Айдыны шалқыған асау толқынды Іле өзенінің жағасына қоныс тепкен Қапшағай қаласы өткен жылы қырық жылдық белесті артқа тастады. Өткені мен бүгініне баға берген алыс-жақыннан келгендер тартымды әңгіме қозғап, мәре-сәре болды.Халқымыз «Елу жылда ел жаңа» деген сөздің риясыз шындығына осылай көз жеткізді. Сол кезде аймақ қазіргідей қайнаған тіршіліктің ортасы емес, өмір-өзен өз ағынымен баяу өтіп жатқан-ды. Оның өзгеру себебі былай басталған.
Ел экономикасының стратегиялық бағдарында энергетика саласын дамыту кезек күттірмес міндеттердің біріне айналып, қаланың тарихи құрылысы саналған жасанды Қапшағай теңізі ғана емес, Алматыға серіктес Қапшағай шаһары шаңырақ көтеріп, іргетасы қаланған. Бүгінгі шаһарлықтардың өмірі осы қаламен етене болғандықтан, оның қол жеткізген биігін көз алдымыздан өткізсек, әрине көңіл толып, марқаяды.
Жетісу арқылы созылған ұлы Жібек жолының бір бөлігі қазіргі Қапшағай аумағындағы Іле өзенін кесіп өткені белгілі. Жүз жылдан бері осы өткелдің жағдайы көп өзгермеген. Бұл туралы П.Семенов-Тяньшанский мен Ш.Уәлихановтың күнделіктеріндегі жазбалары куә болады.
1853 жылы топограф Сонин өзен арқылы өткел ретінде және әскери бекініс құрылысын салуда осы жерді таңдапты. Күзет және қызмет көрсету мақсатында гарнизон құрылса, кейіннен кентке айналған. Тұрақты көпір салу туралы мәселе ертерек көтерілген. Кент қызметкерлері өзеннен өткізу қызметінен бөлек, өзен бойымен кеме қатынасын да жолға қояды. Бұл Іле өзенінің басы мен аяғы аралығындағы елді мекендермен, тіпті көршілес Қытаймен де сауданың дамуына мүмкіндік туғызғанын содан бергі уақыт саралап отыр.
Кеңес кезеңінде жаңа заманға бейімделген ілеліктер балық аулаумен, кеме қатынасымен, құрылыс жұмыстары үшін қамыс шабумен айналыса бастаған. Қапшағай шатқалында су электр стансасын салу идеясы сонау 1942 жылы басталса, 60-жылдардың басында «Гидропроект» бүкілодақтық жобалау-іздеу және ғылыми-зерттеу институтының қазақ филиалында Қапшағай ГЭС-інің жобалау жұмыстары толық аяқталады. Құрылыстың бас мердігері «Ертіс ГЭС Құрылыс» тресі саналса, құрылысшылар 1963 жылы Шығыс Қазақстаннан, Ертіс өзеніндегі Бұқтырма ГЭС-інің құрылысынан келген еді.
Бүкілхалықтық сипат алған құрылысты салушылар көп ұлттың өкілдерін құрады. Қала мұрағатында сол кездегі ГЭС құрылысшыларының комсомолдық жолдамалары сақталған. Жұмыс өте ауыр болғанымен, жастардың теңіз жағасындағы қаланы көру, оған үлес қосу арманы бәрінен жоғары тұрғанын атап айтқан жөн.
Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде кешегі кемел тарихы, бүгінгі көрікті келбетімен келешекке жарқын жол салған Қапшағай талай ұлттың, талай ұрпақтың өкілін құшағына алып, жылдармен бірге есейді. Осы жерде ГЭС бой көтергенде Қапшағай қаласы елдің стратегиялық маңызды нысаны және республикада экономикалық-стратегиялық мән-маңызы бар құнды жобалардың қатарын құрады, әрі бірегейі екенін дәлелдеді.
Елбасының жыл сайынғы жолдауларындағы тапсырмаларды орындауда қапшағайлықтар ерекше қарқынмен еңбек етіп келеді. Қапшағайда өндіріс пен құрылыс-құрастыру жұмыстарының көлемі өсіп, жаңа кәсіпорындар іске қосылуда. Негізгі капиталға инвестиция тарту үшін Қапшағай шаһары, Заречный және Шеңгелді округтеріндегі өнеркәсіптік-индустриялық аймақты дамытуға арналған іс-шаралар жоспары мақсатты түрде жүзеге асырылғаны осының айғағы.
Инвестиция тарту жағынан да шаһар қолайлы аймақтар қатарынан табылады. Жыл сайын негізгі капиталға жиырма миллиард теңгеге дейін қаржы тартылған. Қысқа мерзімде «Арна» өнеркәсіптік аймағында «IAG Trade» балық өңдеу кешені мен металл құрылымдарын жасайтын «Ilno group» зауыты пайдалануға берілген. Көкөністі өңдеп, тұтынушыға ұсынатын кешен жақын күндері іске қосылмақшы. Жылу оқшаулау тақтайшаларын өндіретін «Пеноплекс» зауытының екінші кезеңін іске қосу жоспарланса, электр қосалқы стансаларын шығаратын «Электрқалқан» зауытының құрылысы бітудің алдында.
Қапшағайдың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту мақсатында Алматы қоршау құрылымдары зауытының жанынан базальт талшықтарын өндіретін кәсіпорын құрылысын жүргізу жоспарланған. Мұның бәрі айналып келгенде жаңа кәсіпорындарды іске қосу нәтижесінде өнеркәсіп көлемінің артуына мүмкіндік туатынын көрсетеді.
Құрылыс саласында қырықтан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Оларға жаңа құрылыстарды, ескі нысандарды қайта салу мен жөндеу, сейсмокүшейту жұмыстарын жүргізу жүктелген.
Аймақта мыңдай шағын және орта бизнес нысандары жұмыс істесе, қала бюджетіне 639,1 млн. теңге қаржы түсті. Онда 10 456 адам еңбек етеді. Жыл басынан бері 3195,3 мың теңгенің өнімі тұтынушыға жол тартты. Аталған саланың дамуына өзіндік үлестерін қосқан кәсіпкерлер қатары толығып, өнім сапасы да жоғарылай түскен. Соңғы жылдары Қапшағай қаласы тұрғындар мен туристерге ыңғайлы, көрікті де жасыл қалаға айналып келеді. Мұндай жұмыстармен «Қапшағай Көркейту», «Қапшағай Жылу», «Қапшағай су құбыры», «Қамқор» коммуналдық кәсіпорындары айналысып, шаһардағы экологиялық ахуалды жақсартуға үлестерін қосып отыр.
Ауыл шаруашылығын дамыту, гектар берекелілігін арттыруда 275 өндірістік кооператив пен шаруа қожалықтары, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ізденіс танытып отыр. Осылайша 73,9 мың гектар жер тиімді пайдаланылуда.
Қаламызда өткен жылы жүргізілген «Жол картасы» бағдарламасы тиімділігімен ерекшеленді. Оны жүзеге асыру негізінен әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық салалардан басталды. Әлеуметтік жағынан жаңа жұмыс орындарын ашу және мамандығы бойынша қазіргі уақытта жұмысқа орналаса алмаған кадрларды қайта даярлау өте тиімді болды. Қапшағайлықтар үшін «Жол картасы» жаңа мамандық алудың мүмкіндігіне жол ашты және жүздеген адам өз кәсіптерінен нәсіптерін тауып отыр.
Уақыт өткен сайын қаланың кескін-келбеті өзгеріп, сәулеттене түскен. Бағдарлама аясында қала жедел көгалдандырылып, жасыл желекпен көмкеру, безендіру мақсатында жол бойы, базарлар, мәдениет және демалыс нысандарына саялы ағаш көшеттері отырғызылып, экологиялық ахуалдың өзгертуге негіз қалануда.
Қапшағай жағалауында туризм индустриясының қарқынды дамуына мүмкіндік мол. Жаңа демалыс аймақтары салынды. Ақылы туристік-экскурссиялық қызмет көлемі шамамен үш жүз миллион теңгені құрады. Жағалауда 250 база орналасса, олардың көбі тұтынушы мен демалушыларға кеңейтілген қызмет түрлерін көрсетіп келеді.
Ойын бизнесі – қала бюджетін толтырудың бір көзі десек, асыра айтқандық емес. Жағалауда ойын-сауық орталығы жұмыс істейді. Қапшағайда 23 казино салынады деп болжанса, бүгінгі күні онға жуығы жұмыс істеп тұр.
Тарихын жетпісінші жылдардан бастаған қала талай уақыт белестерінен осылай асты. Бір кезде комсомолдық жолдамамен келген жиырмалардағы ұл-қыздар бүгіндері қаланың құрметті ардагерлері атанған. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңындағы еңбек үрдісі жаңа екпінмен жалғасуда. Жас ұрпақ тәрбиесі, халықтың рухани-мәдени дамуына жол ашылғанын да айтқан абзал. Елжандылық бағыттағы бастамалар да өміршеңдігімен айқындалуда. Шаһар тарихы – әкелеріміз бен аналарымыздың, онда тұратын әрқайсымыздың тарихымыз. Осы алтын арқауды жалғастыру бүгінгі ұрпақтың міндеті.
Кешегісіз келешектің болмайтынын ескерсек, өткенімізді саралап, таразыдан өткізіп, келешекке үлкен үмітпен қадам жасайтынымыз ақиқат. Демек, қаланың келешегі кемел, халықтың ертеңі нұрлы деуге болады.
Наурызбай ТАУБАЕВ, Қапшағай қаласының әкімі.