар тапсырды. Алматыдан арнайы кел­ген «Бауыржан-шоу­дың» әр­тіс­тері өнер көрсетіп, жи­ылған жұртты бір серпілтіп тас­тады. Сол секілді еркін күрестен Қазақстан чемпионы, 10-сынып оқушысы Ұлболсын Қожабердінің таяуда Түркияда өтетін әлемдік жарысқа алған жолдамасының жол шы­ғы­нын ауылдан шыққан, еліміздің әр өңірінде тұрып жатқан сан түрлі сала мамандары көтеріп, қомақты қаржыны ақжол тілеп оның қолына тапсырды. Сүлеймен МӘМЕТ. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы.